Рухани жаңғыруды, ондағы латын жазуына көшу қозғалысында да алдыңғы қатарда келеміз. Латын әліпбиі сөз жоқ қазаққа керек. Оны ең көп пайдаланатын біздер үшін маңызы тіпті ерекше. Себебі осы жаңа жазудың барлық ыстығы мен суығын бастан кешетін, әліпбидің ұлтқа қызметіндегі тағдыр-талайында жауапкершіліктің нар жүгін арқалайтындардың біріміз. Ендеше, ел болып Елбасы бастамасын қызу қолдап отырған тарихи кезеңдегі қоғамға керегі сарабдал сабыр. Президентіміз қайта-қайта ескертіп отырғандай асықпай, жан-жақты талқылап, саралап барып, түпкілікті шешім қабылдау ләзім.
Осы жерде жаңа әліпби қабылданбай жатып-ақ жекелеген БАҚ латынша жазуды бастап кеп жіберді. Ол-ол ма, кейбір жерлерде маңдайшалар, бильбордтар латынша бой көрсетіп жатыр. Әліпбиі, ережелері қабылданбаған мұндай асығыстық көрерменді, оқырманды адастыру болып шықпай ма? Түркия, Өзбекстан және Әзербайжанда дәл осындай ойсыз әрекеттің салдарынан шатасуға, адасуға, бас қатыруға ұшырап, әлі күнге дейін соның салдарынан айыға алмағанын көзімен көріп, өз аузынан естігендермен жүздестік. Сондықтан латынша жазудың мән-жайын ғылыми ұйғарым жасалмай жатып, асығыс аттандауға үн қоспайық.
Алдымен әріптестеріме, кісіге кеңес бермес бұрын өзіміз тереңінен зерттеп, анық-қанығына көз жеткізіп алайық дегім келеді.
Қазір қоғамдағы пікірлер әр-алуан, сан қилы көзқарас айтылуда. Бәріне де төзімділік танытып, дұрыс қабылдауымыз керек. Осы орайда солтүстік өңірде орыс тілділер басым ортада тұтастай алғанда қазақ тілінің латын жазуына көшуін түсіністікпен қабылдағаны қуантты. Талай орыс және орыс тілді тұрғындармен жүзбе-жүз тілдестім. Мәселенің терең, маңызды, ұлттық оң жаңғыру екенін атап көрсетті. Айталық, облыстық архивтің басшысы В.Вишниченко, «Тэрра» шаруа қожалығының жетекшісі В.Семейкин, әріптесім «Костанайские новости» газетінің бас редакторы С.Харченко ағынан жарыла шынайы қолдайтындығын дерек-дәйекпен айтқанда сүйсінесің. Бірге өмір сүріп отырған түрлі замандастардың осындайдағы ішкі бірлігіне тәнті боласың. Әйтсе де тек тыз етпе эмоциядан ғана тұратын, астарында қисынды ой жоқ, жұрттың бірлігі мен ынтымағына сызат түсіретін пікірсымақтар, әлеуметтік желіні айтпағанда, үш-төрт кісі бас қосқан жерде жылт ете қалады. Мұндайда байсалды жауабың болуы керек. Өйткені көбі журналист ағайындардың аузын аңдитыны анық.
Сұрақ көп. Бір мұғалім қазақ мектебін латынша бітіргендер елдегі жоғары оқу орындарында орысша кирилицада оқытатын мамандықтарға түсе ала ма? Себебі, елдегі, Ресейдегі ЖОО дені ұлтаралық тілде екені анық қой дейді. Неге түспесін, түсе алады, себебі үш тіл де мектепте оқытылады. Болашағын айқындаған жасөспірім оқитын тілін тереңірек игеруге ұмтылады дейміз.
Менің айтайын дегенім, біз ел үшін керек озық ой-пікір,құнды ұсыныстарды жұртқа алдымен жеткізуге ұмтыламыз. Ендеше ұлт тағдырына тікелей қатысты бұл мәселеге жіті қарап, шынайы жанашыр болайық.
Жанұзақ АЯЗБЕКОВ,
Қостанай облыстық «Қостанай таңы»
газетінің директор-бас редакторы
Қостанай