Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2017

Өңірде өзгерістер көп

396 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жамбыл облысы соңғы  екі жыл қатарынан әр гектардан 24-25 центнер дәнді дақыл алып, 1 млн 200 мың тонна астық жинаған. Бұл облыста бұрын-соңды болмаған көрсеткіш екен. «Бұрын біз әр гектардан 10-12 центнер алсақ қуанатынбыз. Ал қазір алты жылдың көрсеткішін екі жылда орындап отырмыз», деді Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев. 

 

Өңірде өзгерістер көп

Брифингте Жамбыл облысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында айтылған мін­дет­тер­ді жүзеге асыру жайы мен осы өңірдің әлеуметтік-экономи­калық жағдайы сөз болды. К.Кө­кі­рекбаевтың айтуынша, облыс халқының күш-жігері Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындауға жұмылдырылып отыр. 

Биылғы сегіз айдағы көрсет­кіш бойынша облыс экономи­ка­сының барлық саласында оң серпін байқалған. Алғашқы жар­ты­жылдықтағы жалпы өңірлік өнім 0,5 пайызға артып, 231 млрд теңгені құраса, инвестиция көлемі 0,9 па­йызға өскен. Өнеркәсіп өнімдері көлемі 0,6 пайызға артып, 227 млрд теңгеге жеткен. «Елбасы Жамбыл об­лысына барған сапарында химия өнеркәсібінің әлеуетін арттырып, облыстағы индустриялық жә­не инфрақұрылымдық даму­ға жете көңіл бөлуді тапсырды. Индустрияландыру бағдар­ла­масының арқасында облыста 158 млрд теңге көлеміндегі 53 жоба жүзеге асы­рылды. Соның нәтижесінде 7 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Енді бағдарламаның екінші бес­жылдығында 6 мың жұмыс орнын ашу көзделуде. Биыл 17,3 млрд тең­генің 13 жобасы іске асырылып жатыр. Бұл 1350 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», дейді облыс әкімі. 
Мемлекет басшысының агро­өнеркәсіп кешенін экономиканың жаңа драйверіне айналдыру мін­детін қойғаны белгілі. Осыған байланысты облыс ауыл шаруа­шылығы саласын дамытуға айрық­ша мән беріп отыр. Биыл 104,6 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, оның көлемі 2,6 пайызға өскен. Ауыл­шаруашылық дақылдары алқабы ұлғайтылып, оның көлемі 630 мың гектарға жетіпті. Бұл – былтырғымен салыстырғанда 38,5 мың гектарға артық көрсеткіш. 

Облыс әкімдігі қант қызыл­шасы, жүгері, мақсары, соя ал­қап­тарын ұлғайтуды қолға алып отыр. Биыл қант қызылшасы алқа­бының өзі 9,5 мың гектарға жеткен. «Былтыр 5 мың гектар жерден 116 мың тонна қызылша жиналып, орташа өнімділігі 232 центнерді құ­раған еді. Биыл 180 мың тонна өнім жинап, одан 18 мың тонна қант шығаруды жоспарлап отырмыз. Осы мақсатқа жету үшін Меркі қант зауыты 
1 млрд тең­геге қайта жаңғыр­тыл­ды», дейді К.Кө­кі­рекбаев.

Сондай-ақ облыс әкімі өңірде мал басы көбейіп келе жатқанын айтты. Осыған сәйкес облыс етпен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне жетіп, енді мал өнімдерін экс­порт­қа шығара бастапты. Ет өнім­дерін қайта өңдейтін «Меркі ет», «Оңтүстік халал тағамдары» және «Әулие ата Феникс» құс фабрикасы сияқты кәсіпорындар іске қо­сы­лып, соның арқасында былтыр шет мемлекеттерге 451 тонна ет экспортталған. Енді бұл көрсет­кішті 700 тоннаға жеткізу межесі тұр. 

Жалпы, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында облысқа 15,8 млрд теңге, оның ішінде рес­пуб­ликалық бюджеттен – 6,3 млрд және облыстық бюджеттен 9,5 млрд теңге бөлінген. «Ет клас­терін одан әрі дамыту үшін Мойын­құм, Меркі аудандарында ресейлік «Агрофирма Түрікпен» және ма­лайзиялық «Агростан Фермс» се­ріктестіктері әрқайсысы 3 мыңнан 5 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылайтын кешендер соғуда», дейді облыс әкімі. 

Облысқа барған сапарында Елбасы пайдаланылмай жатқан жерді мемлекетке қайтару мәселесін көтерген болатын. Осыған орай соңғы 5 жылда пайдаланылмай жатқан 553 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталып, мемлекетке қайтарылған. Қазір бұл учаскелерді тиімді пайдалану қолға алынып, 295 мың гектар жер аграрлық салаға инвестиция тарту мақсатында әзірленіп қойыпты. Ал биылғы 8 айдың ішінде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін барлығы 827 гектар жер бөлінген.

Облыстың әлеуметтік мәсе­лесіне де тоқталған әкім жұмыс­сыз­дықты азайту мақсатында бір­қатар шаралар қолға алынғанын жеткізді. Оның айтуынша, қазір облыста жұмыс істеуге қабілетті тұрғындардың 42 пайызы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.

Облыстың білім саласында құрылыс жүргізуге бюджеттен 6,2 млрд теңгеден астам қаржы бө­лінген. Биыл 14 мектептің құры­лы­сы жүргізілсе, оның 4-еуі жаңа оқу жылында пайдалануға беріл­ген. 2010 жылы облыста тек екі жеке­меншік балабақша жұмыс істесе, биыл оның саны 94-ке жеткен. 
Соңғы бірнеше жылда Таразда екі жекеменшік кардио­хи­рур­гиялық орталық ашылған. Олар­дың әрқайсысында жылына 1 мың­ға жуық ота жасалады. Жеке кәсіп­керлер тартудың арқасында 2 млрд теңгеге «Атлетик» көпсалалы спорт кешені тұрғызылып, бұл қаржы жеке инвестиция есебінен тартылған.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»