Әзербайжаннан келген өкіл Хафиз Джаббаровтың айтуынша, мұндай ортақ оқулық түркі жастарын жақындастыра түседі. Сонымен қатар ол өскелең ұрпақ арасындағы сабақтастық қанат жаятынына сенімін білдірді. «Ең әуелі алқалы жиынды ұйымдастырған Түркі академиясына алғыс айтамын. Ортақ тарих оқулығы жобасы арқылы ата-баба тарихын ұрпаққа жалғастырамыз. Бұл кітап арқасында кейінгі буын өзара экономикалық, мәдени қарым-қатынасын одан әрі байланыстыра түседі. Жаһандану дәуірінде түркі жастарының ынтымақтастығы кеңейе түседі деп үміттенемін», ‒ деген Ғазиз Джаббаров сарапшылар мен ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
Ержиес университетінің профессоры Жевдет Кырпыктың сөзіне сүйенсек, түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы алдағы уақытта да жалғаса береді. Мұндай тарихи сәтке ырзалығын білдірген Ж.Кырпык жаңа оқулық жастарды жақындастыратынын тілге тиек етті. «Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған бұл жоба мені қатты тебірентті. Түбі бір түркі халықтарына ортақ кітап жазылғанына өте қуаныштымын. Бір кездері түркі дәуірі деген заман болған. Алдағы уақытта түркі ғасыры болатынына сенімдімін. Ортақ түркі тарихының жазылуының тиімділігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осындай бастама арқылы жастар бір-бірін жақын тани түсіп, қуанышы мен қайғысын бөліседі деген сенім зор. Бұл жобаға қатысқандарға алғысым шексіз. Олардың еңбегі босқа кетпейтіні анық. Мұндай жобалар басқа салаларда жалғасатынына сенім мол», ‒ деп атап өтті Ж. Кырпык.
Абай Асанкелдіұлы,
"Егемен Қазақстан"