Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2017

Биыл елімізде 6,9 млн шаршы метр тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген

63 реткөрсетілді

Кеше Мәжілісте «Нұр Отан» партиясы фракциясының жанындағы комиссияның кезекті отырысы өтті. Депутаттардың өңірлердегі жазғы жұмыстарының қорытындысы бойынша инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы егжей-тегжейлі талқыланған отырыста негізгі баяндаманы Инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр мен «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің өкілдері жасады.

Негізінен, партия фракциясының жа­нындағы комиссияның міндеті – «Тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық инфра­құрылымын, сумен және жылумен жаб­дықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту» бағыты бойынша «Нұрлы жол» инфрақұ­рылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасын іске асыруға Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ұлттық қорынан бөлінетін қаражаттың және бюджеттік қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақы­лау жүргізу. Аталған мәселе осы себепті депутаттар талқысына шығарылған болатын.

Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдар­ла­масы аясында еліміздегі тұрғын үй инфра­құрылымдары жүйесін, атап айтқанда, жылу мен су және кәріз құбырларын қайта жаңғыртудан өткізуге арнайы мақ­сатта қаржыландыру қарастырылған. Ал бұл саладағы жұмыстар нақтыланған екі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Оның алғашқысы – жылу мен су және кә­різ құбырларын жаңғырту. 

Инвестициялар және даму ми­нис­трлігі ұсынған мәліметтерге көз жү­гіртсек, бүгінде жұмыс жоспары бюд­жет­тік несиелендіру және субсидиялау әдісі арқылы орындалуда. Осы мақсатта 2015-2017 жылдар аралығында игерілуі тиіс деп бөлінген қаражат көлемі 203 млрд теңгені құрайды. Нәтижесінде, 332 жоба аясында 3 208 шақырым жылу, су мен кәріз құбыры желісі және 34 қа­зан­дық пен 16 бірлік шаруашылық нысан­дары күрделі жөндеуден өткізілуі тиіс. Сон­дай-ақ екіжылдық бағдарлама ар­қы­лы 1 848 шақырым құбыр желілері жа­ңа­­дан төселіп, су жаңа 21 қазандық пен 12 су сору стансасы іске қосылады деп жос­­пар­ланған.

«Осының ішінде бюджеттік несие­лендіру әдісімен бағдарлама аясында 2015 жылы 60 млрд теңге, 2016 жылы 86,9 млрд теңге игеріліп, 211 жоба жү­зеге асырылып, 1983,7 шақырым инфра­құрылымдық желілер жөндеуден өткізілді. Ал енді бүгінгі таңда табиғи монопо­лия нысандарына бөлінген қаражат көлемі 75,4 млрд теңгені құ­райды, бұл жалпы көрсеткіштің 87 па­йы­зына тең. Енді жыл соңына дейін қал­ған 11,5 млрд теңге (13 пайыз) толық игеріледі деп көздеп отырмыз. Жал­пы, биылдыққа 103 инвестициялық жо­баға бөлінген 48 млрд теңге кері қай­тарып алынды. Осының есебінен алда­ғы уақытта 1 200 шақырым құбыр желі­сін жаңартуды жоспарлаудамыз», деді Р.Скляр. 

Ал енді бюджеттік қаржы есебінен субсидиялау әдісіне келер болсақ, бұл жерде жобалардың жалпы құнының 50 пайызына дейінгі бөлігі ғана мемлекет тарапынан қаржыландырылып, одан өзгесі халықаралық қаржы ұйымдарының  инвестициясы есебінен жүзеге асырылады. 

Осы орайда айрықша атап өтерлік жайт, жоба аясында өңірлердегі тұрғын үй шаруашылығының дамуына ден қойылатындығы болса керек. Биылғы сегіз айдың ішінде республика бойынша 6,9 млн шаршы метр тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 8,4 пайызға көп. Ал тұрғын үй құрылысына тартылған инвестиция көлемі 507,8 млрд теңгені құраған. Сөйтіп салаға қатысты жалпы жылдық жоспардың орындалу көрсеткіші 68 пайыз болып отыр. Бұл жерде межеленген көрсеткіште 10,1 млн шаршы метр баспана салу көзделген көрінеді. Мамандар пікірінше, бүгінгідей қарқын алған жұмыс ырғағына қарап жоспар орындалмай қалады-ау деп алаңдауға негіз жоқ.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Қайран тілім қор болды-ау!..

Руханият • Бүгін, 10:08

Жаңғырық жайлы хикая

Руханият • Бүгін, 10:05

Қаламның қарагері

Руханият • Бүгін, 10:00

Камбэктің драмалық хикаясы

Спорт • Бүгін, 09:46

Толағайлар неге тоқырады?

Спорт • Бүгін, 09:20

Халықаралық әуежай салынады

Аймақтар • Бүгін, 09:12

Дәстүр білген адаспас

Руханият • Бүгін, 09:07

Ұлт газеті ұлықталған күн

Руханият • Бүгін, 08:58

Ұқсас жаңалықтар