Адам, қоғам өмірі үнемі өзгерістер арқылы дамитыны белгілі. Қандай да өзгерістер әрине ең алдымен адамның дүниетанымы, қабілеті мен мүмкіндігі, дарыны мен еңбегінің нәтижесі екендігі де хақ. Адамдардың көзқарасы мен дүниетанымы да, қоғамдық құндылықтар да заманына қарай өзгеріске ұшырап отыратыны да бәрімізге белгілі. Осынау аласапыран дүниеде мәңгілік құндылықтар мен адам өмірін сипаттайтын, әр кезең, дәуірдің тынысын, келбетін айшықтап, ұғымдардың қалыптасып, сақталуы да адам санасымен тікелей байланысты. Адамның адамдық қасиеттерінің айғағы да сондай ең құнды ұғым мен құбылыстарды өткізе отырып, адамдардың еңбек ету қабілетіне екпін береді. Адам өмірі қай заман, қай дәуірде де тікелей еңбекпен байланысты. Адамзат қоғамының артықшылығы да осы мәңгілік Еңбек процесіндегі атқарар рөлінде.
Сондай бала кезінен еңбекпен есейіп, бүкіл өмірінің басты құндылығы ретінде тек қана еңбекке жүгініп, еңбекті ұлағаттап, сол еңбегіне қарай елінің құрметіне бөленген біздің замандасымыз, елдің ардагер ағасы болған – Ыбрайымжан Қожахметов еді. Ол кісінің еңбегі кезінде тек өзінің туған жері Жаркент өңірі ғана емес, бүкіл Жетісуға, Қазақстанға, Одаққа әйгілі болып, тұсында лайықты дәрежеде марапатталып, еңбегінің нәтижесін, құрметін көріп, жемісіне ие болған. Жас кезінде, буыны қатпаған балалық шағында тұрмыстың да қиыншылығын бір кісідей көріп, өсе келе адал еңбегі мен орнықты мінез құлқының арқасында өз ортасына таныла білді. Жұрт оның еңбеккерлігіне бірден ерекше ілтипатпен қарады. Ел сеніміне ие болды. Ыбекеңнің ұйымдастыру қабілетін алғаш байқап, оны ұжым басқару жұмысына тартып, баулып, өсірген өткен ғасырдың 60-шы жылдары Панфилов ауданын абыроймен басқарған Сейдәлім Тәнекеев, Шаймұхан Сәпиев сияқты ел азаматтарының қамқорлығы мен қайраткерлігін де айрықша айту парыз.
Әсіресе Шаймұхан Сәпиевтың тұсында Ыбрайымжан Қожахметовтің еңбегі жанып, қоғам алдында абыройы өсіп, өркендегені Жаркент жұртшылығының көз алдында көтеріліп, көңілге тұрақтаған. Ыбекеңнің еңбекпен есейіп, ел басқарған көрнекті Азамат болғаны – таза өзінің еңбекқорлығы мен еңбекке елге, жұртқа айрықша адалдығы еді.
Ыбрайымжан ағамыз бала кезінен жер нәрі мен қасиетін біліп өсті. Өзінің замандастарындай сол кезде бозбала шағынан жалаңаяқ шөңге басып, алақаны күрекпен көнтерілеп, колхоздың егісін егіп, оны арамшөптен арылтып, мезгілінде суарып, дақыл өсіруді үйренді. Ыбекеңдер азамат болған шағында Жаркент өңірі – Панфилов ауданы бүкіл Қазақстан шаруашылықтарына, тіпті сол кездегі Кеңес Одағының көптеген республикаларына мал азығы үшін жүгері тұқымын өсіруге бейімделіп, мамандандырылған болатын. Өткен ғасырдың 60-80-ші жылдарында аудан еңбеккерлері, оның сапында жүгері өсіретін шаруашылықтар жүгері өнімін өсіруде бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізді. Сол арқылы аудан экономикасы қуаттанып, халық тұрмысы жақсарды. Кезінде Панфилов ауданы Талдықорған облысы ауыл-шаруашылық өнімдерінің үштен бірін өндіретін дәрежеге жетті. Көптеген жүгері өсірумен шұғылданатын шаруашылықтар Қазақстандағы, Одақтағы ең жоғары марапаттарға ие болды. Ел еңбекке жұмылды, еңбек елдің мерейін өсірді.
