Георгий Гребенщиков есімі біздің елімізде әлі күнге дейін, тіпті кітап оқитын қауымның өзіне де кеңінен мәлім емес. Қазан төңкерісін қабылдамаған ол азамат соғысының алмағайып жылдарында Врангель әскерімен бірге жанындай сүйетін өз отанын артта қалдырды. Осы себептен де оның кітаптары Кеңес одағында басылмады, жазушының аты ұмыттырылды. Соған қарамастан Гребенщиковтің өзінің әлемдік даңқына лайықтылығы титімдей де талас тудырмайды. Ежелден солай.
Андрей Кратенконың «Буниннің бәсекелесі» мақаласында баяндалған бір ғана жайт көп нәрсені аңғартады: «Тумысы Шығыс Қазақстаннан бола тұра, осынау жазушы абырой-атаққа АҚШ пен Батыста жетті, ал туған елінде әлі күнге дейін беймәлім дерлік. Сауаттылықты армандауға да болмайтын, кедейшілік буған алыс түкпірде туған ол Оксфорд университетінің философия докторы атанды. Бүкіл ғұмырын әдеби шығармашылыққа арнады. Орыстың эмигрант жазушылары оны Нобель сыйлығына ұсынды, бірақ ол Иван Бунинмен бәсекелесуден бас тартып, өз кандидатурасын қайтып алды».
Ол жайында Игорь Сикорский тамаша айтқан: «Мен үшін тағылымдық мәні бар әдебиет қана құнды саналмақ. Осы санаттағы аса ұлы жазушылардың арасында екеуін ерекше атаймын: Достоевский және Гребенщиков. Бейбіт уақытта ғұмыр кешкен Достоевский алда келер күндердің сұмдықтарын болжап айтса, біздің қасіретті заманда өмір сүріп жатқан Гребенщиков шығармаларынан біз, бүгінгі күннің барлық ойран-топалаңына қарамастан, үмітті және неғұрлым жарқын болашақтың көріпкелдігін табамыз».
Жазушы туралы айтқанда оған әрдайым қайта-қайта жүгінгің келеді-ақ. Өзінің жоқшылықта өткен, тақсыретке толы балалық шағы туралы ол қалай айтқан десеңізші: «Балалық, бозбала, жастық шақтарым баяғыда өтіп кетті-ау деп мен ешқашан өкініп көрген емеспін. Бәлкім, бұл менің, қаншама қат-қабат тіршілік тауқыметтері қапаландырса да, өзінің бүгінгі өмірін ең бақытты шағы деп есептейтін аз адамдардың бірі екендігімнен болар... Иә, мен өз өмірімді шын мәнінде бақытты деп есептеймін, бәлкім, содан да маған сапалақ сарыуайымшылдық жат болар. Сол сияқты, қолдарында мендегіге қарағанда анағұрлым артық мүмкіндіктері бола тұра, өз өмірін көркем ете алмайтын адамдарға деген аяушылық та маған жат».
Мен өзімді Гребенщиков шығармашылығын зерттеушілер қатарына қоспаймын, жай ғана оның ғажайып талантын жан сала құрметтеушімін. А.Куприннің мынадай пікірі кеңінен мәлім: «Біздің буын орыс әдебиетінің тағдыры үшін уайымдамай, алаңсыз өле берулеріне болады,.. өйткені біздің орнымызды жас әрі дарынды Гребенщиков, Чапыгин және басқалар басады». Жазушы шығармашылығының көлемі де қайран қалдырады.
Зерттеушілері айшықтап көрсеткендей, шетелде ғұмыр кешкен 45 жылда ол орыс және ағылшын тілдерінде 30 томға жуық көркем және көсемсөздік шығармалар, көптеген өлеңдер, ондаған драмалар, әңгімелер, очерктер жазған. Бұл тізбені ол АҚШ-та оқыған 600 дәріспен толықтыруға болады.
Георгий Дмитриевич Гребенщиков Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында дүниеге келген. Оның үстіне, ол бізге жай ғана жерлес емес. Болашақ жазушының әкесі көшпенділер ханының ұрпағы екен. Гребенщиковтің өзі «Жаушы. Помперагтан жолданған хаттар» кітабында әкесі жайында былай деп жазады: «Ол бала кезінен бастап қорлық-мазақтан, ұрып-соғудан көз ашқан жоқ, оны христиан емес деп те жазғырды. Арғы атасы Алтайдың бір ханы болған сияқты, ал атасын орыстар үйірлі жылқымен бірге ұрлап әкетіп, кішкентайынан құлдыққа салған. Міне, нақ осы себептен әкем де жоқшылықтан және шахтердің құлдық қамытынан ешқашан құтыла алмаған». Шығыстан тамыр тартқандығы жазушының бет-әлпетінің азиялық бітімінен де айқын көрінеді.
