Осы компания – егемендік алған еңселі тұстан бастап, тіпті оған дейін де халыққа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан телекоммуникация саласындағы тегеурінді ұжым. Мекеменің қысқаша тарихына үңілсек атасынан немересіне дейін осы жерде қызмет істеп көктеп отырған әулеттер көптеп кездеседі. Бұл өз кезегінде «Қазақтелеком» шаңырағының ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын алтын көпірге айналғанын аңғартса керек. Тамыры мен тарихы тереңде жатқан компанияның ел дамуындағы алар үлесі ауқымды.
Компанияда кадр әлеуеттілігі, технологиялық мүмкіндіктер, стратегиялық міндеттерді дұрыс жоспарлау, қызмет түрлерін оңтайландыру сияқты негізгі жұмыстардың барлығы жүйелі түрде жолға қойылған. Еліміздің барлық өңіріндегі бөлімшелері бұқара халыққа байланыс саласының барлық талаптарына сай қызмет көрсетеді. Компания отандық ақпараттық коммуникация нарығын дамыту саясатын іске асыра отырып, әлемдік стандарттарға жауап беретін жоғары технологиялы инфрақұрылым жүйесін құрды. Бір айта кетерлігі, аталған қоғамда трансформация бағдарламасы аясында ауқымды істер атқарылып келеді. Елбасы қолдауымен бастау алған бағдарламаның ел экономикасына тигізер пайдасы мол екені айтпаса да түсінікті. Бұл ұзақ мерзімді процесс 2050 жылға дейін еліміздің ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуына ықпал етеді. Осындай әлемнің жетекші елдерінде жүзеге асырылған жобаның елімізде тың тыныс алып, кеңге қанат жайып келе жатқаны көңіл қуантады. Заман жылжып, уақыт сырғыған сайын әр саланың жаңаша сипатта дамып отыратыны белгілі. Осы ретте аталған ұжым кез келген сұранысқа жауап бере алатын заманға сай, бәсекеге қабілеттілігімен халықтың сенім үдесінен шығып келеді. Компания қызметкерлері бұл тұрғыда мекеменің ежелден қалыптасқан дәстүрлі жолын берік ұстауды назардан тыс қалдырған емес.
– «Телекоммуникация саласы өте жылдам әрі қарқынды өзгеріс үстінде, уақыт өткен сайын бәсекелестік талаптары күшейіп келеді және жаңа ойыншылар қатары да көптеп саналады. Сол себепті осындай жағдайда бізге неғұрлым жылдам әрі икемді болу қажет, яғни компанияның ұйымдық моделі өзгеруі тиіс. Біз өз абоненттеріміздің ұсыныстарына барынша шұғыл әрекет етуіміз керек. Компанияның жаңартылған стратегиясын түсіндіру, сонымен қатар «Қазақтелеком» АҚ алдағы трансформациялау жөніндегі стратегиялары мен жоспарларының негізгі ережелерін талқылау мен ұсыныстарды жинау үшін қызметкерлермен кері байланысты ұйымдастыру мақсатында тұрақты түрде жұмыс ұжымдарымен коммуникациялық топ-менеджмент сессиялары өткізілуде. Трансформация барысын түсіндіру жөнінде жұмыстар жүргізіліп, ұжымға алдағы жоспарлар жеткізіліп, осыған сәйкес компания бірте-бірте өзгеретін болады. Атқарылған жұмыс нәтижесі бойынша қызметкерлердің басым бөлігі трансформациялауды компанияның алдағы болашақта дамуының бірегей мүмкіндігі деп қабылдайды. Топ-менеджерлердің қатысуымен өткізілетін коммуникациялық сессиялар барысында бизнес-үдерістерді жетілдіру бойынша ұсыныстар қаралуда. Ұйымның барлық деңгейіндегі біздің қызметкерлер орталық кеңседен бастап, өңірлік бөлімшелерге дейін өзгерістер қажеттілігін түсініп, оларға белсенді түрде атсалысуда. Компанияның жаңартылған стратегиясының арқасында, біз сеніммен алға қарай ұмтылып, көздеген мақсаттарға табысты қол жеткізіп, қойылған міндеттерді ойдағыдай орындап келеміз», – дейді «Алматытелеком» ӨТД бас директоры Шерхан Раздықов.
Жоғарыда айтылған жаңа стратегиялық жоспар компанияның жаңаша дамуына жол ашпақ. Ол үшін халыққа қызмет көрсетудегі әрбір кішкентай элементке дейін жан-жақты сараптан өткен. 2014 жылдан бастап қолға алынған «Өрлеу» жаңғырту бағдарламасы осының айқын дәлелі. Бұл жобаның негізгі мақсаты нарықтағы көшбасшы орынды нығайта түсуге бағытталған. Бағдарлама күшіне енгеннен бері компания елеулі жетістіктерге қол жеткізген. Соның нәтижесінде абоненттік база мөлшері ұлғайып, қызмет көрсету сапасы арта түскен. Осыған орай топтамалық ұсыныстар тізбегі қалыптасып, тек байланыс қана емес, ақпараттық технологиялар арнасындағы қажеттілікті жабатын тұтынушыларға тың өнім түрлерін ұсынуға жол ашылған.
Қай салада болмасын жетістікке қол жеткізудің басты қағидасы терең білім мен кәсіби шеберлік. Яғни, саланы алға сүйрейтін сапалы кадр. Себебі, өз жұмысын шын ықыласымен жақсы көретін маман ғана еңбек жолында барлық қажыр-қайратын, білім-білігін аямай мақсатқа жетуде табанды түрде қызмет етеді. Бар өмірін осы іргелі шаңырақтың тасын өрге домалатуға арнаған талай азаматтардың артынан ерген ұл-қыздары ата-анасын үлгі тұтып, осы кәсіпті таңдап, өмірін ата-анасының тері сіңген, өздері үшін қастерлі саналатын шаңырақпен байланыстырған. Кейіннен ол қызметкерлердің ұрпақтары да ата-әженің ұлағатты жолын жалғап, осы кәсіптің иесі атанып, «Қазақтелеком» қазанында қайнаған. «Қазақтелекомның» ел аумағындағы барлық бөлімшелерінің қызметкерлер тарихына көз жүгіртсеңіз, қай өңірде болмасын үрім-бұтағымен өмірлерін осы мекемемен байланыстырған отбасылар жетіп артылады. Атадан балаға мирас болған бұл жалғастықты кездейсоқтық деп айта алмайсыз.
Қолымызға түскен мәліметтерді саралай келе, мұнда еңбек еткен әулеттердің жалпы еңбек өтілі бес мың жылды құрайтынын көріп таң-тамаша болдық. Атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан осы көш-керуен бүтін бір жүйенің аяғына нық тұруына қажыр-қайратын арнаған тұлғалардың өмірімен астасып жатыр. Тынымсыз төккен тер, ортақ мұрат, отбасы мүшелерін одан сайын тығыз байланыстыра түсетін ортақ кәсіп үлкен тәжірибенің қайнар бұлағына айналып мол жетістіктерге жол ашады. Осының барлығы бір-бірімен біте қайнасып отбасылық қастерлі құндылыққа айналады. Жауапкершілік артып, әке кәсібіне адалдық таныту керек деген түсінік туындайды. Мамандардың айтуынша, ұрпақтар сабақтастығын жалғап, бір мекемеде ұзақ еңбек еткен әулеттер басқаларға қарағанда кәсібіне құрметпен қарайды. Ата-анасының, туыстарының төккен тері мен табысты жолын жалғай отырып, оған дақ түсірмеуге тырысады. Осылайша, еңбек өнімділігі көбейіп, компанияның әлеуеті арта түседі. Осының барлығын назардан тыс қалдырмай, елеп-ескеріп, қызметкерлерінің отбасылық құндылықтарын жоғары бағалайтын мекемеде ұрпақтар сабақтастығы жалғаса беруі заңды да. Қызметкерлеріне ерекше құрметпен қарайтын компания соңғы жылдары Отбасы күніне орай мекеменің өрістеуіне елеулі үлес қосқан әулеттерді марапаттауды дәстүрге айналдырып келеді. Бұл өз кезегінде азаматтардың айбынын асқақтата түседі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында «Біз болашаққа көз тігіп, Тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» Стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі», деген еді. Отанды сүю ерлікпен ғана өлшенбейді. Әр адам өз кәсібінің шебері, өз саласының жанашыры болса одан артық сүйіспеншілік жоқ. Өз ісіңе деген сүйіспеншілік – үлкен жетістіктің қақпасы. Ал, үлкен жетістіктер жиынтығы қоғамды алға жетелейді. Қоғамға қалтқысыз қызмет етіп, байланыс саласының барлық кеңістігінде шеберлігімен шыңдалғандардың сапынан қазақтелекомдықтардың қажырлы еңбегін айтуға болады.
«Қазақтелеком» АҚ уақыт көшіне сай қалыптасқан игі дәстүрлерін сақтай отырып дамып келеді. Жыл сайын қызмет көрсету аясы кеңіп, технологиялық үдерістерді жақсарту мен технологияларды жаңарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Заманауи нарық талаптары күн сайын байланыс саласына өзгеріс әкеліп, бизнес-орта талаптары күрделене түскенімен, аты аңызға айналған мекеме өз биігінен түскен жоқ. Алдағы уақытта да тегеурінді компания егемендікпен бірге жасап ел игілігі жолында жаңа белестерді бағындыра беретініне сенеміз.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»