29 Қыркүйек, 2017

Кастинг

1191 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейде отандық бір фильмді, не спек­такльді тамашалаған соң, ер­жү­рек қаһарман батырларымызды – шыбықтай нәзік, әлжуаз, ал егде жас­­тағы кісілерді, ақ самайлы аналар мен қарияларды уылжыған жас актерлердің  ойнағанына қарадай қапаланып, «шіркін-ай мұндай кесек тұлғаны ана бір актер сомдағанда, оң жамбасына келіп-ақ тұрған жоқ па?», «Қап, әттеген-ай, мына рөлді түгенше ойнағанда құлпыртып жіберетін еді-ау» деп көпке дейін әлгі олқылыққа опынып жүретін кездер болады. 

Кастинг

ЭКСПО-ға рахмет, биыл бұрын-соңды болмаған небір тамаша тартуларға куә болдық. Елордада халықаралық, дүниежүзілік, республикалық деңгейдегі театр фестивальдары дүркіреп өтті. Бі­рақ бүгінгі әңгімемізде біз көңілге шуақ ұялатқан жарқын сәттерден басқа сон­дағы кей актерлердің өз рөлдеріне сәйкес келмеуі, яғни кастингтегі ақаулар мен әттеген-айлар хақында қордаланған ойымызды ортаға салуды жөн көріп отырмыз. Бұл жерде театрлардың іш­кі кәсіби жұмысынан кінәрат іздеп,  режиссерлердің талғам-таразысына сын тағайық деген ойдан Құдай сақтасын, бірақ «Айтпасаң – сөздің атасы өледі» демекші, өзіміз куә болған келеңсіздеу жайтқа мән бермей, үн-түнсіз қала беруге тағы дәтіміз шыдамады. Және мұныңызға баланың өзін сендіру, иландыру мүмкін болмай жатса, тіпті жаман екен. 

Әншейінде залдың ортасына қарай жайғасып үйренген басымыз бұл жолы қайдан ғана бірінші қатарға жайғасып қалғанымызға қайранбыз. Алдыңғы орында отырудың ерекшелігі, мұндағы ойнап жатқан актерлердің әрбір іс-әрекетін қабағыңмен бағып, жұтқан демі мен тынысына дейін сезініп, өнер әлемінің көшімен бірге өзіңнің де керуенің алға озып бара жатқандай күйге бөленетінің рас. Сосын тағы бір айта кететін жайт, жұрттың алдыңғы қатарға отыруға ұмтылатыны – өздері ғана емес көздері де сөйлеп тұратын кейіпкерлердің жан-дүниесін, жүзіндегі қуаныш пен мұңды, күлкі мен жасты жақыннан тиянақтап көрудің әсері  алабөтен. 

...Сахнада – тарихи драма. Кенет таяғына сүйенген қарт ананың аңыраған азалы үніне жұрт даурығып елең етісті. Неткен ащы, зарлы үн еді. Ауызын айға білеген адуын кемпір жұлқына сөйлеп, кеудесін алға созып-созып жібереді.  Белін бүкшитеді, аяқ-қолдарын ербең-ербең еткізеді. Қарт кісінің кейпін айнытпай сол қалпында бейнелеуге байғұс әртіс бар өнерін салып-ақ әлектенуде. Алайда бірде-біреуі көңілге қонбайды. Шынайы қабылданбайды. Жасанды, жалған екені тайға таңба басқандай көрініп тұр. Неге? Өйткені мына рөлге ойнайтын актерді таңдауда, сұрыптауда қателікке жол берілген. Кілтипан – кастингте. О заман да бұ заман кәрі адамның рөлін уыздай жастың ойнағанын көрдіңіздер ме? Соңғы уақытта бұндай таптаурын үлгіге кәдімгідей өнер ошақтарының тым үйірсектеніп бара жатқаны қандай өкінішті. Әлде әйтеуір түр-түсін ептеп соған ұқсатсақ болды емес пе деген мақсат қоя ма екен шіркіндер алдарына? Түсініксіз. Мұндайларға өз­деріңді аямасаңдар мейлі, тым болмаса қарапайым халықтың не жазығы бар бұл жерде деген сауалды алдарына тосқың-ақ келеді. Жап-жас бойжеткеннің бет-аузын гримдеп, басына ақ кимешек, үстіне көйлек, бешпет кигізіп қойғаннан ол үлкен ел анасына, болмаса тағдырдың талай-талай тауқыметін тартқан өнегелі көреген қарияға айналып шыға келеді дей ме екен-ай. Қазақта: «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деген сөз бар емес пе? Сол айтпақшы, мынадай қадамға олардың не үшін барғанын түсінсек бұйырмасын. Әлде бізде егде актерлер жетіспей ме деген оймен барлай үңілсек, театрлардың, Құдайға шүкір, бұл жағынан бәсі төмен көрінбейтін тәрізді. Бәрінен бұрын осыларды алдыңғы қатарда сынай отырып тамашалаған ауырлау екен. Әлгі кемпір кейпіне енген жас әртіс көненің көзін көрген салтпен әлденені сөйлеп жатыр, бірақ оның үні тым солғын, әлсіз, қарт кісінің қабырғасын қақырата төгілетін ой  қазынасына мүлде ұқсамайды. Байқап қарасақ, дәл мұндай жағдай спектакльдерден жиі қылаң беріп қалып жүр екен. Сонда бұлар неге мұншалық ондай әрекеттерге барады? Жасы үлкен кейіпкердің рөліне лайықты актерлер бола тұра жастар неліктен қа­рияны ойнауға мәжбүрленеді? Рас, біз­де тек жастардан ғана құралған театр ұжымдары бар. Олар қайтеді? Дерсіз, әрине. Мұндай жағдайда не істейміз деп қара аспанды жерге төндіріп шошудың қажеті жоқ. Қазақстанда 56 театр бар. Бұлар бір-бірімен тығыз шығармашылық байланыстағы тұтас ағза іспетті. Ендеше лайықты өнерпазды солардан қолқа салып неге алдырмасқа?! Ол түгілі шетелден арнайы режиссер шақыртып, спектакль қойдырту үйреншікті үрдіске айналып кеткен  жоқ па? Мұның жанында ол не тәйірі? Қайта керісінше, бір-бірімен араласып-құраласудан ұтпаса, ешкімнің ұтылмасы анық... Үлкен кісілердің бейнесін жастар келістіріп ойнап жатса, мұншама ой қозғап неміз бар, әрине? Біріншіден, жас адамның бетін қанша жерден баттастырып гримдегенмен оның ар жағынан кәріліктің белгісі білініп тұрмаған соң, бәрі бекер, еңбегің еш, тұзың сор болмақ. Екіншіден, дауысты, сөзді қайда апарып қоймақсыз? Актердің бәрі Бекжан Тұрыс емес қой, қарияның рөлін дауысымен де, сыртқы бет-әлпетімен де айнытпай сала білетін. Болмаса сахнада кемпірдің бейнесін сомдағанда алдына жан салдырмаған марқұм Құдайберген Сұлтанбаевқа жету қайда дейсіз...