Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2017

Отанның шеті – Нарынқол

2135 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Сөйлете қалсаң, «Бізде керемет жерлер көп қой, әттең, пайдалана алмаймыз өзіміз», деп таусыла тұрса да, бір мақтанып алатын, «бұ жаққа алғаш аяқ бастым» деген жанды көрсе, Тянь-Шанның ұшар басына бір көз тастап қойып «Хан-Тәңірін көре алмайтын болдыңыз», деп иегімен бұлт басып жатқан шың жақты нұсқайтын, сонысымен-ақ біраз нәрсені аңғартып тас­тайтын нарынқолдықтар соңғы күндері алақанын ысқылап бір жаңалық күтіп жүр. «Бұрынғы Нарынқол ауданы жеке бөлініп шықпақшы екен» дегенді кездесе кеткен кім-кімнің де аузы­нан естуге болады. 

Отанның шеті – Нарынқол

«Аудан орталығы жөнделіп жатыр». Тіпті «бөлініп қойыпты, енді әкімнің сайлауы ғана қалыпты», дегенді сенімді айтатындар да ұшырасады. Га­зет­те істейтініңді білгесін, «Не бо­лып жатыр? Рас па өзі?» деп, тіпті тақымдайды. Анығында, сен білгенді өзі де біліп тұр. Сө­зін мақұлдату үшін немесе көңіл демдерлік әйтеуір бір сөз есту үшін ғана сұрайды. Содан соң ғана «Газетіңе жаз, бөлінгені жақсы. Әйтпесе мына түрімен ауыл­да адам қалмайды», деп сынай қарап бір тоқтайды. 

Көпшілік жеке аудан болуды ең алдымен жаңа жұмыс орын­дарының ашылуымен байланыстырады. Одан кейін әрине шалғайдағы аудан орталығына ісі түсіп барған сайын гөй-гөйге басып, «қайран баяғы кезді» жиі көксейтін шеткі ауылдар жол қыс­қартатынына қуанады (ең шалғай орналасқан Сүмбе ауылы мен Кегеннің арасы 135 шақы­рым). Тағы бір мәселе, бұрын да айтылған, ел іші де жиі сөз қыла бастапты білікті ма­мандардың жоқтығы. Анау-мынауға көнбейтін күрделілеу ауруларын қалаға барып емде­тіп үйренген тұрғындар меди­цина төңірегінде көп бас қатыр­майды. Көбінің уайымы – мектеп. «Бізді қойшы, балаларға обал» дейтін үлкендер алдымен оқушының азайып кеткенін айтады. Оқушы неғұрлым аз болған сайын, бәсеке кемиді. Оқу-тоқу ғана емес, балалықтың базары да қайнап жататын мектепте оқушылар бірнеше есеге дейін кеміпті. Сонау бір замандарда әр мектепте 11-шіні орта есеппен үш сынып бітіріп жататын. Әр қайсысында 30-ға жуық оқушы болатын. Қазір 1-2 сыныпты әрең құрайтын көрінеді, әрқайсысында 9-10 оқушыдан. 

Бір жылдары дүрк көтеріліп қалаға көшкендердің бірен-саран болса да қайта оралып жатқаны, әрине, көңіл демдерлік дүние. Бір қарағанда ауылдың анау айтқандай қаңырап қалған да ештеңесі жоқ. Тіршілігін жасап, күнін көріп отыр. Тек, цифр қуаласаң бос қалған үйлердің саны көңіл құлазытатыны болмаса. Бұрынғы аудан орталығы Нарынқол ауылында 400-ге жуық үй бос тұр дейді. Сатса өтпейді, өтсе де пұл болып жарытпайды. Ең ірі ауыл саналатын Нарынқолға үлкен өлшем жарасады-ақ, одан әлдеқайда кіші Текес ауылының өзінде 100-ден аса үй иесіз қалған. Орталық саналатын мұндай ауыл­дарда бос қалған үйлер онша біліне қоймайды, ал шағын ауылдар тіпті бос қалған деуге болады. Кіші Текес аталатын бар жоғы 100-120 шаңырақ тұрған ауыл­да 56 үй көшіп кеткен. Ауылдың жартысы жоқ деген сөз. Соларды көргенде шын құ­лазисың. Анығында, көшіп кетті аты болғанмен, көпшілігі ауыл­дан қол үзе қоймаған. Көбі қа­лада тұрып жатса да, көктем мен күздің арасын жалғайтын жер жырту, тұқым себу мен жиын-терін кезінде ауылда жүреді. Мақ­сат түсінікті – азды-көпті жер егіп, өнімін қалаға әкеп са­ту. Ауылға тамырынан байланған елдің үзіле қоймаған бұл байланысы – бұрынғы аудан қалпына келіп, өз алдына отау тігіп, жаңа бастамалар қолға алынып жатса, бір күнде қайта көшіп келуге дайын­ біраз ел бар дегенді білдіреді.