Ыбрайымжан Қожахметов ұзақ жылдар Киров атындағы көп салалы шаруашылықты білгірлікпен, жанашырлықпен, ұтқырлықпен басқарып, тек аудан, облыс көлемі емес, республикаға, Одаққа әйгілі ең алдыңғы қатарлы шаруашылықтардың сапына шығара алды. Оның шаруашылықты басқару тәжірибесі насихатталып, үлгі ретінде таралды. Тек шаруашылық көрсеткіштері емес, елді мекендердегі халық тұрмысына қажетті әлеуметтік сұраныстарға айрықша мән беруді шаруашылық басшысы өзінің алғышартты міндеті санайтын. Ыбекең қызмет еткен жылдары Киров атындағы колхоздың құзырына кіретін барлық ауылдарға жол салынды, су құбыры тартылды, колхоз орталығына колхоздың өз есебінен мәдениет сарайы, спорт кешені, мектеп, аурухана, балалар бақшалары салынып, көшелерге асфальт төселіп, ағаш отырғызылып, саябақтар бой көтерді.
Колхоз басшысы орталықтан шалғай жатқан өңірде ауыл тұрғындарын тұрақтандыруға айрықша мән беріп, елдің өз мүмкіндігін өзінің өркендеуіне жұмылдыра білді. Әсіресе жастардың еңбек тәрбиесіне екпін беріп, оларды ауыл тұрмысына бейімдеп, жастардың өздерінің белсенділігі арқылы сол кездегі шаруашылық, ауыл экономикасында көптеген жетістіктерге қол жеткізе алды. Өткен ғасырдың 70-жылдарында Киров атындағы колхоздың бастауыш комсомол ұйымында шаруашылықтың әр саласында еңбек ететін 300-ге жуық комсомол мүшесі, екі мыңға жуық жұмыскерлер, он мыңға жуық ауыл тұрғындары болды. Ыбекең колхоз басшысы ретінде жастардың еңбек етуіне, әлеуметтік тұрмысына мейлінше жаңа заман талабына сай жағдай туғызып, қамқорлық жасай білді. Жастардың еңбектен тыс уақыттағы демалысын ұтымды әрі тиімді пайдалануына көңіл бөліп, колхоз қорынан қаржы бөлдіріп, үлгі көрсетіп отырды. Сондай жүйелі жұмыстың нәтижесінде Ыбекең басқарған колхоз тек қана шаруашылық көрсеткіштерінде емес, ауыл жұртшылығының әлеуметтік тұрмысында да көптеген игілікті істерді жүзеге асыра білді. Әрине, осындай біліктілікпен ел қамын ойлап ұйымдастырылған жұмыс үнемі жұртшылық қолдауына ие болды. Ыбекең басшылық еткен жылдары Киров атындағы колхоз республика көлемінде алдыңғы қатарлы шаруашылықтар қатарында болды.
Сондай тиянақты, іргелі істің нәтижесінде, біздің мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізіп, жаңа реформаларға бет түзеген кезеңде де бұл шаруашылықтың адамдары көп адаспай жол таба білді. Ел жаңа тұрмысқа бейімделді, айылын жиып, ауыл тұрмысының, шаруашылық өндірісінің жаңа ұйымдастырылуына көшті. Өңірде жүгері қайта түлеп, өріс малға тола бастады.
Ыбекең өзі басқарған шаруашылықты өсіре білумен қатар өзі де қарапайым жұмысшыдан, ірі басшысына дейін өсіп, шаруашылық көрсеткіштерін республика, Одақ көлеміне көтерді. Өзінің білім, парасат дәрежесін де қоғамдық биікке көтере білді. Ол сол кездегі Одақ дәрежесінің ең жоғарғы марапаттарына ие болды, Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Ыбрайымжан Қожахметов – өте ұстамды, еңбекке іскер, шаруашылыққа білгір, текке сөйлемейтін, сөзінен ісі көбірек көрінетін сабырлы, кішіпейіл, қайраткер болды. Ыбекең асып сөйлемейтін, сыр сандығын да шаша бермейтін. Мінезінде ешқашан дөрекілік, біреуге үстемдік көрсететін қылықтар болмайтын. Істің байыбына бармай шешім қабылдамайтын, мінезге бай адам болатын.
Халқына өмірінің соңына дейін адал қызмет етіп, елінің ынтымағын, берекесін тілеп өткен тұрлаулы Тұлға, мейірімді ұлы еді Ыбрайымжан Қожахметов. Қарапайым еңбегімен, ел қамын ойлайтындығымен, еңбек адамына деген жанашырлығымен замандастарының есінде қалды. Өмірден озып кетсе де артында қалған елі -жұрты өнегелі Ағаның ағалық бейнесі мен үлгісін, жыл өткен сайын жаңғыртып, еске алып, ұлағат тұтып жүреді.
Сірә, ел ардақтылары деп осындай тұлғаларды айтса керек.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты