Мемлекет басшысы жүктеген маңызды мәселе Өскеменде өткен ауыл әкімдерінің бірінші республикалық форумында жан-жақты талқыланды. Кереку мен Шығыс өңірінің 500-ден астам ауыл әкімдерінің басын қосқан жиынға Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов, облыс әкімі Даниал Ахметов, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов, Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты» ЖМ директоры Сергей Худяков пен саясаттанушы Айдос Сарым қатысты.
Форумды ашқан аймақ басшысы Д.Ахметов ауылдық жерлерге бюджеттің төртінші деңгейін енгізу азаматтық қоғам құруға жасалған маңызды қадам екендігін, Шығыс Қазақстанда 2018 жылы 100, 2020 жылы 147 ауылдық округ жаңа басқару жүйесіне көшетіндігін, бұл жауапты іске облыстың әзір отырғандығын атап өтті. «Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуымыз керек. Маңызды мәселелердің өз шешімін табуына тұрғындар да белсенді түрде атсалысқаны жөн, билік олардың пікірлеріне құлақ асуы тиіс. Сонда ғана сенім пайда болады. Бірақ, қаражатты дұрыс және тиімді жұмсау үшін әкімдердің білігі мен білімі басқа деңгейде болуы қажет», - деді облыс әкімі. Бұдан кейін сөз алған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншікті енгізу мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды. Министрдің айтуынша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан еліміздегі халық саны 2000 адамнан асатын 1066, ал 2020 жылдан бастап республиканың барлық 2444 ауылдық округтерінің өзінің дербес бюджеті болады. 2017 жылы 11 шілдеде «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту туралы» заң қабылданған. Аталған заң аясында ауылдық округ әкімдерінің бюджетінің қалай жұмсалуын сол елді мекеннің тұрғындары да тікелей бақылап, өз ұсыныстарын айтуға мүмкіндік беріледі. Ауылдық округ әкімдіктерінің аппараты бюджет жоспарын ең әуелі жергілікті қауымдастықпен келісіп, мұқият пысықтағаннан кейін ғана аудандық мәслихаттың бекітуіне ұсынады. Бір сөзбен айтқанда, ауыл әкімдері бұрынғыдай аудан әкімдеріне жалтақтамай, елді мекен тұрғындарымен ақылдаса отырып өз мәселелерін өздері шешуге мүмкіндік алады. Ал ауыл тұрғындарының салығының дені бұдан былай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруге, абаттандыру, көгалдандыру, жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту сынды маңызды мәселелерге жұмсалады. «Жергілікті атқарушы органдардың мұрындық болуымен биылғы жылдың сәуір-тамыз айлары аралығында 961 ауылдық округ әкімі мен 2861 аппарат қызметкерлері мемлекеттік басқару академиясының тәлімгерлерінен дәріс алды. Ауылдық округ әкімдіктерін компьютермен жабдықтау мәселесі де шешімін табады. Ұлттық экономика министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-ымен бірлесе отырып 125 ауылдық округте интернеттің жылдамдығы төмен екенін анықтап, оның 105-інің мәселесін шешті. Қалған 20-сы жыл соңына дейін интернетпен қамтамасыз етіледі», - деді Т.Сүлейменов.
Шығыс Қазақстанда елімізде енгізілгелі отырған жаңа жүйені қанатқақты режимде жүзеге асырып, тиімділігіне көз жеткізген ауылдық округтер де бар. Форумда сөз сөйлеген Шемонайха ауданы Выдриха ауылдық округінің әкімі Любовь Ступенько жергілікті өзін өзі басқару жүйесі ауданда 2015 жылдан жұмыс істейтінін, бұл істе тұрғындар да белсенділік танытып отырғанын, қазірдің өзінде 2018-2020 жылдарға арналған бюджетті жоспарлауға кірісіп кеткендіктерін тілге тиек етті. Көкпекті ауданы Үлкен Бөкен ауылдық округінің әкімі Нұрлан Назарханов ауылдық жерлердің өз бюджетінің болуы мәселесін Елбасы сонау 1996 жылы көтергенін айтады. «Сол жылы Алматыда Президенттің қатысуымен үлкен жиын болды. Еліміздің барлық ауыл, аудан, қала, облыс әкімдері де қатысты. Сол жиында ауыл әкімдеріне бюджет беру мәселесі қызу талқыланды, Мемлекет басшысы бұл жүйеге көшу әлі ерте екенін, әкімдердің бұған әзір еместігін, мұның уақыты келетінін айтты. Сол уақыт міне келді. Сондықтан бүгінгі жиынды тарихи жиын деп санаймын», - дейді ол.
