29 Қыркүйек, 2017

Мұғалім мәртебесі

2341 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қазақтың қаны бір, жаны бір­ жолбасшысы – мұғалім» дейді Мағжан Жұмабаев. Бір ғасыр бұрынғы бағаның бәсіресі биік. За­дында, отарлық түнектен жарыққа ұмтылған сол кездегі қа­зақ қоғамы серкелерінің мұғалім бол­мағаны, бала оқытпағаны, оқулық жаз­бағаны жоқ. 

Мұғалім мәртебесі

Абай һәм Әлихан Бө­кейхан бас­таған ұлттық ой-сананы оятушы пассионарлық қозғалыстың қуаты осы ұлтқа ұстын болған ұстаздықта, ағартушылықта, мұғалімдікте жатыр еді. Мағжанның «Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі. Бірге оқысқан, бірге оқытысқан жылдарымыз бір, жолымыз бір, қазақ мұғалімдері!» деуінде тарихтың таңдаулы үні, мақтанмен айтарлық мені бар. Қазақ оқығандарын қарап отырсаңыз, әрқайсысы әр саланың маманы болса да, оқу, қазақ халқын оқыту деген ұлы мұрат біріктірген, бір жолға салған, бір мақсат табыстырған екен. Осы арнада тоғысқан олар ғажап адалдықпен, іңкәрлікпен еңбек етті. Енді ше, Ахаңның «Оқу құралы», «Тіл құралы», «Әліпби», Міржақыптың бастауыш сыныпқа арналған «Қира­ғат», «Есеп құралы», Мағжанның «Пе­да­гогика», Жүсіпбектің «Тәрбиеге жетекші», «Психология» сияқты сан алуан методикалық шығармаларына зер салсаңыз, жоқтан бар жасаған жанкешті жұмысқа таңғалмасқа әддіңіз қалмайды. Иә, білім мен ғы­лымның алапат жарылысы басталар жаңа дәуірде уақыт Алаш зиялыларын таң­даған еді. Олар осы үдеден табылды. Бұл байыпты да жүйелі толайым еңбек үшін ұрпақтан-ұрпаққа алғыс шеруі жалғаса бермек. 

Сол Міржақыптар «Өзі білу мен өз­гелерге білдіру екі басқа. Білгенін кісіге білдіру, яғни балаларды оқыту өз алдына бір ғылым», деген екен. Яки білгенімізді келе жатқан буынға қаншалықты бере алудамыз деген педагогикалық сауал көлденеңдейді. Сондықтан «Рухани жаңғыру» жо­басындағы білімнің салтанат құруы туралы сөз пассионарлық дүмпудің жаңа жолына, жаңа кезеңіне бастау боларлық бағдар. Бұл міндетте де мұғалімнің иығына артылар жүк ауыр. Соның бірі кеңестік педагогиканың күшейген тұсында қазақ мектептерінің жабылуымен есесі кетіп, есеңгіреп қалған қалалы жердегі қазақ тілінің қайтадан тұғырына қонуы болса дейсіз. Бүгінде де қазақ балаларының орыс сыныптарында оқуының алдын алу өте өзекті. Сондай-ақ аралас және басқа тілде оқитын мектептердегі қазақ тілі пәнінің оқытылу үдерісін жаңа сапалық деңгейге көтеру де маңызды. Оған отандық педагогиканың әлеуеті жеткілікті деп ойлаймыз. 

Қазір үштұғырлы тіл бағдарлама­сының енгізілуіне байланысты мектеп мұғалімдерін ағылшын тіліне оқыту курстары белсенді түрде жүргізіліп келеді. Ағылшын тілін меңгеру курсында оқыған мұғалімдер саны 1,5 мыңнан асты. Осы ретте ағылшын тіліне ашық­тық танытқанда мемлекеттік тілге не­ге ғашықтық танытпасқа деген ой туа­ды. Әлемнің әйгілі оқу орындарын­ бітірген болашақтықтар, елімізде қа­лып­таса бастаған жоғары деңгейдегі дер­бес білім беру ұйымдарының тү­лектері заманауи біліктілігімен қуант­қанымен, Елбасы айтқандай, білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуы тиіс. Ендеше еліміздегі ең қатары көп мұ­ға­лім мамандығының мәртебесін бе­кіткен құба-құп. Финляндия, Оңтүс­тік Корея елдеріндегідей мұғалім әлеует­ті мамандыққа, қоғамның қадірлі мү­шесіне айналуы қажет. Әлеуетті болу үшін әлеуметтік жағдайы жан-жақты шешімін тапса, жаппай болмаса да біліктілік санатына қарай саралап, қолдау қажет сияқты. Яғни мемлекеттік қолдау күшейсе мұғалімдікке бет алушы буынның қатары артады ғой. Мұғалімдер жетіспеушілігі де тыйылады. Сондай-ақ жаңа білім беру жүйесіне сәйкес, ағылшын тілін меңгеру межесіне үш айлық курста жету мүмкін бе деген сұрақ жиі қойылады. Бұл ретте де ынталандыру жолдарын қарастыру түйіннің шешілуін тездетеді. Сауаттылық та зор мәселеге айналды. Мемлекеттік тілдегі оқулықтардың сауаттылығы күмәнді болып тұрғанда, өзге тілдегі оқулық сапасы қандай болмақ? Сондай жағдайда «сауат ашу» сабағы алдымен кімге керек деген қыңыр сауал туады. Әрине, ет пен терінің арасындағы шел іспетті ескі мен жаңаның арасында бір қайнауы кем дүниелер болмай тұрмайды. Осындай күрмеуі қиын мәселелер қаумалаған мұғалімдердің жаңа жүйеге жедел бейімделуінің тетігін табудың бірден-бір жолы – мұғалім мәртебесі. Қазір қайсыбір ата-аналар тәрбиесіне бір сәт үңілмесе де, баласының сотқарлығы мен сауатсыздығы үшін мектеп пен мұғалімге кінә қояды. Мұның да бір ұшығы кешегі көзі жоқ қараңғылықта жолбасшы болған мұғалімнің бүгінгі мәртебесінің заңмен бекітілмеуінен, әлеуметтік пакетпен әлденбегенінен болса керек. 

«Атпаз көрген ат таныр, ұстаз көр­ген хат таныр» дегендей, бар білімнің, бар сынақтың бастауында мұғалім тұратынын ұмытпайық.