Әдетте біз жиі әрі орынды-орынсыз қолданатын «ауадай қажет» сөзі осы мамандық иелеріне қарата айтылған секілді. Иә, бұл кісілер тұп-тура, тікелей ауамен жұмыс істейді. Кәдімгі ауамен, барлығымыз күнде жұтып жүрген. Олар ауаны арнайы құрылғылар арқылы оттегіге айналдырады, оттегі темір баллондарға құйылып, қала мен облыс аумағындағы емханаларға жіберіледі. Оттегі емханаларда өлім аузында жатқан жандарға жаңа өмір сыйласа, сырқаты меңдеген науқастарға қосымша күш-қуат береді. Перзентханалардағы шала туған немесе дене мүшесінде ақауы бар сәбилердің де осы оттегімен тыныстап, жан сақтайтынын жұрттың бірі білсе, бірі білмеуі мүмкін.
Оттегісіз бірде-бір операция жасалмайды
Оқырманға түсінікті болу үшін рет-ретімен баяндайық. Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Қайратбек бір топ журналисті ең алдымен шаһардағы №1 қалалық аурухананың оттегі цехына ертіп келді. Ғимараттың ішіне кіргенде қабырғада арнайы құрылғыларға жалғанып қаз-қатар тізіліп тұрған темір баллондарды көрдік. Баллон ішіндегі оттегі арнайы түтікшелер арқылы аурухананың барлық операциялық блоктарына, диагностикалық қабылдау және жан сақтау бөлімдеріне жіберілетін көрінеді. Емхананың инженерлік қызметінің бастығы Николай Рылский күніне – 20, жылына 700 баллонды сырқаттардың кәдесіне жарататынын, оттегі цехы күні-түні тоқтаусыз жұмыс істейтіндігін айтты. «Оттегісіз бірде-бір операция жасалмайды. Операция үстеліндегі адам осы оттегімен тыныстайды. Бұл оттегі терең тазартудан, айрықша сүзгілеуден өткен өте таза оттегі», дейді ол.
Oxygenium… оңай өндірілмейді
Оттегінің науқастарға қалай жеткізілетінін білдік. Ал оттегінің өзі қалай әзірленеді? Мұны ауаны оттегіге айналдырумен шұғылданатын стансаға келгенде көрдік. Бұл жердегі жұмыс ең әуелі кәдімгі ауаны арнайы құрылғы, яғни компрессор арқылы сорып алудан басталады екен. Содан кейін сорылған ауа минус 130-180 градус аралығындағы температурада мұздатылып, сығымдалып, бірнеше мәрте тазалаудан өтіп, газдалып, оттегіге айналып, темір баллондарға құйылады. Қолға ұсталмайтын, көзге көрінбейтін ауаны оттегіге айналдыру оңай ма? Бұл іспен бір емес, бірнеше адам шұғылданады. Өскемендегі медициналық оттегі өндіретін бірден-бір компания – «Oxy Vita» ЖШС-нің директоры Сәбит Қасымбаев пен оттегі стансасының өндіріс бастығы Олег Пруцких мұндағы атқарылатын жұмыстардың барлығымен мұқият таныстырып шықты. Оттегінің құрамы мен сапасы арнайы зертханада тексеріледі. Мұнда бас сұққанымызда зертхана қызметкері Любовь Жанайдарова шыны ыдысқа құйылған, буы бұрқыраған бір дүниені бөлмеге алып кірді. Бір жағынан таңырқап, бір жағынан шошыңқырап қалдық. Сөйтсек, оттегіңіз осы екен. Ауадан сұйықтыққа айналған. Ара-тұра естігеніміз болмаса, оттегіні кім ұстап көрген? Жарықтықтың түсі көгілдір болады екен. Шыны ыдыстың сырты қысты күнгі үйдің терезесіндей буланып, мидан өтердей суып кетіпті, қол тигізе алмадық. Жалпы бұл стансада өндірілетін оттегі медициналық және техникалық деп екі түрге бөлінеді. Техникалық оттегі дәнекерлеуге, яғни құрылыс, басқа да жұмыстарға пайдаланылатынын айтады мұндағы мамандар. Медициналық оттегіні емханалардан, науқас жандардан бөлек дені сау, қарапайым адамдар да күнделікті пайдалануына болады екен. Бірақ оның да өзінің тәртібі бар. Күніне 15 минуттан артық қабылдауға болмайды. Баллондарын әкеліп, оттегіге толтырып алып кетуді дәстүрге айналдырған қала тұрғындары бар екен. Яғни олар осы жерден ауа сатып алады. Ал онкологиялық немесе өзге де ауруларға шалдыққан жандарға оттегі тегін құйылып беріледі екен. 2000 жылдардың басында медициналық оттегінің орнына техникалық оттегі жіберіліп, №1 қалалық ауруханада қайғылы жағдай орын алып, бір адам көз жұмыпты. «Әрине, бұл – бұрынғы жағдай. Бірақ сабақ боларлық дүние. Өзім бұл жерде 2014 жылдан бері еңбек етіп келемін. Компанияда ұзын саны 25 қызметкер бар. Біздің қызметіміз адам өмірін сақтауға тікелей қатысты болғандықтан барлығымыз да жұмысымызға үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Өйткені шаһардағы барлық науқас жандар мен өмірге сәби әкелген аналар, көптеген нәрестелер біз өндірген оттегімен тыныстайды. Кейде кейбір емханалар «баллон бітіп қалды» деп түнгі сағат 3-те қоңыраулатып жатады. Барамыз. Біздің жұмысымыз осындай. 24 сағат тыным таппаймыз», дейді Сәбит Қасымбаев.
Олар өмір сыйлауға аттанып барады
Стансаны аралап, жұмысымен танысу барысында аппаратшы Ольга Богомоловамен аз-кем тілдестік. Бұл кісінің қызметі – сұйықтыққа айналған ауаны бөлу. Яғни оттегінің медициналық және техникалық мақсатта жұмсалуын айқындайды. Өңі жас көрінетін Ольга Богомолова бірнеше жылдан бері зейнеткерлікке шыққанымен, осында амалсыздан жұмыс істеп жүргенін айтады. Өйткені бұл қызметті әрі қарай жалғастыратын маман жоқ. Мұндай мамандық иелері елімізде мүлде әзірленбейді екен. Сондықтан осы стансада 30-35 жыл еңбек еткен адамдар зейнеткерлікке шықса да, арнайы келіп, білгендерін жас мамандарға үйретіп жатқан көрінеді. Жоғарыда «жас көрінеді» деп айттық қой, оның да себебі жоқ емес секілді. «Oxy Vita» ЖШС-нің директоры Сәбит Қасымбаев бір қызық жайтты алдымызға тартқан. Оның айтуынша, мұндағы қызметкерлер оттегімен күнделікті жұмыс істейтіндіктен иісті өзге адамдардан тез айыратын көрінеді (әсіресе оттегі баллонын толтыратын қызметкерлер) және гайморит, басқа да респираторлық ауруларға шалдықпайды екен.
Түйін
Біз стансадан шығар кезде екі жігіт жүк көлігіне оттегі толтырылған темір баллондарды тиеп алып, қалаға қарай жылжып бара жатты. Көз алдымызға аурухана төсегіне таңылып немесе перзентханада вакуумге салынып өмір мен өліммен арпалысып, келер күннен үміт күткен жандар елестеген.
Расында, оттегі дегеніңіз – ауа, ауа дегеніңіз өмір емес пе? Ендеше, олар адамдарға өмір сыйлауға аттанып барады.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН
Суреттерді түсірген автор