Осы оқиғаға арналған рәсімге қатысу үшін Амстердам қаласынан арнайы Әуезовтің немересі Зифа-Алуа Мұратқызы келді. Ел ақсақалдарының батасымен бой көтерген бұл бақтың болашақта көпшілік көзайымына айналары анық.
Бақ отырғызу кәсібімен ондаған жылдар бойы айналысып келе жатқан Гөзел Құлжабаева ұлы адамдар атындағы бақ ашу идеясының қалай басталғандығы туралы былай дейді: «Францияға алғаш барғанымда, сондағы достарым Наполеонның басына алып барды. Ол жердің үрдісі бойынша, ескерткішке жақындамас бұрын, бес рет басыңды иіп, тағзым етуің керек екен. Сол жерде маған «Айдаладағы француз қолбасшысының аруағына, өзімнің ұлы Абайымның рухына неге тәу етпеймін?!» деген ой сап ете қалды. Елге оралғаннан кейін Жидебайға бардым. Бірақ Абай атындағы бақ ашу жөніндегі ұсынысым жергілікті биліктен қолдау таппай, ойдағы ісімді туған жерімде жүзеге асырдым дейді ол бізге ағынан жарылып.
Орайы келіп тұрғанда айту парыз. Гөзел ханымның демеушілігімен бұған дейін бұл өңірде гүлстандықтар 2011 жылы 2 гектар жерге қарайғайлы бақ, 7 гектар жерге Көктерек бағын, 2013 жыл Халық артисі Нұрғали Нүсіпжановтың құрметіне 5 гектар алма бағын, былтыр 10 гектар аумаққа «Батыр аналар» саябағын ел игілігіне берген еді.
Мұның бер жағында соңғы жылдары Кербұлақ ауданының Басши ауылындағы Райымбек атындағы орта мектеп Нұрым және Аралтөбе ауылдарындағы білім ұяларын, «Бүлдіршін» балабақшасына «Өсімдіктер әлемін » сыйға тартқан да осынау жайсаң жан.
Ендеше Нұрымдағы «Әуезов бағы» түкпірдегі ауылдың көркі ғана емес, берісі – Қазақстанның шөлді шалғайындағы тұрғындардың, әрісі – болашақ ұрпақтың игілігіне айналары ақиқат.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