Үлкен жұмыстың басталғанын көріп отырмыз. Өткен ғасырларға көз жүгіртсек бергісі Алаш, арғысы барлық түркі дүниесіне ортақ тіліміз болған. Түркі тілдес елдер Түрікменстан, Өзбекстан, Әзербайжан кеңес өкіметі тараған 1991 жылдың өзінде-ақ латын әрпіне көшіп, бірқатар қиындықтарға тап болғанын жақсы білеміз. Біз әліптің артын бақтық. Алдымен «экономикамызды түзеп, содан соң саясатқа» кірістік. Енді міне, Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында әліпбиіміздің латын қарпіне көшу мәселесінің нақтылануы, сөз жоқ, тарихи әділеттіліктің салтанат құруы деп білемін. Нәтижесінде, 1940 жылға дейін қолданыста болған латын әліпбиі жаңарып, қайта оралып, кеңестік қызыл империяның отаршылық саясатпен енгізген кириллицасымен біртіндеп қош айтысамыз. Кейбір әріптестерімді кирилл әріптерімен басылған кітаптар, туындылар, ғылыми еңбектерді қайта басу мәселесі алаңдатады. Меніңше одан қорқатын түк те. Қазіргі компьютерлендіру заманының техникалық мүмкіндіктер түрлі көлемдегі мәтіндерді де транслитерациялауға мүмкіндік береді. Бір тілден екінші тілге аудару үйреншікті дүниеге айналғанын интернет қолданып жүрген адамдар жақсы біледі. Заманауи ІТ-технологиялар бұл тұрғыдан біздің жақта.
Жаңа ұлттық әліпби – Қазақстан халқының ортақ таңдауы. Біріншіден, латын қарпі – барлық түркі халықтарының басын қосып, бауырластығымыз бен ынтымағымызды одан әрі күшейте түседі. Екіншіден, өскелең ұрпақтың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне ықпал етпек. Үшіншіден, ең маңыздысы латын әліпбиі – қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде жаңғыртуға жағдай жасайды деп білемін. Өз елімнің патриоты, жоғары санатты ұстаз ретінде латын әліпбиіне өту – заман талабы деп білемін. Бұл өз кезегінде халықаралық аренада Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі мен субъектілігін нығайтады. Біз талай қиындықтарды жеңген дара да дана халықпыз! Бұл жолы да алынбайтын қамал жоқ. Іске сәт!
Мирбол АДАЙӘЛІ,
мұғалім, «Нұр Отан» партиясы «Қошанкөл»
бастауыш ұйымының төрағасы, қоғамдық кеңес мүшесі
БҚО, Казталов ауданы