Белгілі журналист Сергей Понамаревтің модераторлығымен еркін пікір алмасу форматында өткен форумда мазмұнды баяндамалармен қатар тың ұсыныстар да айтылды. Белгілі саясаттанушы Айдос Сарым заңда халықтың пікірі ескеріледі, комиссия құрамына енеді дегенмен, оның нақты қалай ескерілетіні, комиссияға кімдердің кіретіні егжей-тегжейлі жазылмағанына тоқталып: «Осы мәселені анықтап, басын ашып алу керек. Ауылды жерлерде халықтың атынан сөйлейтін ұйым жоқ. Аудан мен қалаларда мәслихат бар. Кезінде ауылдарда арнайы кеңестер құру керек деген ой айтылған. Мұндай кеңеске сайлану ауыл тұрғындары үшін мәртебе. Әкімге ықпал етудің бірден бір жолы. Қазақстан халқы ауыл, аудан дәрежесінде өз әкімдерін өздері сайлай алатын дәрежеге жетті деп ойлаймын. Президентті, Парламентті сайлаған халық өздерінің күнделікті өмірлеріне қатысы бар, өздері жақсы білетін адамдардың ішінен бір ауылдың немесе бір ауданның әкімін сайлай алмайды дегенге өз басым сенбеймін. Сондықтан 2025-2030 жылдары ел болып, жұрт болып ауыл, аудан дәрежесіндегі әкімдерді тікелей сайлауға көшеміз деп ойлаймын. Нағыз демократияның, нағыз патриотизмнің шынайы мектебі осы болар еді», - деді. Өз кезегінде облыс әкімі Даниал Ахметов ауыл әкімдеріне мемлекеттік сатып алу кезінде тиісті жеңілдіктер болуы керектігін, мәселен, ауылда бір жағдай орын алғанда тендердің жариялануын күтпей, шұғыл шешім қабылдай алатындай мүмкіндік тудыру қажеттігін ұсыныс ретінде айтты. «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институты» ЖМ директоры Сергей Худяковтың келешекте комиссия құрамына енетін ауыл тұрғындарын ауыл әкімдері секілді біліктілікті арттыру курстарына жіберу жөніндегі ұсынысы да көпшілік тарапынан қолдауға ие болды.
Ауылдық округ әкімдерінде бұдан былай жеке бюджет болатындықтан, елді мекеннің әрбір тұрғынынан түсетін салықтың да маңызы арта түспек. Өйткені, салық көп болса, бюджеттің көлемі де соған сай болмақ. Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов өз баяндамасында осы мәселеге жан-жақты тоқталды. Жаңа жылдан бастап жаңа жүйемен жұмыс істейтін ауылдық округ әкімдеріне үш айды күтпей қазірден бастап өздеріне тиесілі өңірдегі жылжымайтын мүліктерді, өзге де дүниелерді тіркеуге алу керектігін ескертті.
Екі облыстың үлкенді-кішілі атқамінерлерінің басын қосқан алқалы жиында ауыл әкімдері өздерін толғандырған сұрақтарды қоюларына мүмкіндік алды. Жаңа жүйеге өтуге байланысты жұмыс ауқымы кеңейетіндіктен арнайы штат бөлінсе, жалақы көтерілсе деген ұсыныстарын да жасырмай айтты. Форумды қорытындылаған Тимур Сүлейменов маңызды басқосуда айтылған ұсыныс, өтініш-тілектердің барлығы ескерілетінін, жаңа жүйені түсіндіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын, қазан айында ауылдық округ әкімдерінің барлығына арнайы нұсқаулықтар таратылатынын жеткізіп, осы шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының әкімдеріне алғысын білдірді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН