Қазақстан • 02 Қазан, 2017

Каспийдегі Иран порттарының әлеуеті

1301 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Теңіз көлігі халықаралық сауданы жеңілдетуде және экономикалық дамуды арттыруда шешуші рөл атқарады. Географиялық тұрғыдан қолайлы жерде, атап айтқанда, Каспий теңізі мен Парсы және Оман шығанақтары арасында орналасқан Иран транзиттік артықшылықтардан пайда табатын теңіз тасымалы желісін кеңейтуге мүдделілік танытып отыр. 

Каспийдегі Иран порттарының әлеуеті

Шын мәнінде, Иран өзін Солтүстік-Оң­түстік халықаралық көлік дәлізі (СОХКД), қазіргі заманғы «Жібек жолы» деп те аталатын Шығыс-Ба­тыс көлік дәлізі, Оңтүстік Азия дәлізі жә­не Еуропа-Кавказ-Азия көлік дәлізі (ТРАСЕКА) шеңберіндегі көлік тізбек­терінде шешуші элемент ретінде қарас­тырады. Дегенмен, теңіз көлігі индус­триясы Иран экономикасының бас­қа да көптеген салалары секілді ірі ха­лықаралық тасымалдау желілерін елдің теңіз порттарынан алыстатқан күрделі санкцияларды бастан өткерді. Бұл жағдай Иранның жол және қала құрылысы министрлігіне қарасты бірден-бір теңіз әкімшілігі болып табылатын Порттар және теңіз қатынасы ұйымында (ПТҚҰ) банкроттыққа ұшырау ықтималдығына байланысты алаңдаушылық туғызуда. Алайда 2015 жылы Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімге қол қойылуы тасымалдау және теңіз саласындағы санкцияларды жоюға мүмкіндік берді. Нәтижесінде ПТҚҰ басқарушы директоры Мохаммад Саиднеджадтың айтуынша, Иран порттарының жүк тасымалдау көлемі 2016 жылы 4,2%-ға артып, 141 млн тоннаға жетті, ал 2015 жылы бұл көрсеткіш 135,4 млн тоннаны құраған болатын. Сонымен қатар, 2017 жылдың қаңтар-тамыз айларында Иран порттарының жалпы жүк айналымы өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғында 6%-ға артып, 94,5 млн тоннадан 100,6 млн тоннаға жетті.

Табиғи-географиялық жағдайға байланысты Иранның ең ірі порттары ел­дің оңтүстігінде орналасқан. Парсы шығанағы мен Оман шығанағының Иран порттарының жалпы өткізу қуат­тылығындағы үлесі 2016 жылы 95%-ға немесе 134,5 млн тоннаға жетті, ал Кас­пий бассейнінің үлесі қалған 5%-ды немесе 6,4 млн тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш 2015 жылғы Каспий порттарының жалпы жүк айналымымен салыстырғанда 2%-ға артық болғанына қарамастан, 7,6 млн тоннаны құраған 2014 жылғы көлемнен 15%-ға аз.

Шындығында Иран Каспий теңізі жағалауындағы порттық нысандардың са­ны тұрғысынан басқа жағалау мем­ле­кеттерінің арасында көш бастап тұр. Солтүстік Иранда 400 км-ге со­зылған Каспий жағалауы бойында көп­теген мемлекеттік және же­ке те­ңіз порттары бар. Олардың ішін­дегі Каспий теңізіне негізгі қызмет көр­сететіндері – 2016 жылы аймақтағы Иран порттары арқылы жалпы жүк ағындарының 96,8%-ын қамтыған Анзали, Амирабад және Ношахр порттары. Каспий порттарының қызметі Иранның аймақтағы негізгі сауда се­ріктесі – Ресеймен және аз дәрежеде бас­қа да жағалау мемлекеттерімен сау­да жасауға, сондай-ақ транзиттік тасымалдарды өңдеуге бағытталған. Сұйық жүк тасымалына бағытталған оңтүстіктегі порттармен салыстырғанда солтүстіктегі порттар құрғақ жүкті ауыс­тырып тиеуге маманданған.

