Дін саласындағы мемлекеттік реттеудің сапасын арттырып, бірқатар мәселелер шешімін табу үшін Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017–2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы Елбасының Жарлығымен бекітілді. Министр Н.Ермекбаев құжаттың Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауының бағыттарына және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына толығымен сәйкес келетінін мәлімдеді.
Аталған заңнамадағы толықтырулар мен өзгерістер уақыт талабы мен министрлікке тұрғындар тарапынан арнайы келіп түскен өтініштер мен шағымдар негізінде туындаған. Онда жастардың шетелде діни білім алуы, олардың құлшылық орындарына баруы, қыз-келіншектеріміздің қазақы болмысымызға жат қара жамылып, тұмшалануы, шолақ балақ, ұзын сақал, заңды неке т.с.с. бірқатар мәселелер қарастырылуда.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жастар діни білім алу мақсатында шетелдік оқу орындарына көптеп барғанын білеміз. Шетелден білім алған жақсы әрине, жастардың жан-жақты шыңдалуына жақсы тәжірибе бірақ, дәл діни білім алуға келгенде қауіптенуіміз орынды. Себебі, шетелде діни білім алған жастар қауіп көзіне айналуда. Дін үйренемін деп кетіп, олардың діни танымын, діни тәжірибесін, сол елдердің ұлттық мәдени құндылықтарын алып келуде. Ең өкініштісі, сол идеологияны өздерімен бірге елге әкеліп, басқа жастардың санасын улауда. Ендігі аралықта өскелең ұрпақтың шетелде діни білім алу мәселесі мемлекет тарапынан реттелетін болады.
Нақтырақ айтқанда, заңнамалық өзгерістер шетелде діни білім алғысы келетіндер үшін бірқатар талаптар қарастырмақ. Қазақстанда жоғары діни білім алған мамандар ғана шетелде діни білім ала алатын болады. Яғни діни сауаттылық деңгейі қалыптасқан тұлғаларға ғана рұқсат беру арқылы біз жастардың және қоғамның діни қауіпсіздігін қамтамасыз етпекпіз.
Себебі, әлі оң-солын танып үлгермеген жастар көрінгеннің жетегінде кетуі мүмкін. Сондықтан жуырда бекітілген Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы қазіргі кездегі қордаланған көптеген мәселелерді шешуге бағытталған. Дін саласындағы мемлекеттік саясат, заңдар, діни бірлестіктердің қызметі, діни білім алу, жасөспірімдерді қорғау, ішкі және сыртқы қауіпсіздікті сақтауға бағытталған. Жалпы Қазақстанда көршілес елдермен салыстырғанда жастарға қолдау көрсететін әлеуметтік жобалар қатары көп.
Елімізде теріс діни ағым өкілдеріне қатысты әйелдердің арасында қара киім киіп, тұмшаланған немесе бет-жүзін толық жауып жүргендері бар. Бұл біздің дәстүрімізде, қазақы болмысымызда болмаған дүние. Қоғам оларға сенімсіздікпен, күдікпен қарайтыны жасырын емес. Соның салдарынан, әлеуметтік қарым-қатынастар бұзылуда, сондай-ақ шиеленістерге әкелуі мүмкін жікшіл топ пайда болады.
Бұл құбылыстар кез келген қоғам үшін өзекті мәселеге айналғаны рас. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау іс-қимыл шаралары аясында әйелдердің бет-жүзін толық жауып жүруі құқық қорғау органдарына адамдарды тексеру, олардың жеке басын анықтау кезінде қиындық тудыратыны анық. Сол себепті дін саласындағы заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар негізінде әйелдерге қоғамдық орындарда бет-жүзін толық жабатын киімдер киюлеріне тыйым салынбақ.
Заңнамалық өзгерістер діни неке мәселесін де назардан тыс қалдырған жоқ. Бүгінгі таңдағы діни тұрғыда қиылған некелерді толыққанды заңды неке деп айту қиын. Дін өкілінің қатысуымен ғана қиылған некенің заңды күші болмағандықтан, күйеуі үш рет «талақ», дей сала отбасының түгел ауыртпалығын нәзік әйелдің иығына артып, барлық жауапкершіліктен оп-оңай жалтаруда. Ал некенің заңды күші болмаған соң, жас қыздарымыз еш құқығын даулай алмастан қала беруде. Заң жүзінде тіркелмеген некенің сұрауы да жоқ болғандықтан, заңды некесіз туылған балалардың әкелерінен алимент ала алмай, ал ажырасқан әйелдер басқа да заңды құқығын талап ете алмай жатқан жайлары бар. Осының салдарынан соңғы жылдары шаңырағы шайқалып жатқан талай жас отбасы мен жиырмаға жетпей жесір атанып жатқан қыз-келіншектер мен тегі кімнен екендігі белгісіз балалардың саны артуда. Осы ретте діни ғұрып бойынша ғана некесін қиып, ресми түрде тіркеуге тұрмайтын азаматтарды жауапкершілікке тартуға байланысты заңға енгізіліп отырған өзгертулер мен толықтырулар мемлекеттің тірегі – отбасы құндылықтары мен әйел, бала құқықтарының сақталуына үлкен ықпал болары анық.
Бұл бастаманы тыйым салу, шектеу дегеннен гөрі реттеу дегеніміз орынды, себебі тыйым салу демократиялық қоғамнан гөрі радикалды ұйымдарға тән құбылыс. Олай дейтінім, діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнама ең алдымен азаматтардың құқықтарын сақтауға ықпал етуді және дінді экстремистік және басқа да деструктивтік іс-әрекеттерге қолдануды болдырмау мақсатында құқық нормаларын орнатуды мақсат етіп отыр.
Өзге көршілес елдермен салыстырғанда елімізде тыйым салу үрдісі анағұрлым аз. Адамдардың жеке наным-сенімдеріне, ұстанымдары мен көзқарастарына тыйым салынбайды, егер оның іс-әрекеті заңға қайшы келмесе, ал керісінше болған жағдайда оған шектеу қойып немесе толық заңмен тыйым салынуына мемлекет толық құқылы.
Мәселен, қазіргі кезде қоғамда псевдосалафизм сынды деструктивті ағымға тыйым салынуы керектігі жайлы жан-жақты талқыланып жүр. Мемлекет бұл ағымды деструктивті деп танығанмен, кейбір елдерде қалыпты болып танылады. Оған заңмен тыйым салынбау себебі ол ұйым емес, ол теріс болса да көзқарастар, ойлар, сенімдер жүйесі. Әрбір діни топтармен жұмыс жасай отырып, олардың заң аясында қызмет етуіне ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етіп, алдын алу көзделеді.
Осыған байланысты дін саласындағы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасы ақпараттық-түсіндіру іс-шаралар кешенін, кеңес беру, бейімдеу және оңалту қызметтерін қамтамасыз етеді. Көптеген білікті сарапшылар, теологтар мен имамдардан құралған 300-ден аса ақпараттық-түсіндіру тобы осы жұмыстарды түсіндіруге білек сыбана кірісіп, ауқымды іс-шаралар атқарылуда.
Бірлескен қарқынды жұмыстар бүгінде өз жемісін бере бастады. Мәселен, жат ағым жетегінде кеткендер қатарының азайғаны байқалады. Өткен жылдармен салыстырғанда Сирияға кетіп жатқандар жоқ.
Дін рухани қазына, алайда қазіргі заманда бізге қандай дін керек деген сұрақ туындайды.
Бізге білім мен ғылымға негізделген дін қажет. Осы кезде білім іздеп, ғылым үйренем деген жанға жол ашық. Елімізде азаматтардың сапалы білім алып, білікті мамандар қатарын толықтыруы үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Осы мүмкіндіктерді толығымен пайдаланып, жан-жақты білім алудың өзі құлшылық екенін жастардың санасына сіңіру керек.