...Иә, Нарынқол жаққа бара қалсаңыз, бір жаңалық қашан болар екен деп, екі көзі төрт болып орталыққа қарап отырған елді көресіз...

Шаруасы малға қараған...

Райымбек ауданы – сонау Ке­ңес заманында мал шаруашы­лығымен аты шыққан өлке. Ет, сүт, жүн өндіруден берісі облыс, әрісі республикадағы кез келген ауданмен бәсекеге түсетіндей жетістіктері аз болмапты. Колхоз, совхоздар тарап, шабындық пен­ жайылымды, түлік атаулыны бөліске салғанда пайға тиген азғантай жандығын жағалы тон емес, қарын жұбатар жарты қап ұнға, иығын жабар жарты кез матаға айырбастап жүріп түгесіп алған ел еңсесін тіктей бастағанда қайтадан мал жинауға тырысыпты. Содан да болар, қыз­мет бабымен ауысып келген жалғыз-жарымы болмаса, мал ұстамайтын үй жоқ. Жаз шық­са, мал бағатын әлдебір туысына қосып, жайлауға шығарып жі­бе­реді. Ал шаруа қожалығын ашып, құлашты кең жаюға жердің шал­ғайлығы да аз кедергі жасамай­ды. Тек соңғы жылдары ғана бұл тарапқа аздап қан жүгіре бас­­­тағаны аңдалады. «Казмясо» ЖШС-нің құрылтайшылығымен құрылған «Жаңа Ақтасты» ЖШС былтырдан бері шаруашылығын үлкейтіп жатыр. Асыл тұқымды, ет бағытындағы ірі қараның санын арттырып, сапалы, эко­ло­гиялық таза өнім ретінде бәсекеге түсуді көздейтін серік­тес­тіктің күрделі жөндеуден өткен заманауи қора жайы 7000 басқа дейін ірі қара қабылдай алады. Қазір 800 бас абердин-ангус сиы­­ры Саты ауылында бағылып жатыр. Асыл тұқымды ірі қа­ра тұқымын Аустралиядан әкел­мек. Түп атасы Шотландиядан шы­ға­тын бұл тұқымның етін ғана емес, ұрығы мен бұқашаларын са­ту да шаруашылықтың негізгі ба­ғытының бірі болмақ.

Ал жалпы аудан бойынша 117031 ірі қара, 74023 жылқы, 533748 қой бар. Бұның көпшілігі жаңа айтқан жеке тұрғындардың қолындағы азғантай малдың есебінен өсіп отырған көрсеткіш. «Айсұлтан», «Жарсу» сияқты шағын шаруа қожалықтары биыл 100-ге жуық ірі қара тұқымын сатып алғанын да айта кету керек. Ал жалпы өсім көрсеткіші былтырғыдан аса ұзай қоймапты. Аудан басшылығы «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдар­ламалары бойынша алдағы уа­қыт­та бұл көрсеткіштерді өсі­реміз деп отыр. Ірі қара мен қой саны еселеп болмаса да, шамалап өсіп келеді. Ал жылқы шаруашылығы 2015 жылғы көрсеткіштен өзгермепті. Аудан әкімінің орынбасары Мә­дени Нұрдәулетовтің айтуынша, шалғай аудандарда жеке және орта кәсіпкерлікті дамыту оңай шаруа емес. Көп кәсіпкерлер жол­ға кететін шығыннан қаша­тын кө­рінеді. Шалғай және ше­ка­ралық аудандарда адамдар тұрақтанып қалу үшін арнайы жағдайлар қарастырылуы керек. Айталық қала маңында мемлекеттік қызмет істейтіндер мен шалғайдағы қыз­меткердің жалақысы бірдей. Ал тұтынатын тауарлар мен күн көріске кететін шығын әр­түр­лі. Азық-түлік ба­ғасы бұл жақ­та­ қымбаттау. Бұ­рынырақта ше­ка­ралық аудан­да, экологиялық ай­мақта тұра­тындарға айлыққа қосымша ақ­ша төленетін (қысым жоғары болғандықтан теңіз дең­гейінен биік орналасқан аймақтар экологиялық саналады). Қазір ол жоқ. Осы мәселені қалыпқа кел­тірсе, одан соң жаңа ауданмен бірге жұмыс орындары ашылып, әлеуметтік-экономикалық жағдай­лар реттелсе, шекара ма­ңы жа­­лаңаш қалады деген уайым­нан арылар едік. 

