Осы жиында сенаторлар өздерін толғандырған сан түрлі сұрақтарды Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке қойып, жауап алды. Соның бірқатарын оқырман назарына ұсынуды жөн деп санадық.
Ерболат Мұқаев: Ел болған соң, еліміздің аумағы кең болған соң, шағын комплектілі мектептер болады, біреулері өседі, біреулері өшеді, сөйтіп алдағы 15-20 жылға дейін оның проблемасы бітпейтін сияқты. Сондықтан, министрлік осы проблеманы қалай шешуді көздеп отырғанын білгім келеді?
Ерлан Сағадиев: Шағын комплектілі мектептердегі білім сапасын көтеру мақсатында цифрлы технологияның жетістіктерін пайдаланып, компьютерлендіру, бейнеэкран курстарын енгізу сияқты сабақтар енгізіп жатырмыз. Осындай мектептерге екі жылдың ішінде кем дегенде екі бейнеэкран орнатылатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Мұғалімдерді дайындау сапасына да көңіл бөлініп, оларды өзінің базалық білімінен басқа сабақтарды өткізуге дайындау жұмыстары да қолға алынатын шығар. Еңбекақысы туралы айтатын болсақ, бұл мектептердің мұғалімдеріне 25 пайыздық көлемде қосымша ақы төленуде.
Сергей Плотников: Кейбір арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға дайындық қалай жүргізілуде?
Ерлан Сағадиев: Бұл іс бойынша қанатқақты бағдарлама қолға алынып, биылдың өзінде 1500-дей мұғалім арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытуға дайындалды. Мысалы, Атырау облысында 40-тай мұғалім арнайы пәндерді ағылшын тілінде өткізуді бастап кетті. Жалпы, пәндерді ағылшын тілінде жүргізу бірден болмайды, алдымен 30 пайызын оқытудан бастайды. Әрі қарай ағылшын тілінің үлесін арттыра береді. Біз бұл технологияны Қазақ-түрік лицейлерінің үлгісінен алдық. Онда бұл мәселе жақсы табыстарға жетті.
Сергей Ершов: Өкінішке қарай, террористік және басқа да жат пиғылды адамдардың көбейіп бара жатқандығына байланысты мектептер мен балабақшаларда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі алдағы уақытта қиындай түсетін сияқты, осы проблема қалай шешілмек?
Ерлан Сағадиев: Біздің министрлікке мұндайды шешу өкілеттігі берілмеген. Әрине, бұл алаңдатарлық мәселе, сондықтан біз оны ішкі істер органдарымен және әкімдіктермен бірлесе отырып шешуді қарастыратын боламыз.
Бұл сұраққа жауапты парламенттік тыңдауға қатысып отырған Ішкі істер министрінің орынбасары Рашид Жақыпов толықтырды.
Рашид Жақыпов: Әрине, Үкімет мектептерді күзету туралы қаулы қабылдаса біз оны орындаймыз. Әзірге ондай шешім болмағандықтан бұл жөнінде айту қиын. Бірақ мұндай проблеманың бар екендігін өмір көрсетіп отыр.
Нұрлан Қылышбаев: Осы жерде отырғандардың негізгі бөлігі Кеңес Одағы мектептерінде оқығандар, сондықтан бәріміз де оқушыларды еңбекке баулудың не екенін жақсы білеміз. Оның нәтижесі зор екендігі туралы да бәріміз айта аламыз. Қазір балаларды еңбекке баулуға қалай көңіл бөлінеді?
Ерлан Сағадиев: Бізде арнайы еңбек сабағы бар. Осы сабақты өткізуге және оқушыларды серуенге шығару сияқты жұмыстарға Қамқоршылар кеңесін тартып, ата-аналарды да қатыстырып отырамыз. Министрлік барлық жұмыстарды өздері атқара алмайтын болғандықтан осы – Қамқоршылар кеңесіне бұл бағыттағы жұмыстар бойынша үлкен құқық беріп отыр.
Сәрсенбай Еңсегенов: Білім беруді 12 жылдыққа ауыстырамыз деп отырсыздар, ал бізде мектептердің бәрі дерлік екі ауысымды, пән кабинеттері жетіспейді, ал шетелдік 12 жылдық мектептердің бәрі бір ауысымды. Сондықтан 12 жылдыққа көшу қаншалықты дұрыс болар екен? Екінші сұрағым, білім беруде тәрбие ісіне қаншалықты көңіл бөлінеді? Ұлдар мен қыздарды бөліп оқыту мәселесі қарастырылуы мүмкін бе?
Ерлан Сағадиев: 12 жылдыққа өтудің мәні – 0-інші сыныптың енгізілуінде. 0-інші сынып дәрістерін бес жастан бастап мектептерде ғана емес, балабақшаларда да жүргізу ұйымдастырылады. Қазірдің өзінде бұл іс қолға алынған. Онда «Әліппе» және т.б. пәндер оқытылады.
Екінші сұрақ бойынша айтарым, бізде ұлдар мен қыздарды бөліп оқыту мәселесі қарастырылмаған, өйткені ол қоғамдық дау тудыруы мүмкін.
Нариман Төреғалиев: Орта білімді жан басына қаржыландыру бойынша қанатқақты жоба аяқталғаннан кейін Қазақстанның солтүстік және оңтүстік өңірлері үшін коммуналдық қызметтер көлемінің айырмашылығы бола ма?
Ерлан Сағадиев: Жан басына қаржыландыру жарық, газ, жылу, ғимараттың амортизациясына байланысты. Ал мұғалімдердің оқу процестеріне байланысты шығындарының өзіндік құны әр облыста әртүрлі.
Сенаторлар бұдан басқа да халықты алаңдататын көптеген сұрақтар берді. Министрліктің назар аударуға тиісті мәселелері көп екені көрініп тұр, оларды түбегейлі шешпесе де шешуге талаптанар деген үміт бар.
Дайындаған
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»