«Алашорда қозғалысының ұлт тарихындағы орны мен маңызы» атты конференция арыстардың өмірі арқау етілген бейнефильммен басталды. Одан кейін ақын, композитор, Мәдениет қайраткері Төлеужан Ғұмар тізгін ұстаған басқосуда Алаш қозғалысын зерттеуші, ғалым, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді алғашқы болып сөз алды.
– «Ел ішінде «Алаш қайраткерлері ақталды» деген сөз дүркін-дүркін айтылып жатады. Бұл не сөз? Шындығына келсек, ақталатындай олар кімнің алдында кінәлі еді? Біле-білсек, бұл кезіндегі коммунистік партияның шығарған байламсыз пікірі. Осы орайда әр уақытта айтып жүрген сөзімді қайталағым келеді: біз Алашты жоқтап болдық, енді жоқтай беруді тоқтатып, олардың идеясын жүзеге асыруды қолға алуымыз керек, – дейді профессор.
Ал «Арыс» қорының президенті, филология ғылымдарының докторы Ғарифолла Әнес Х. Досмұхамедұлының оқулықтары – мәдени-педагогикалық мұра екенін алға тартты. Ғылым докторы Халел жайлы тың деректерді алға тартып, оның қайраткерлігі мен күрескерлігін баяндады. Сонымен қатар, Әлімхан Ермеков математик, Мұхамеджан Тынышпаев теміржолшы, Халел Досмұхамедұлы дәрігер болғанына қарамастан ұлт мәселесі сынға түскен шақта руханият пен ел саясатына да бірлесе араласқаны, бір өзі бірнеше институттың жұмысын атқарып кеткен алыптардың өмірі және атқарған ісі тек гуманитарлық сала қызметкерлеріне ғана керек болып қалғаны да айтылды.
Түркияның тумасы, қазір Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде оқытушылық қызмет етіп жатқан тарих ғылымдарының докторы Осман Кабадайы сөз алып, Алаш тарихына түрік халықтарының қызығушылығы жоғары екендігін, арыстар жайлы Түркия мемлекетінің баспасөзі де жиі сөз қылатынын атап өтті. «Мағжан Жұмабаев бастаған ақын-жазушылардың шығармасын түрік тіліне аударып, бастыруда да біраз шаруалар атқарылып жатқаны да бауырлас елдің қазақ тарихына немқұрайлы қарамайтынын көрсетеді», деді.
Жиын соңында тарих ғылымдарының кандидаты Шамек Тілеубаев «Алаш қайраткері Ыбырайым Жайнақов» тақырыбында баяндама жасады.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы