Жиынды ашып берген Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай жеткен жетістіктеріміз еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында екенін атап көрсетті. Оның айтуынша, осы бағытта Елбасы Н.Назарбаевтың атқарған еңбегі зор.
«Қазақстан экономикалық және саяси тұрғыдан табысты саясат жүргізіп, рухани жаңғыруға қадам басты. Таяуда төрткүл дүниені дүбірлетіп, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін абыроймен өткіздік. Әлем көзін тіккен шара табысты болды. Елбасы да, халық та көрмені жоғары бағалады. Бүгінгі форум сол жиынның жалғасы іспетті», – деді Д. Мыңбай.
ҚХА Төрағасы орынбасарының пайымдауынша, бірлігі жарасқан көп этносты елді дау да, жау да жеңе алмайды. Бұл тезисті егемендік алғалы жер жаһанға дәлелдеп жүргенімізді айтқан Д.Мыңбай Елбасы Н.Назарбаевтың тәуелсіздіктің ең басты тірегі – бейбітшілік пен келісім, тыныштық пен тұрақтылық екенін атап өткеніне тоқталды. Оның айтуынша, Елбасы Н.Назарбаев Ассамблеяны қасиетті тіректің мызғымас тұғыры деп балаған.
Форум барысында Д.Мыңбай шараның тақырыбын қазіргі заманның өзі әзірлеп бергенін жеткізді. ҚХА Төрағасы орынбасарының айтуынша, әлем елдері көп ұлтты халықты басқару жөнінде жиі толғанады. Осы орайда, Д.Мыңбай Қазақстанда көп этностың тату-тәтті ғұмыр кешіп, шет елдерге үлгі болатынын мәлімдеді.
«Қоғамдық пікір мен этносаралық келісім жөніндегі біздің тәжірибемізді көп мемлекеттер пайдаланса, әлемде бейбітшілік орнайтынына сенімдімін. Оны шиеленіске толы кез келген өңірде пайдалануға болады. БҰҰ, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Еуропа одағы қоғамдық пікір мен этносаралық келісім жөніндегі қазақстандық үлгіні жоғары бағалады», – деген Д.Мыңбай Қазақстанның мұндай жетістікке жетуі Елбасының ерен еңбегінің арқасы екеніне тоқталды.
Сондай-ақ, Д.Мыңбай этностардың тілін дамыту жолында Қазақстан тарапы атқарып жатқан істерді сарапшылардың жоғары бағалағанын жеткізді. Оның пікірінше, саны аз этностардың өз тілі мен мәдениетін дамытуда елімізде жақсы жағдай жасалған.
Шарада сөз сөйлеген Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шәукенова Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ел дамуына негіз болатынын сөз етті.
«Дамыған елдердің бәрі халықтың рухани көзқарасын жаңарту арқылы жетістікке жетті. Рухани жаңғырудың негізгі көзі білім саласына өзгерістер енгізу екені белгілі. Кеңес Одағы тұсындағы білім жүйесі әлемдегі озық үлгілердің бірі болғаны айтылады. Біз соның басымдықтарын өзімізге сақтап қалдық», – деді З.Шәукенова.
Жиынға алыс-жақын шет елдерден, Қытайдан, Ресейден, Қырғызстан мен Беларусь елдерінен сарапшылар, халықаралық қатынас саласының мамандары қатысты. Олар этносаралық келісім мен татулықты қалыптастыруда Қазақстанның еңбегін жоғары бағалады. Сонымен қатар, сарапшылар этностар татулығы жөніндегі өз көзқарастарын ортаға салды. Форумда азаматтық бірегейлікті қалыптастыруды мәдени және философиялық тұрғыда түсіну тәжірибесін, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделінің орнын және оның қазіргі уақытта ұлғайып келе жатқан қауіп-қатердегі рөлін, Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының қоғамдық сананы жаңғыртудағы маңызын ашық көрсету мәселелері қарастырылды.
Жиында көршілес елдердің әріптестігі, сананың ашықтығы мен ұлттық бірегейліктің тиімді түйіндесуі, ұлттық бірегейлікті талдау мәселелері сөз болды. Форум жұмысының қорытындысы бойынша Қазақстанда да, әлемде де мәдени әртүрлілік пен мәдениетаралық диалогты сақтау және кеңейту бойынша ұсыныстар тұжырымдалды.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»