26 Қыркүйек, 2017

Энергетика саласындағы ахуал қалыпты

965 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл «Электр энергиясы туралы» заңға бірқатар өзгерістер енгізілгені белгілі. Соның арқасында xалық үшін энергияның бағасы төмендеуі тиіс.
«Бізде 140 шағын компания энергия жеткізумен айналысады. Олардың иелігіндегі электр желілері де үлкен емес, ұзаққа созылмайды.

Энергетика саласындағы ахуал қалыпты

Негізі, қуат көздерін тұтынушыға жеткізу саласында осы іспетті шағын компаниялардың көптігі энергияның соңғы бағасына қатты әсер етеді де, бағаның қымбат болуына себеп болады. Қазақстан үшін ол – үлкен мәселе», деді Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Азамат Майтиев конференция барысында. Оның айтуынша, аталған мәселеге байланысты биылғы жылы маусым айында «Электр энергиясы туралы» заңға өзгерістер енгізілген болатын. Аталған құжат бойын­ша қуат көздерін жеткізуге қатысты талап­тар күшейтілді. Осының нәтижесінде шағын компаниялар ірі кәсіпорындармен бірігеді деген жоспар бар. 

«Энергия жеткізу тізбегі барынша қысқаруы қажет. Шығындар азаяды. Демек, xалық үшін электр энергиясы арзандауы тиіс», деп атап көрсетті А.Майтиев. 

Сондай-ақ жиын барысында «ҚазТрансГаз» АҚ трансформация және даму жөніндегі бас директорының орынбасары Ерқанат Темірxанов бүгінде көлік жүргізушілері арасында газға деген сұраныс артып отырғанын жеткізді.

«Әлбетте ірі қалаларда көліктердің газға ауысқаны маңызды. Соның арқасында қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтарды барынша азайтуға болады. Мәселен, Алматыда біз шамамен 400 маршруттық автобус­ты газға ауыстырдық. Бұдан бөлек, Ақтөбе, Шым­кент сияқты ірі қалаларда жұмыс істейміз. Әкім­діктермен арадағы нақты келісім де бар. Олар газбен жүретін автобустарды сатып алады. Біз өз тарапымыздан осы санаттағы көліктер үшін газ құю стансаларын орнатамыз. Қазіргі кезде Ақтөбе 200 автобусты сатып алып жатыр», деді ол. Оның сөзіне қарағанда, автобустарға арналған газ стансаларын орнату кореялық компаниямен бірлесіп атқарылса, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолында осы іспетті газ стансалары ресейлік «Газпроммен» бірге орнатылады. 

Басқосуда Энергетика министрлігі Электр энергиясы және көмір өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Талғат Әбілғазы қазіргі кезде республика бойынша 400-ге жуық көмір өндіру кені бар екенін айта келіп, бүгінде республика бойынша көмір тапшылығы байқалмайтынын, ал Қазақстандағы көмірдің жалпы қоры әлі 300 жылға жететінін сөз етті.

Сонымен қатар, Электр энергетикасы және көмір өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Талғат Әбілғазы Қазақстанның 2030 жылға дейінгі энергияны тұтыну көлемі есептелгенін айтты. Онда ел экономикасының барлық салаларының дамуы, яғни жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы аясында қуат көздерін өндіру мөлшеріне болжам жасалған. 

«Осы болжамға сәйкес, қазіргі электр стансаларының қуаты толығымен жетеді. Жаңа нысандарды салудың қажеті жоқ. Сондықтан энергияны тұтыну жағынан атом электр стансасына үлкен қажеттілік жоқ. Ал баламалы энергетиканы дамыту жағынан ондай құрылыстар қажет. Себебі 2050 жылға дейін біз баламалы энергия көздерінің үлесін айтарлықтай ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Осы орайда атом көмірді алмастыра алады», деді ол. Оның сөзіне қарағанда, әзірше атом электр сансасын салу бойынша нақты жоспар жоқ. Аталған мәселе жан-жақты зерделеніп жатыр. Себебі атом электр стансасы сияқты нысандардың қалдықтары болады. 

Тағы бір мәселе, 2019 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бес ел – Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан мен Арменияның ортақ энергетикалық кеңістігін құру жоспарланып отыр. Айта кетейік, бұған дейін ортақ электрэнергетикалық нарықты құру тұжырымдамасы қабылданған болатын. Ал өткен жылы арнайы бағдарлама рәсімделді. «Қазіргі кезде ортақ энергетикалық нарықты қалыптастыру бойынша нормативтік-құқықтық база пысықталып жатыр. 2019 жылы мемлекетаралық келісімге қол қойылады деген жоспар бар. Аталған құжат ортақ энергетикалық нарықты реттейтін болады», деді Энергетика министрлігі Электр энергиясы және көмір өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Талғат Әбілғазы. Оның сөзіне сүйенсек, ортақ энергетикалық кеңістікті құру бастамасы ЕАЭО келісіміне дейін болған. 2010 жылы Қазақстан, Ресей мен Беларусь арнайы шарттың аясында бір-бірінің электр желілеріне кіруге рұқсат берді. Алайда ол кезде көптеген кедергілер болды. Үш елдің нарығы үш түрлі еді. Қазақстанда электр энергиясы саудасы ашық болса, Ресейде тәуліктік сауда жүйесі жүргізілді. Ал Беларусьте вертикалды монополия болды. 

«ЕАЭО құрылғаннан кейін біз ортақ энергетикалық кеңістікті біртіндеп құруды қолға алдық. Ол үшін арнайы тұжырымдама да әзірленді. Оған сәйкес, қуат көздерінің саудасы үш бағытта іске асады. Біріншіден, екіжақты сауда, яғни екі елдің компаниялары екіжақты келісімшартты рәсімдеп, электр энергияны сау­далайды. Екіншіден, арнайы электронды алаң құрылады. Онда да сауда жасалады. Үшіншіден, екі ел келісім жасасқаннан кейін қандай да бір өзгерістер болса, басқа біреуге беріледі. Енді, бұның барлығы әзірше тұжырымдама күйінде», деді министрліктің өкілі. 

Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов бұған дейін бензин тапшылығы болғанын, алайда қазіргі кезде ондай проблема жоқ екенін мәлімдеді. 
«Шыны керек, шілдеден бастап бензин қоры азая бастады. Дегенмен, импорттың арқасында жағдайдың жақсарғанын байқап отырмыз. Мәселен, соңғы бір аптаның ішінде АИ-92 маркалы бензиннің қоры 120-128 мың тоннадан 134 мың тоннаға өсті. Бұл дегеніміз, барлық мұнай базаларында бензиннің қоры 5 пайызға артты», деді Ә.Мағауов. 


 Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»