Гребенщиков өзінің түп-тұқиянын генетикалық деңгейде сезінген. Бір қызығы, Рерих пен Гребенщиков Нью-Йоркте үлестесіп ұйымдастырған баспа қазақша «Алатас» деп аталды. Айтқандай, Гребенщиковтің қазақша еркін сөйлегенін оның көптеген замандастары атап көрсетті, сондай-ақ жазушы шығармашылығын зерттеуші Светлана Царегородцева да соны растайды. Бұл оның көптеген шығармаларынан, ең алдымен «Қарқаралы мещаны» атты этнографиялық очеркінен көрініс тапқан. Иә, Гребенщиков шығармашылығында қазақ тақырыбы айтарлықтай елеулі орын алатындығы сөзсіз. Ол кезінде поляк тілінен Густав Зелинскийдің «Қырғыз» деген поэмасын аударды.
Қазақстанның театр өнерінің қалыптасуында да жазушының еңбегі зор. «Қазақ КСР» Қысқа энциклопедиясындағы (Алматы, 1991) «Театр» мақаласынан мынадай жолдарды оқимыз: «Революцияға дейінгі кезеңде халық өнерінің сахналық дәстүрлері дами қоймады. Ресейдегі 1905-1907 жылдардағы революция Қазақстанның мәдени өмірінде өрлеу туғызды. Г.Гребенщиков сюжет негізіне қазақ халқының тұрмысын ала отырып «Жақсы жігіт» пьесасын (1907), ал Н.П.Анненкова-Бернар ұлттық эпос желісімен «Қамал» драмасын (1908) жазды». Бір айтарлығы, пьеса түпнұсқасында да қазақша «Джаксы джигит» деп аталды. Орысша атауы жақша ішінде «Добрый молодец» деп көрсетілді. Автордың: «Орыс және қырғыз тілдерінде көрсету үшін Ертіс атырабының қырғыз тұрғындарына арнаймын» деген арнау сөзі бар. Пьесаның бірінші бетінде Гребенщиковтің қолтаңбасы: «Менің достарымның ішіндегі ең жақсысы Алексей Николаевич Белослюдовқа. Автор. 1908 жылғы 20 тамыз, Семей қ-сы». Бұл пьесаны 2004 жылы Алматы кітапханасынан жазушы Александр Лухтановтың сілтеуімен Ольга Тарлыкова тапты. Оның 2006 жылы «Медиа-Альянс» баспасынан шыққан «А за строкой мне видится судьба...» кітабында Гребенщиковтің өмірі мен шығармашылығы туралы айтарлықтай ауқымды очерк жарық көрді. Бұған дейін аталмыш пьеса жазушының бірде-бір библиографиялық анықтамалығында көрсетілмеген еді. Сөйтіп, Георгий Гребенщиков қазақтардың өмірінен пьеса жазған бірінші жазушы, Қазақстан тақырыбындағы драматургияның негізін қалаушы болып табылады. Қазақтың төл драматургиясы сәл кейінірек туды – Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы 1917 жылы жазылып, көрерменмен қауышты.
Гребенщиков сынды аса көрнекті сөз зергерінің арқасында бүкіл әлем қазақтардың өмірі жайлы білді. Бір ғасырдан астам бұрын, яғни 1913 жылы ол «Батырбектің хандығы» повесін жазды. Он жылдан кейін бұл шығарма Парижде басылып шықты. «Атақты хан әулетінің ұрпағы қазақ (түпнұсқада – қырғыз – аудармашы) Батырбек салт атпен сақарада салқар әуенді ән салып келеді. Ұшы-қиырсыз көкжиекке, қапталдаса қатар түзеген, қара мойыл бұталары көмкерген көне қорымдарға қарап қойып... ескі дәуренді еске түсірді... Өзі әлі қартайып тұрған жоқ. Бірақ бұрынғы заман туралы Қарабай шалдан естігені көп. Ән де әлденені көкірекке құйып жатыр. Оның мұңды зары сол бір сағынышты дәуреннің сұлбасын салатындай. Оның үстіне, баяғыны қазіргімен салыстырсақ, еңіреп жылағысы келеді: Бұрынғының елесі де қалмаған... Ылғи бір үзік-үзік суреттер...».
Баян осылай басталады. Бәлкім, тікелей жанасым іздеуіміз жараса қоймас. Десек те, автордың өзі хан ұрпағы екендігі туралы деректі алға тартпай тұра алмаймыз.
«Батырбектің хандығы» әрі реалистік, сонымен қатар әрі поэтикалық шығарма. Автор жанына жақын кейіпкерлердің бейнелерін, қазақтың әдет-ғұрыптарын үлкен сүйіспеншілікпен, біліп суреттейді, даланы асқақтата жырлайды.
Жылдар өтті. Өмір өзгерді, дала да өзгерді. Шақырылмаған қонақтар келді. Сұрапыл ауыр кезең туды. Повесте жалмауыз жұттың жантүршігерлік суреттері көз алдыңнан өтеді.
«Дала жантәсілім етердей ыңырсыды... Сахара о шетінен бұ шетіне дейін жұттың мұздатқан суық құшағында қалды. Жайылымдағы жұт құрсауындағы жүздеген мың мал бір-ақ күннің ішінде қырғын тапты, көктайғақта ондаған бақташылар серейіп-серейіп ажал құшты. Үйір-үйір жылқылар мен құлындар бір-біріне жабыса ұйлығып топ-тобымен, саяқтанған кейбіреуі жалғыз-жалғыздан омбы қарда тұрған қалпында тұлып болып қатып қалды. Мұз басып, қарға оранған олар өздерінің тапжылмас өлі тыныштығымен үрей ұялатқан ұсқынсыз мүсіндер көрмесін елестетер еді... Әр жерде аттардың қасында, солардың жалын құшып бірге қатып қалған, құдды сауыт кигендей мұз құрсанып, қарлы шілтермен өрнектелген, тұрған, отырған әмбе жатқан адам мүсіндерінен көз сүрінеді. Күллі далада күні-түні қасқырлардың қырғын тойы болып жатты... Қысқы ұзақ аштықтан арықтап арсиған ызалы қасқырлар жылқы өлекселеріне ашкөздене бас салды, содан бойлары тез ауырлап, жылқы етінің аралында, қан-қан сүйектердің үстінде тоқ басып жатты да қойды...».
Шынын айтқанда, тіпті осынау тақырып жанына әбден жақын саналатын біздің қазақ әдебиетінде де сұмдық дала қасіретінің осыншалықты қуат-күшпен суреттелуін сирек кездестіреміз.
«Көп жерлерде, көк мұз үстінде аштықтан, өнімсіз әрекеттен қажыған жылқылар сұлап-сұлап жата кеткен. Олар енді ешқашан тұрмайды, ешбір дыбыс шығармастан, ешкімге шағынбастан азаппен баяу өледі... Әлі жаны шықпаған оларды жауған қар тірідей көмуде. Сол қарды қалың жалынан және сүйектеріне жалбырап ілінген терісінен сілкіп тастауға олардың әлі келмейді. Мал өлімінің көптігі сонша, жұрт олардың терісін сыпырып үлгермеді. Көпшілігінің ол жайлы ойлауға шамасы да жоқ – байтал түгіл бас қайғы. Есесіне екі аптадан кейін сақараға орыстың алыпсатарлары қаптап келді. Олар ақылға сыймайтын төмен баға беріп, әлі тірі малдың терілерін сатып ала бастады. Онымен қоймай, қазақтарды мүрделердің терісін өз қолдарымен сойып сыпыруға міндеттеді. Қыстауларынан алыста, үскірік аязда осы қиямет-қайыммен азаптанған адамдар дәл қастарында тойлап жатқан әлгі ызалы аш қасқырларға ұқсап кетті. Ақыры серейген жануарлардың терісін сыпырудың қиындығын көріп, ал тірілерінің бәрібір сеспей қататынын білген қазақтар енді тым болмаса терісін алып қалу үшін үйдегі, қораларындағы көтерем сиырлары мен жылқыларын пышаққа іліктіре бастады».
Осы кезде сахараға бір жаңа дүмпудің, көне ғұрыптарға жау ниеттегі әлдебір құбыжықтың қара бұлттай қаптап төніп келіп қалғанын, бұрынғы еркін көшпелі тұрмыстың күні біткенін бәрі сезді. Тіпті мыңдап жылқы айдаған ең атақты хандардың, бай-бағландардың өздері бірді-екілі қарамен жүген ұстап қалғанда бұдан әрі ел қайтіп күн көрмек, не істемек?.. Атты ердің қанатына балайтын қалың халық қауымы жаяулап қалғанда қалай көшеді, не үшін көшеді?..
Батырбек осылай ойлайды. Ханның ұрпағы. Бүкіл рулы елі хан деп әспеттейтін Батырбек. Енді оның күні бітті. Көшпелілер тарих сахнасынан кетіп жатыр. Сахараға басқа қожайындар келді. Олар кез келген күні малын айдап әкетеді, кез келген сәтте жергілікті жұртты ұрып-соғып, қорлай алады. Көп ұзамай Батырбек те тақыр кедейге айналды. Ең бастысы, сағы сынды. Енді аштан өлмес үшін жаңа қожайындарға жалданды. Тапқан-таянған олжасын соларға апарып табыстайды...
