Қазіргі таңда біздің ЖОО осы маңызды құжатқа сәйкес көптеген игі шаралар жоспарлап, білім алушылардың ғылым мен білімге бастаған жұмыстарына мұрындық болып отыр.
Осы оқу жылы жастарды ғылымға баулу мақсатында әрбір факультет студенттері арасында іргелі зерттеулерін қаржыландыру үшін арнайы байқау ұйымдастырылды. Университетіміздің Ғылыми кеңесінің шешімімен сәуір айында физика-техника факультеті екінші курс студенттерінің «Аққыш сұйық өнімді өңдеудің жаңа инновациялық әдісі» атты жаңа тақырыптағы жобасы жеңіс тұғырынан табыла білді. Әрине, бұл тұста жобаға жетекшілік жасап әрі бағыт берген факультетіміздің жас ғалымы, философия докторы (PhD), 2016 жылдың «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері Аянберген Қайырбекұлының еңбегін ерекше айтуымызға болады. Кешегі студент, бүгінгі жас ғалым Аянберген өзінің алған білімімен жастар арасында әрдайым бөлісіп жүреді.
Сонымен бірге топтағы әрбір студент осы жылдың аяғына дейін баспадан мақалалар шығарып, зерттеу жұмыстарын толыққанды орындап қана қоймай, ай сайын университет тарапынан қосымша шәкіртақы алып отыратын болды. Бұл бастама жастарды ғылым шыңына жетелеп, олардың осы жолда қажырлы еңбек етулеріне өз үлесін қосатыны сөзсіз.
Сонымен қатар студент жастардың ойларын толық іске асыру жолында 2014 жылдан бері аталған факультетте ар-найы «Студенттердің жобалау-конструкторлық бюросы» да жұмыстарын жүргізіп келеді. Біраз шарулар жүзеге асырылып, студенттер өз қолдарымен жасаған аспаптарын ұсына бастады. Аталған ұжымда жұмыс бес бағыт бойынша қолға алынған. Бірінші бағытта құбырлардың ішінде пайда болған қатты қақтарды тазартуға арналған қондырғы дайындалса, екінші бағыт – «Робототехника» саласы. Арнайы қызмет атқаратын роботтар құрастырылуда. Ал үшінші бағыт бойынша жер астында орналасқан жылу құбырларының тесіліп, істен шығу жолдарын алдын ала байқауға болатын аспап жасалды. Ауыл шаруашылығына өте қажет бидай өнімдерінің ылғалдылығын жылдам уақытта анықтайтын қазақстандық аспап төртінші бағыт бойынша жұмысын жасауда. Ал соңғы бесінші бағытта жел энергиясын өте тиімді пайдаланатын және желдің аз жылдамдығында жұмыс істей алатын Магнус эффектісіне негізделген жел электр генераторының тәжірибелік нұсқасы дайындалды. Бұл нұсқа ЭКСПО-2017 халықаралық арнайы көрмесіне де ұсынылды.
Осы жоғарыда айтылған мәселелердің барлығы біздің университетіміздің тарапынан білім аламын деп келген жастарға көрсетіліп жатқан қолдауды білдіреді. Әрбір ашылған жаңалыққа жұмсалған қаражат ертең еселеп қайтатындығы анық. Бұл Президентіміз Елбасы Н.Назарбаевтың айқындап берген бәсекеге қабілеттілік пен білімнің салтанат құруына әкеледі.
ҚарМУ ғалымдары Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында баяндалғандай, латын әліпбиіне көшу бағыты бойынша да арнайы оқулықтар мен оқу құралдарын дайындау мәселелеріне қарқынды түрде кірісе бастады.
Жастар әрқашан жаңашылдыққа жандары жақын адамдар. Олар бәсекеге қабілетті болу өмір талабы екенін терең түсінеді. Біз тек қана бүгінгі күннің жетістігімен шектеліп қалуға тиісті емеспіз. Егер әрбір маман өз саласында білікті әрі білімді ізбасарларын дайындаса, ол – үлкен табыс.
Бекболат НҮСІПБЕКОВ,
Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың физика-техникалық факультетінің деканы, техника ғылымдарының кандидаты
Қарағанды облысы