Жалпы адамзат тарихында діни сенім мен ғылыми таным қашанда қатар жүрген. Біз бүгінде ғылым мен білім, жаңа технологиялар көз ілестірмес қарқынмен дамыған заманда өмір сүрудеміз. Бұл көштен артта қалмаудың бір амалы – әсіредіншілдік, керітартпалық пен жат ағымның жасырын ниетті идеологиясынан арылу. Жат ағым идеологиясымен санасы уланған жастарымыз ата дәстүрді, төл тарихымызды, мәдениет, өркениет, ғылым мен білімді қажет етпей тәрк ету арқылы қоғамнан оқшауланып, ортағасырлық артта қалушылық күйге түсуде. Соның салдарынан теріс пиғылды ағымдар дәстүрлі ислам іліміне, ұлттық ауызбіршілігімізге сына қаққысы келетіндей.
Жете түсінгенге ислам діні ешқашан ғылымға қарсы болмаған. Керісінше оны әрдайым қолдаған. Қазіргі ғылымның дамуына мұсылман ғалымдардың «алгебра», «алгоритм», «цифр» терминдерінің қалыптасуына, механика, оптика, астрономия, медицина саласының қалыптасуына қосқан үлесі зор.
Егер жастарымыз дінді жақсы түсініп, Құранға құлақ асса дін төңірегінде орын алып отырған келеңсіз жайттар орын алмай, ғылымда шарықтап, мәдениетте өркендей түсеріміз анық. Алайда Құран қағидаларынан алшақтап, көзсіз еліктеп, тегінен адасып, қастерлі ұғымдардың қадірі кеткенде кері кету басталады. Ғылым, білім артта қалып, сауатсыздық белең алады. Артта қалу діннің керітартпалығынан емес, керісінше діннен алшақтауда, Құранның өміршең қағидаларын жаңа өмірге сай дұрыс түсіне алмауында.
Мәселен, дінге тек намаз, ғибадат, құлшылық деп қана қарамай, оған өмір, өнер, ғылым деп қарау керек. Ақылға, санаға, ойға еркіндік беріп, білім мен мәдениетті тең алып жүру керек. Абайша айтсақ, «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», дегендей радикализмнен алшақ болып, адамсүйгіштікке жетелейтін идеяны дамыту керек.
Бүгінде әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда, көптеген мұсылман елдерінің көштің соңында қалуы анық байқалады. Оның себебі мұсылман мемлекеттері білім мен ғылымға көп көңіл бөлмеуінде дер едік.
Біз Исламның болмысын бейбітшілік пен мейірімділіктің, төзімділік пен әділеттіліктің, білім мен ғылымның діні ретінде қалыптастыруға баршамыз бірге күш салуға тиіспіз.
Осы турасында, жақында өткен ИЫҰ отырысында Елбасы Н.Назарбаев: «Қазір дамудың жаңа ұйымдастырушылық сатысына өтуге бізге мүмкіншілік бар. Мұны пайдалануымыз керек. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде мынадай жолдар бар: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе, Алла тағала оның жәннатқа бару жолын жеңілдетеді. Таң сәріден ғылым ізденуге және оны оны зерттеуге шығу 100 рәкат намаз оқудан да артық». Осыған байланысты бізге нақты іс-қимыл жоспары қажет. Оның шеңберінде заманауи даму мәселелері жөнінде Ислам ынтымақтастық ұйымының арнайы кеңесін құруға болар еді. Ортақ ғылыми-инновациялық қор құрған дұрыс деп ойлаймыз», деді.
Ғылым мен технологияның дамуы тек бейбітшілік пен тұрақтылық сақталған жағдайда ғана мүмкін екендігін әсте естен шығаруға болмайды.
Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) бір хадисінде: «Нағыз мұсылман басқаларға тілмен де, қолмен де жапа шектірмеген адам», дейді. Шын мұсылманның бейнесі сылдыр сөзінен емес, оның ісінен көрінуі тиіс. Шынайы мұсылман білімді, интеллектуал, өз ісінің шебері, төзімді, өзгені құрметтейтін адам болуы керек.
Айдар ӘБУОВ,
Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының директоры