«Қартайып еңкіш тартқан Батырбек өзінің хандық түр-тұрпатынан әлі айырылмаған: қой терісінен тігілген жаңа бешпент, түлкі тымақ, саптама былғары етік киіпті. Сөйтсе де, жаман арбаға жегілген әрі ерттеулі алдыңғы аттың шылбырын тас қып ұстаған ол әкелген отын-потынын жаратпай ашуланған піркәншікке жарамсақтана жымиып, өз тілінде айтып жатыр: «Қалай жаман?.. Жақсы – өзім жинадым! Алы-ыс тауға шықтым, тонымнан тамтық қалмады... Бала шықты тауға, қатындар шықты, барлық әулетім шықты – тамақ керек! Қалай жаман?..».
Піркәншікті жібіту үшін ол жұқа ғана аппақ қолымен өзінің кеудесін сипалап, орысша білетін жалғыз сөзін қайталай берді.
– А? Пожалуйста, спасибо! Пожалуйста, спасибо?!»
Әріректе атақты Бекмырза ханның немересі, талдырмаш келген ұзын бойлы Ысқақ ұнжырғасы түсіп салғырт қана тұрды. Бет-жүзі біртүрлі түнеріп, қарайып кетіпті...».
Бұл қайғылы оқиға осылай аяқталады. Осылайша Батырбек хандығының тас-талқаны шығады.
Маған «Батырбектің хандығы» кекесін атау, өйткені, ондай хандықтан ол кезде тамтық та қалмаған еді деген қарсы уәж айтылуы мүмкін. Бірақ бұл олай емес. Әр адамның өз хандығы, өз патшалығы, өз корольдігі бар. Әркім өз әлемінде патша да өзі, хан да өзі, король де өзі. Қазақы ұғымға салғанда, әр адам өз әлемінде өзі би, өзі төс. Адам өзінің осы әлеміне ешкімнің баса-көктеп кіруіне, оны тас-талқан етуіне жол бермеуі керек. Сол жолда қайтпай күресуі тиіс.
Георгий Гребенщиков, тіпті туған елін жоғалтса да, өз әлемін сақтап қала алды, былайша айтқанда, өз хандығын құлатпауға шамасы жетті. Ол мұны нағыз хан ұрпағына тән бекзаттықпен, сөз зергеріне тән тамаша суреткерлікпен жасай білді.
Орыс шетелі үйінде өткен Георгий Гребенщиковтің 130 жылдығына арналған кештің ұйымдастыру комитетінің төрайымы А.Доценко менен өз сөзімде келесі сұрақтарға жауап беруімді өтінген еді: Г.Гребенщиковтің шығармашылығы туралы сіздің пікір-пайымыңыз қандай және оның шығармашылығы қазір көкейкесті деп білесіз бе? Мен сонда бұл сауалға біздің белгілі әдебиеттанушымыз, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шериаздан Елеукеновтің мына сөздерімен жауап қатуды жөн көріп едім: «Гребенщиков тұлғасынан біз өз дәуірімізге айрықша қажетті жазушының үлгісін, шығармалары бір халықты екіншісіне қарсы қоймай, қайта Қазақстанды мекендейтін әртүрлі ұлттар адамдарының дәстүрлерінен, мәдениетінен, өмір салтынан туыстастыратын ортақ нәрселер таба білетін жазушыны көреміз. Осынау берекелі байлықтың тоталитарлық қыспақтан кейін өз мәдениетін қалыпқа келтіріп жатқан қазақ этносы үшін қаншалықты маңызды екендігі түсінікті болар деймін».
Гребенщиков шығармашылығы біз үшін қазақ жерінің сұлулығын асқақтата танытуымен де ерекше қымбат. Әлем әдебиетінде біздің Алтайымызды осынау жәннат жердің перзенті, орыс сөзінің зергері Георгий Гребенщиков сияқты соншалықты шалқар шабытпен жырлаған, соншалықты көркем суреттеген адам кемде-кем. Жасы ұлғайған шағында Георгий Дмитриевич былай деп жазыпты: «Дүниеде неғұрлым ұзақ жасаған сайын, жер шарының елдерін көбірек көрген сайын, көкторғын Алтайдан алыстаған сайын оның толағай жоталары менің көз алдымда айбындана түседі, осынау өлке туралы ойлағанда тілмен түсіндіріп болмас рақатқа кенелемін. Сол себептен де ол жайында таңданып-тамсанбай айта да, жаза да алмаймын... Алтай менің Отаным болғандықтан емес, бүкіл адамзаттың шыққан жері, әлемнің бесігі, жер-жаһанның қоңырауы болғандықтан, атының өзі қоңырау үніндей қуатты һәм ізгілікті болғандықтан – атыңнан айналайын Алтай!».
Сауытбек АБДРАХМАНОВ,
Мәжіліс депутаты,
филология ғылымдарының докторы