Даңғайыр диқан, механизатор, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, бірнеше ордендердің иегері Кәмшат Дөненбаеваның есімі кезінде тек Қазақстан ғана емес, одан да тыс жерлерге мәлім болды. Кәмшат қазақ халқының мақтанышына, жастардың үлгі тұтар тұлғасына айналды.
– Кәмшат апа туралы кезінде журналистер очерктер, Фариза апамыз кітап та жазды, деректі фильмдер түсірілді, ақындар өлеңін арнады. Бірақ ән жазыла қоймаған екен. Осы олқылықтың орнын толтыру көптен ойымда жүретін. Сол мақсатыма жеткендеймін, – деді әннің авторы. «Қазақтың Кәмшаты» әнін көкшелік әнші Рашида Ғалымова орындады. Екінші әнін автор көрермендерге өзі тарту етті.
Бүгінде жетпістің үшеуіне келіп, немерелерінің ортасында жүріп жатқан Кәмшат апаның өнегелі өмірі жастарға үлкен үлгі.
– Көкшелік өнерпаздардың Қостанайға бұл жолғы сапары біздің отбасымызға да ерекше қуаныш сыйлады. Біздің анамызға арналған бір емес, екі әннің тұсауы кесілді. Анамыздың қуанышын, әннің авторына, орындаушысына айтқан алғысын көрермендерге жеткізгім келеді,–деді Кәмшат апаның келіні Ақмарал Дөненбаева.
Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Роза Олжабаева жақсы әннің ел игілігі екенін айта келіп, Кәмшат Дөненбаева туралы жаңа ән алдағы уақытта жастарға арналған шараларда орындалатынын, қостанайлық әншілердің де репертуарынан орын алатынын айтты.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