Шымкентте алғыр жастар көп. Әрине, бәрі бірдей емес. Елдік мүдде сөз болғанда жан-жүрегімен беріліп, қара қылды қақ жарып қасқайып тұратындары да, күштілер сөз айтса шыбындаған аттай басын шұлғып, “ләппай, тақсыр” деп тұратындары да бар. Әлі жас қой, түзелеріне сенесің. Қазақтың маңдайына біткен ғажап ақындарының бірі Мағжан Жұмабаевтың “Мен жастарға сенемін!” туындысы қанша ғасыр өтсе де маңызын жоймақ емес. Жастарсыз – болашақ жоқ, бұлыңғыр дүние. Сондықтан да өркениетті елдер өскелең ұрпағының ел келешегін жалғар қуатты буын болғанын тілейді, соған жағдай жасайды.
Осы жастардың бас қосатын “Жастар орталығы” МКК бар. Жетекшісі – Балмаржан Нарымбекова. Жігерлі, бастамашыл қыз. Қоғамдағы болып жатқан өзгерістерге уақытында үн қосып, бағасын беріп отырады. Балмаржан орталықтың бүгінгі атқарып жатқан жұмыстарын баяндап берген.
Осы жастар бір кездері басындағы баспанасынан айырылып қалған. Ел ағалары әдейі жасамаған болуы керек.
«Жастар орталығы» 2007 жылға дейін өзінің «Жастар сарайы» ғимаратында қызмет атқарып келген болатын. Кейін «Жастар сарайы» «Опера және балет театры» болып өзгеруіне байланысты ғимаратты босатып берді.
Осыған байланысты, штаттық құрылымы қысқартылып қиын уақытты бастан кешірді. Өзінің ғимаратсыз күрделі кезеңінде Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2009 жылғы 16 ақпандағы №38 қаулысына сәйкес Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Жастар орталығы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны болып атауы өзгертілді.
2010 жылдың наурыз айында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өткен жоғары және арнаулы оқу орындарының үздік бітіруші, талантты және дарынды жастармен кездесуінде жастар тарапынан бір орталыққа бас қосып, пікір алмасу үшін орталық қажет екені жөнінде ұсыныс айтылған болатын. Облыс әкімдігі тарапынан жастардың ұсыныс-пікірі ескеріле отырып, 2010 жылдың маусым айында Шымкент қаласы әкімдігінің балансынан «Жастар орталығына» ғимарат бөлініп, штаттық кестесін арттыруға ықпал етілді.
«Жастар орталығы» барлық қажетті бөлмелермен және керекті техникалық құралдармен жабдықталған. Түрлі бағыттарда іс-шаралар өткізілетін үлкенді-кішілі бірнеше мәжіліс залдары, қызметкерлерге арналған бөлмелер бар. Атап айтқанда, жастардың түрлі мерекелік іс-шаралар өткізуіне қажетті «Жастар» пікір-сайыс клубы, «Жастар» баспасөз орталығы, «Жастар» саз студиясы және акт залы жұмыс істейді.
Құрылғанынан бүгінгі уақытқа дейін «Жастар орталығы» мерекелік және мәдени іс-шараларды атқарып келеді. Атап айтар болсақ, кездесулер, дөңгелек үстелдер, пікір-сайыстар, жастар туралы мәліметтер базасын жасақтау, талдау және мониторингтер мен сараптамалар жұмыстары, ұлттық идеологиялық насихат, отансүйгіштік, патриоттық рухта тәрбиелеуге арналған шаралар, конференциялар, акциялар, түрлі бағыттағы консультативтік кеңестер, профилактикалық лекциялар, интеллектуалды ойындар, байқаулар мен фестивальдер және спорттық ойындар, т.б. іс-шараларды өткізуде.
Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша ішкі істер департаментімен бірлесіп қоғамдағы теріс бағыттағы жастар арасындағы адам трафигіне ілесе жүретін нашақорлық пен қылмыс деңгейін төмендету, жезөкшелік пен кәмелетке толмаған қыздар саудасы, діни теріс ағымдарға өтуінің алдын-алу мен құқық бұзушылыққа бейім жасөспірімдерді анықтау және талдау жасау қолға алынды. Жол ережесі және жол қозғалыс қауіпсіздігі туралы жастарға түсіндіру, жастардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және жастардың құқықтары мен бостандықтарын iске асыру мақсатында нақты профилактикалық іс-шаралар жоспары бекітіліп, жұмыстар жүргізіп келеді.
“Жастар орталығы” еш уақытта қол қусырып қарап отырған емес. Әдетте, жоғары оқу орындарын бітірген жас түлектерді жұмыс берушілер баласынып ала бермейді. Балмаржан Нарымбекова “Біз талапты жастардың құжаттарын орталық атынан ұсынып, кәсіби біліктілігін анықтау үшін әңгімелесуді ұсынамыз. Бұл – тиімді тәсіл. Соның арқасында жүзден астам талапкерлердің жұмысқа орналасуына жағдай жасадық”.
Жақында Балмаржан қоңырау шалды. Қазір жастар арасында басқа діни ағымдарға адасып ергендер қатары көбейіп барады. Нағыз мұсылмандықтың жолы осы екен деп хиджаб киіп, бет-ауызын тұмшалап алатындар қатарының молаюы жақсылық емес. Түбінде бір зауалға соқтыратын осы жағдайдың алдын алу үшін бір топ жастар ұйымдарының өкілдері бас қосып, республика жастарына үндеу жарияладық. Экстремистік ағымдардың бет пердесін ашып, жастардың дұрыс жол табуына жәрдемдессек дейміз.
Балмаржан жастармен басқосуда Елбасының Түркістанда ұлт зиялыларымен әңгімесіндегі ойларды темірқазық етіп отырады.
Түркі халқы ислам дінін суфизм арқылы қабылдады. Сопылық ағым байырғы халықтың салт-дәстүр, мәдениетін кеудеден кері итермей, өзіне сіңіру арқылы ислам дүниесінің көкжиегін кеңейтті.
Соның арқасында қазақ өзінің жақсы қасиеттерін, ізгі амалдарын жоғалтқан жоқ. Өсті, өркендеді.
Елбасымыз Түркістанда “Біздің рухани жолымыз, діни танымымыз – Ясауи жолы” деп анық айтты. Иманына кәміл халқымыздың бейбіт тыныштығын діни бостандықты желеу етіп, елімізге кіріп алған саяси ағымдар ел ішін алатайдай бүлдіргісі келеді.
Еуропадағы арандатушы топтардан мол қаржы алып отырған вахабиттік топтар “Аллаға серік қосу” дегенді шығарып, елді алдастырып болды. Дінтанушылар бұл аяттар мұсылмандарға емес, пұтқа табынушыларға арналған. Олар әдейі елді шатастырады дейді. Қазақты қазақ етіп отырған ұлы күш – оның ұлттық құндылықтары мен ұлттық дәстүрлері. Ясауидей хал ілімі, Абайдай толық адам ілімі, Шәкәрімдей ар ілімі жоқ Еуропа елінің еркек еркекке, әйел әйелге үйленіп, рухани азғындап жатқанын көрнекті ғалым ағамыз Мекемтас Мырзахметов тілі, аяғы жеткен жерде айтып, насихаттап жүр.
Біз жастармен кездескенде осындай ағаларымыздың еңбектеріне сүйенеміз. Елбасы бізге дұрыс жолды нұсқады. Елдің болашағына жақсылықпен қараған жандар бұра тартпау керек. Әрине, басқосуда әртүрлі әңгімелер айтылып жатады. Бірақ, біздің жастар – көзсіз көбелек емес. Адасып жүргендері ортамызға қайта оралып жатыр.
Қазақстан жастарының мұраты айқын. Ол – Тәуелсіз Қазақстанның құрылысына Абай атамыз айтқандай, кетігін тауып қалану. Басқа жол мақсатына жеткізбейді. Жастар жетекшісі Балмаржан Нарымбекова осылай дейді. Қанатымен су сепкен қарлығаштай еліме болсын деп жүрген қарындастың ойына біз де қосылдық.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.