Ақтастыдағы алып «жұмыртқалар»

Бұл тақырыпты алғаш Фейс­бук желісінен көріп қалғаны­мыз­ бар. Жол түсіп барғанда өзіміз де көрдік. Шабындықта теңкиіп-теңкиіп жатқан аппақ «жұмыртқалар» алыстан көз тартады. Сөйтсе, бұл Қазақстанға алғаш келген жаңа технология бойынша дайындалған шөп екен. 

«Жаңа Ақтасты» ЖШС да­йын­­дап жатқан бұл өнімнің артық­шылығы сол – шөп үш жылға дейін сақталады және сиымдылығы жоғары. Бір орамына 700 келіге дейін сиятын бұл шөп орамдары жинауға, тасымалдауға ыңғайлы. Гер­мания­дан әкелінген «Крон» комбайны шабылған бетте шөпті кептірмей, сөлін кетірмей арнайы вакуумге орайды. Вакумыңыз – қа­т­ты целлофан. Бұрынғы тәсіл­мен орағанда шөп қурап кететін. Кепкен шөптің азықтық нәрі кемитін көрінеді. Оның сыртында арнайы ұраға жиып, шөпті бастыруыңыз бар, оны орауыңыз бар, оған кеткен шығыннан бөлек, уақытты есепке алсаңыз, шөптің беткі қабаттары қап-қара болып шіріп кетеді екен де, нәтижесінде 10-15 пайыз өнім жарамсыз болып қалады. Ал біз айтып отырған жаңа технология бойын­ша дайын­далған өнім мұндай артық шы­ғындарды болдырмайды. 

«Жаңа Ақтасты» ЖШС-нің 8787 гектар жері бар. Соның 2500-і­ егістік. Биыл 900 гектар жерге Гер­маниядан әкелінген көп жылдық құрама шөп егілген. 150 гектарға арпа, 20 гектарға беде, 50 гектарға бұршақ егеді. Бәрі – мал азық үшін. Қалған жер жайылымға арналған. «Келер жылы артатын мал басымен бірге егістік, шабындық алқап та кеңейе түседі», дейді «Жаңа Ақтастының» атқарушы директоры Жарылқасын Адасбаев.

Нарынқолдың картобы

Базар барсаң, тауарын өткізу үшін «Бұл – Нарынқолдың картобы», деп қарап тұратын (басқа жақтікі болса да) алып­сатарлардың әрекеті бұл аймақ­тың өніміне сұраныстың көптігін білдіреді. Көбіне қара топырақты болып келетін жердің құнары бұл өнімнің ірі болуына ғана емес, сапалы, таза болуына да ықпал етеді. Бұл тараптағы көрсеткішті де жеке тұрғындардың есебінен өсіп отыр деуге болады. Деген­мен, мал шаруашылығына қара­ғанда бұл жағынан жеке шаруа қожалықтарында ілгерілеу бар.­ Аудан бойынша картоптың 25-30 сорты егіледі екен. Оны же­тіл­діріп, будандастырып, жаңа сұрыптар шығару да қолға алынып жатыр. Аймақтың топырағы мен климатына ыңғай­лап шығарылған «Текес» атты тұқым ендігіде көп­теп таралатын болады дейді аудандық ауыл шаруашылығы мамандары. Берісі аудан, әрісі облыс-ты сапалы өніммен қамтамасыз етіп отырған «Өркен», «Самғат», «Мирас», «Бану» сияқты ірі шаруашылықтар бар. Солардың бірі – «Қарқара өнімдері» ЖШС. 

