Алқалы жиында Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын экстремистік идеология өкілдері дін мен дәстүрдің сабақтастығын, осының негізінде қалыптасқан дәстүрлі рухани құндылықтарды жоюды көздейтінін, сондай-ақ, еліміздің зайырлылық қағидаттарына деген қоғамның теріс көзқарасын тудыруды мақсат ететінін айтты.
– Қоғамның радикалдануына ақпараттық кеңістіктің ашықтығы мен жаһандану процестері ықпал етіп отыр. Ал ең бастысы адамгершілік құндылықтардың жұтаңдығынан жастарымыз осындай шалыс қадамдарға барып жатады. Біздің басты міндетіміз – өскелең ұрпақ арасында ақпараттық жұмыстардың тиімділігін арттыру. Түсіндіру жұмыстары кезінде жат ағымдардың мақсаты, олардан келетін қауіп-қатер жан-жақты сөз болады. Ақпараттық жұмыстар негізінен алдын алу және дерадикализация бағытында жүргізілу үстінде. Ал бұл мақсатымызды тиімді орындауда әйелдер ұйымдарының рөлі зор, – деді Берік Арын.
Ол сондай-ақ, елімізде жетекші жоғары оқу орындарының жанынан құрылған «Қыз Жібек» клубтары жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Олар бүгінге дейін қоғамды ұлттық дәстүр мен зайырлылық құндылықтары негізінде тәрбиелеуге септігін тигізіп келеді. Кей оқу орындарында «Сырғалым» деген атаумен де ашылған.
Конференцияда сөз алған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Ғабидолла Оспанқұлов жастарымыздың жат ағымның жетегінде кетпеу үшін еліміздің түкпір-түкпірінде түсіндірме жұмыстары жүргізілгенін жеткізді. Оның барысында бас-аяғы елу мың жасты қамтыған мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылған.
Ал психология ғылымдарының докторы, профессор Ләйла Асылбекова дін жолына ер адамнан әйелдердің қатты берілуі қауіптірек деп есептейді. Себебі, әйел затының радикалдануы өте жылдам деген пікірін алға тартты.
Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан бұл жиын былтыр «Экстремизм мен терроризмнің алдын алудағы әйелдер ұйымдарының рөлі» деген тақырыпта ұйымдастырылған болатын.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»