Қазақстан • 27 Қыркүйек, 2017

Кәсіпкерлік саласында тиімсіз талаптар жойылуда

508 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі күні мемлекет ерікті негіздегі өзін өзі реттейтін ұйымдарды құру арқылы кәсіпкерлік субъектілерін біріктіруге мүдделі. Мұның аясында мемлекеттік қызметтер берілетін міндетті өзін өзі реттеуге көшу тетіктері қамтамасыз етілетін болады. 

Кәсіпкерлік саласында тиімсіз талаптар жойылуда

Бұл шаралар Үкіметке мемлекеттік қызметтерді қысқарту есебінен ықшамдала түсуге мүмкіндік береді. Жоспарланып отырған мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау қызметтерінің санын қысқарту жөнінде мәлімдеген Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин қосарлануына және тиімділігінің болмауына байланысты 114 бақылау саласының 24-ін және 18 қадағалау саласынан 3-еуін жою жоспарланып отырғандығын алға тартады. Оның түсіндіруінше, қосарланатын және мемлекет пен тұтынушының қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін мемлекеттік органдардың 540 бақылау және қадағалау қызметтері жақын күндері жойылатын көрінеді.

«Сәйкесінше Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 30 бабы бойынша әкімшілік істерді қозғауға өкілетті органдардың құзыреті мен баптары жойылады. Сондай-ақ, басқа органдарға Бас прокурор, оның орынбасарлары, облыс, республикалық маңыздағы қалалар, Астана прокурорларының деңгейіне дейін тексеру жүргізуге тапсырма беру құқығына ие прокуратура органдары тұлғаларының тізбесі қысқартылатындығын да атап айту қажет», дейді ол.

Ал енді бүгінгі таңда қызу талқыланып жатқан кәсіпкерлік және кәсіби ортада өзін өзі реттеу институтын дамыту жайы қалай болады және бұл институт кәсіпкерлерге не береді деген мәселеге келсек, оның мәнісі мынадай негізде жүзеге асырылуда.

Айталық, осы күні мемлекет көптеген қызметтерге ие және олардың бірқатарын кәсіпкерлік ортаға дербес реттеуге берудің тетіктері қарастырылуда. Бұл бизнестің олар реттейтін кәсіпкерлік қызмет саласындағы дербес шешімдер қабылдауға қатысуы мақсатында жасалады. Сонымен бірге, мемлекет белгілі бір қызметтерді кәсіпкерлердің бірлестіктеріне беру кезінде бизнесті реттемейді де бақыламайды да. Бұл қызметтерді бизнестің өзі осындай бірлестіктер түрінде жүзеге асырады. Демек, мемлекетке кәсіпкерлердің бұл бірлестіктерінің қызметінің заңдылығын бақылау ғана қалады деген сөз.

Мамандар елдегі кәсіпкерлік саланы реттеудің мұндай әдісі «Өзін өзі реттеу» заңына да сай келетіндігін айтады. Себебі, аталған заңда өзін өзі реттеудің екі түрі қарастырылған: ерікті және міндетті. Осы жерде айрықша атап өтерлік жайт, ерікті өзін өзі реттеу тетігі мемлекеттік реттеумен қатар әрекет етсе, ал міндетті мемлекеттік органдар орындайтын белгілі бір деңгейдегі салалық қызметтерді реттеу заң негізінде жүзеге асырылатын болады.