«Қарқара өнімдері» ЖШС көп салалы шаруашылық – арпа, бидай, шөп, картоп өсірумен айналысады. 60 гектарлық картоп алқапты бір айналғанда 300 метр жерді қамтитын 150 метрлік агрегат картопты тамшылату әдісімен суарады. Су келетін канал бұзылғалы 2 жыл, содан бері біршама жерден насоспен тартуға мәжбүр. Десе де, Голландиядан әкелінген осы техниканың арқасында егістікті суару мәселесі шешілген. Ал­ды­мен суға үнем, екіншіден топы­рақты қатырмайды. Әр гектарынан 25-30 тоннадан өнім алып отырған шаруашылық картоп­ты 2,5-3 градус температурада арнайы қоймада сақтайды. 300 гектарға – арпа, 500 гектарға – бидай, 267 гектарға шөп егіп отырған, жыл сайын заманға сай базасын нығайтып келе жатқан серіктестіктің 1170 гектар жерін игеріп отырған 12 адам ғана. «Адам күші аз араласқан са­йын, өнім мен жұмыс сапасы да жақ­сарады», дейді шаруашылық бас­шысы Серік Нұрлыбаев. Облыс әкімі Амандық Баталов жиі айтатын жеке кәсіпкерлердің өнім­дерін өткізуде делдалдардың ықпалын азайту мәселесі бұл жақта да алдымыздан шықты. Былтыр картоптың әр келісін 35 теңгеден сатуға мәжбүр бол­ған шаруашылық иесі «кәсіп­кер­лердің бір жыл бойы табан ақы, маңдай терімен, қан­шама шығындалып тапқан пай­дасын делдалдар шөп басын сындырмай-ақ табады. Сол себепті, жеке кәсіпкерлер көп жағдайда өз өнімдерін арзан өткізуге мәжбүр», дейді. Картопты қымбат сатудың бір жолы – чипсы зауытын ашу. Бұл мәселе бойынша Қытай тарапы қызығушылық танытып отырған көрінеді. Алғашқы кездесулер мен келісімдер жасалған. Арнайы келіп, көріп кетіпті. Инвестиция құйып, бірлесе жұмыс істемек ойлары бар.

Ауданның тағы бір күш салса дейтін саласы – туризм. Бірақ бұл тарапта да жердің шалғайлығы қолбайлау болып келеді. Десе де, ештеңеге қарамай, шағын да болса демалыс орнын ашып, бүгінде алыс-жақыннан демалушыларды тарта бастаған – «Шоған сай» демалыс үйі, «Ақкөл» балаларға арналған демалыс лагері, «Көлсай көлдері» ұлттық паркі сияқты тұмса та­биғат аясындағы демалыс орын­дары туризм саласындағы алғашқы қарлығаштар іспетті. Тұзкөл сияқты батпағы емге пайдаланылатын шипалы орындар игерілсе дегенді де көп естідік. Ауданда бірнеше тұзды көл бар. Алматыдан арнайы келіп, емдеу-сауықтыру орталықтары алып кететін көрінеді. Көлсайдың жөні басқа – мемлекеттік қорғаудағы қорық, атағы да бұл күнде шекара асып кеткен. Ал қатар жатқан Шоған сай мен Ақкөл шағын да болса келем деушілерге сервистік қызмет ұсына алатын демалыс орталықтарына айналып келеді екен. «Ақкөл» лагері жазғы мау­сымда үш ауысыммен 300-ден аса баланы қабылдай алады. Ал «Шоған сай» жыл бойы тоқтаусыз жұмыс істейді. 

Сондай-ақ атқа мініп, таудың төбесінде қар суынан пайда бол­ған Ақкөл мен Қара көлді көріп қайтуға мүмкіндік бар. Екі көл­ді көріп қайту үшін түней жатып, екі күн жол жүруге тура ке­леді. Ақкөлдің тақалмасындағы Кү­рілдек сарқырамасы да көрген жан оңайықпен ұмыта алмас бір сурет. 
Ақкөл сәл беріде, ал Қара көл­ге жете алмадық. «Оған жету үшін та­ғы бір күн керек», деді жолбасшымыз. Техника түгіл, аттың өзі әрең жүретін жол­дың өне бойы теңкиіп-теңкиіп жатқан қойтас­тар. Жерден өніп шық­пағаны түсінікті, бір замандарда тау құлаған. Ақкөлдің пайда болуы да сол тастардың әсері. Көлдің суы сол тастардың ара­сынан саңылау тауып, жер астынан шыққандай, төменге қарай асығыс құлдайды. Биікте не болып жатқанынан бейхабар адамдардың арасына жеткенде, қатардағы кішкене өзен болып қалатынын қайдан білсін... 

Мынадай биіктен түскенде, өзіңнің де біраз уақытқа дейін етектегі елді қоңылтақсып жүре­тініңді ойлайсың...

Қапталыңда Қытай. 

Мұқағали есіңе түседі: 

«Міне, Мен Отанымның шетіндемін...».

Алмас НҮСІП, 
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы