Қазақстан • 28 Қыркүйек, 2017

Өзбекстанмен парламентаралық байланыстарды үдету туралы келісімдерге қол жеткізілді

191 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев 25-27 қыркүйекте Өзбекстан Республикасында ресми сапарда болды. Сапар барысында Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиеёвтің қабылдауында болды және өзбек Парламенті қос палатасының басшыларымен келіссөз жүргізді, Сенаттың баспасөз қызметі.

Өзбекстанмен парламентаралық байланыстарды үдету туралы келісімдерге қол жеткізілді

Өзбекстан басшысымен кездесу барысында Қ.Тоқаев Орталық Азиядағы  және одан сырт жерлерде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде Қазақстан мен Өзбекстан байланыстарының ерекше рөлін атап өтті.

Сенат Төрағасы Қазақстан мен Өзбекстанның жан-жақты байланыстарының қазіргі даму қарқынына жоғары баға берді.

«Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың таяудағы мемлекеттік сапары аясында құжаттардың ауқымды топтамасына қол қойылды, екіжақты қатынастардың  жаңа сапалық деңгейі айқындалды», - деп атап өтті Сенат басшысы. Қ.Тоқаев жоғары деңгейдегі кездесулердің екі ел халықтарының ғасырлар бойғы достығы мен ынтымақтастығын нығайта түсетінін айтты. Сенат басшысы сол елдегі қазақ азаматтардың рухани мұқтаждарына лайықты назар аударылып отырғанына ризашылық білдірді. Тек қазақ тілінде білім беретін 164 мектептің болуы оның нақты көрсеткіші екені айтылды.

Қ.Тоқаевтың пікірінше, екі ел парламентшілерінің президенттердің, атап айтқанда, Арал айдынындағы су ресурстарын бірлесе отырып тиімді пайдалануға қатысты бастамаларын іске асыру бойынша жұмыс істеу мүмкіндігі бар.

Қазақстан Парламенті жоғарғы Палатасының басшысы «Қазақстан-2050» жаңғыру стратегиясын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Рухани жаңғыру» және Қазақстанды цифрландыру бағдарламаларын іске асыру барысы туралы Ш.Мирзиёевті хабардар етті.

Қазақстан Сенатының басшысы Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Нигматилла Юлдашевпен және Олий Мәжілісі Заңнама палатасының Төрағасы Нурдинжон Исмоиловпен де кездесті. Парламентаралық үнқатысуды дамыту мен заң шығару жұмыстары саласындағы ынтымақтастық өзбек әріптестермен кездесу тақырыбы болды. Екіжақты негізде де, парламентаралық ұйымдар аясында да парламентаралық байланыстарды үдету туралы келісімдерге қол жеткізілді.