– Мемлекет түрлі заңсыздықтармен күресте көмекке келетін «төртінші билік» өкілдеріне қолдау көрсетуге ынталы. «Журналистік этика» нормасы – объективтілік, заңдылық, шынайылық, азаматтардың жеке өмірін, ар-намысын,абыройын құрметтеуге негізделген. Аталған пункт орындалмаған жағдайда жазаға тартылмайды. Соған қарамастан, кейбір БАҚ өкілдері бұл норманы заңға енгізудің қажеті жоқ деп жүр. Біз олай санамаймыз, – деген Дәурен Абаев аталған норманы іске асырудың маңызына тоқталып өтті.
– Неге десеңіз, былтыр Алматыда өткен терракт кезін еске алайық. Қаланы жалғыз террорист басып алды. Санаулы минуттарда-ақ қаншама дақпырт тарады. Осының кесірінен кей бұқаралық ақпарат құралдарында тексерілмеген ақпараттар жарияланып жатты. Бұл жағдай кәсіби қадамға жатпайды. Журналистік этика принциптерін аса күшейту қажет. Осы тұрғыдан келгенде бұл ең елдымен журналистердің беделін артыруға арналған қадам, – дейді министр.
Министрдің айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік ұйымдарға журналистер тарапынан түсетін өтініш он есеге артқан. «БАҚ туралы» заңға енгізілген түзетулердің бірі мемлекеттік органдардың журналистердің сауалына 15 күн ішінде жауап қайтаруына қатысты болатын. Бұл түзетудің анық-қанығын министр былайша түсіндірді:
«Уақыт аз болғаны себепті мемлекеттік органдар немқұрайлы жауап беріп жататыны рас. Әлемдік тәжірибені ескере отырып, сапаны қалыпқа келтіру мақсатында жауап беру мерзімін 15 күнге дейін ұзартуды ұсынып отырмыз. Бұл резонанс тудыратын мәселелерге қатысты емес. Ресми хабарламаға берілетін жауап мерзімін 3 күннен 2 күнге қысқарттық. Яғни, мемлекеттік орган мәлімдеме жасағанда, осыған қатысты журналист сауал жолдаса, оның жауабы екі күннен кешіктірілмей берілуі тиіс», деді ол.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»