27 Қыркүйек, 2017

Аңызға айналар оқиға

836 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ елінің басынан өтіп жат­қан қазіргі оқиғалардың кең ау­қы­мдылығы мен жиілігі сондай, олар­дың бірінен екіншісіне өтіп, байыбы­на барып, маңыздылығын шамалап үлгере алмай жатқандаймыз. Жа­зудан кемдік көрген бұрынырақ ке­зеңдерде мұндай оқиғалар оның қа­тысушыларының жадында жатталып, сонан кейін олардың айтуымен ел ішінде кеңінен таралып, мұның арты бірте-бірте аңызға айналып кететін. 

Аңызға айналар оқиға

Арқа төсіндегі осындай аңызға айналған әңгімелердің бірі Ереймен бауырында өткен Сағынайдың асы туралы болды. Жасы тоқсаннан асып барып қайтыс болған Арқаның атақты байы Сағынайдың асы 1886 жылы өтіпті. Ол асқа 500 ақ үй тігіліп, 500 бұхар кілемі ілінеді. 5 тонна шай әкелініп, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынады.10 мың көрпе-жастық, қонақтарды сыйлауға 500 бұхар шапаны әкелініп, Сібірден 500 бағалы аң терісі жеткізіледі. 20 мың қой, 100 жылқы сойылады. Астың ел ішінде үлкен дақпырт тудырып, артынан аңызға айналуына осыншама аста-төк байлықтың шашылуымен қатар, сол аста 323 ат қатысқан ұлан-асыр аламан бәйге ұйымдастырылып, оған атақты Ақан серінің Құлагерінің қатысуы, бәйге үстінде басқалардан оқ бойы озық келе жатқан тұлпардың сол жарысқа қос жүйрігін қосқан дүмді бай Батыраштың күншілдігімен қастандықпен өлтірілуі, кейіннен бұл оқиғаға арнап қазақтың дүлдүл ақыны Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасын жазуы қосымша себеп болды. Осы оқиға желісін негіз етіп ала отырып, Ақан сері Қорамсаұлының өмірі мен шығармашылығын баяндайтын жазушы Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романы жазылды.

Бұл астан халық арасында «Сағы­най­дың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?!» деген сөз қалып, «бұдан өткен үлкен оқиға бар ма, ендеше сен де оған қатысып қал» деген мағынада әлі күнге дейін айтылып келеді.

Әрине ауыз әдебиетінің өзінің тарихи кезеңін аяқтап, бәрі де жазуға көшкен біздің заманымызда енді аңызға орын бола қоймас. Бірақ ел жадында сақталар ұлы дүбір оқи­ға­лар­дың бәрібір аңыздық құнының сақ­талатындығы анық. Рас қазаққа жазуды меңгерткен кеңестік кезеңде де «Ұлы Октябрь революциясының пәленбай жылдығы», «Тың игерудің 30 жылдығы» деген үлкен оқиғалар өткенімен, бұлардың бәрінен халық жадында сақталар сөз қалмады. Демек, оқиғалардың маңыздылығы да халық жүрегіне жетпеді.

Ел ішінде аңызға айналар ендігі бір ірі оқиға болса, ол кеше ғана аяқталған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі болар деп ой түйеміз.

Егер ЭКСПО туралы деректерге көңіл бөлсек, ол 93 күнге созылды. Оған 115 ел мен 22 халықаралық ұй­ым қатысты. Көрмені  әлемнің түк­пір-түкпірінен 4 миллионға жуық адам тамашалады. Демек, күн сайын 40-50 мың адам келіп тұрған. Көрме кезінде шағын және орта бизнестің 1400-ден астам кәсіпорыны 640 млрд теңгенің тауарларын жеткізу мен қызмет көрсетуге тапсырыс алса, келген қонақтар есебінен туристік әлеуетіміз 1,8 есеге артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайызға көбейіп, қызмет көрсету саласынан түскен салық мөлшері 1,2 есеге өсті. Астана «National Geographic Travel» журналының шешімі бойынша «Болашақ қаласы» деп танылса, The New York Times басылымы Қазақстанды көруге лайықты мемлекет қатарына қосты.

Мұның сыртында, көрме қала­шы­ғында 6 мыңнан астам мәдени шара өтті. Балама энергия көздерінің 140-қа жуық жобасы таныстырылды. Қонақтар мен туристер 178 мемлекеттен келді. Жалпы, ЭКСПО аясында 3500-ге жуық шара өтіп, оған 33 мыңдай әртіс қатысты.

«Бұл көрме Қазақстанның бүкіл әлемге танымалдығы мен туристер үшін тартымдылығын арттырды. Елімізге келген мәртебелі меймандарға халқымыздың қонақжайлығын көр­сетіп, «Болашақ энергия­сы» та­қы­рыбына қатысты бүкіл әлем­нің тәжірибесін өз жерімізде то­ғыс­тыр­дық», деді Елбасы көрменің жабы­лу салтанатында.

Әрине бұл көрменің ел өміріндегі әсерін екшеп, маңызын ашу үшін бір, тіпті он жылдың өзі аздық етер. Өйткені аңызға айналар оқиға ел жадында жатталып, әбден пісуі қажет. Ұрпақ ауысқан сайын ол алыстаған тау секілді зорая беретін болады.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»