Сұйық жүк тасымалдау трафигінің (мұнай және мұнай өнімдері) Иран Каспий порттарының жалпы жүк өт­кі­зу көлеміндегі үлесі 2015 жылғы 8%-дан (0,5 млн. тонна) 2016 жылы 2,6%-ға немесе 0,1 млн тоннаға дейін төмендеді. Алайда жақын арада Каспий порттары арқылы сұйық жүкті ауыс­тырып тиеудің көлемі артуы мүмкін. Мәселен, 2017 жылдың тамыз айында Dragon Oil мұнай-газ барлау компаниясы Түрікменстанның оффшорлық кен орындарында өндірілген мұнайды Иранға жеткізді. Ресейлік танкерлер Каспий жағалауындағы Нека портында мұнайды ауыстырып тиеуге мамандандырылған және Каспий маңы мемлекеттерімен жасалған бартерлік келісімдер бойынша мұнай импортын реттеу үшін 2003 жылы салынған терминалға шамамен 6 мың тонна мұнай түсірді. Иран тарапы 2010 жы­лы тоқтатылған Нека арқылы шикі мұ­наймен алмасу операцияларының қай­та жаңғыртылғанын растайтын қандай да бір ресми мәлімдеме жасамады. Алайда Нека терминалына 14 мың тоннаға дейін таси алатын ірі мұнай танкерлерін орналастыруға және 2015 жылы тәулігіне 120 мың баррель мұнаймен салыстырғанда тәулігіне 500 мың баррель мұнайды ауыс­тырып тиеуге мүмкіндік берген порттың сыйымдылығын ұлғайту жо­басы 2016 жылдың маусымында аяқ­талғаннан кейін Иран билігінің Ресей, Қазақстан, Түрікменстан және Әзербайжанмен мұнай алмасу жоспарын қайта жандандыруға ниетті екені белгілі болды.

Каспий теңізінің Иран секторын­дағы дәлелденген мұнай-газ кен орын­дарының ашылуы Сардар-Джан­гал және Сардар-Милли кен орын­дарындағы мұнай операцияларын қол­дау үшін жағалау инфрақұрылымын да­мы­ту қажеттілігін арттырды. Анзали Каспий көмірсутегі шикізатына жақын орналасқандықтан, бұл порт Иранның аймақтағы мұнай барлау жұмыстарын жүргізу үшін маңызды терминалға айналды. Бүгінгі күні номиналды жүк айналымы 11 млн тонна болатын Анзали Иранның Каспий жағалауындағы ең ірі порты болып табылады және тиеу мен түсіру тоннажы бойынша Имам Хомейни мен Шахид Раджей порттарынан кейін үшінші орында тұр.

Контейнерлік жүктерді өткізу қабі­летінің төмендеуі Амирабад арқылы жүк ағынының 2015 жылғы 2,9 млн тоннадан 2016 жылы 20%-ға азайып, 2,35 млн тоннаға дейін төмендеуіне себеп болғанын атап өткен жөн. Дегенмен, ирандық билік портты Каспий айма­ғындағы ең ірі портқа айналдырып, порт инфрақұрылымын жақсарту ние­тін анық көрсетті. Жарияланған портты дамыту жоспарына сәйкес, темір жол паром терминалын, Ro-Ro қондырғыларын жаңғырту, сондай-ақ астық өңдеу құралдарын ұлғайту көзделген. Мысалы, 2030 жылға қарай астық тасымалдау көлемін 7,5 млн тоннадан 18 млн тоннаға дейін арттыру жос­парлануда, ал астық пен мұнай сақтау қуаттары тиісінше 170 мың тоннадан 500 мың тоннаға дейін және 16 мың текше метрден 70 мың текше метр­ге дейін кеңейтілетін болады.

Қорыта келе, Каспий порттарының нысандарын дамытуға бағытталған стратегияны іске асыруды жалғасты­руға Тегеранның мүддесі бар деуге болады. P5+1 тобымен жасалған ядро­лық келісім және Иранға қарсы эконо­микалық санкциялардың бір­те-­бірте алынып тасталуы порт инфрақұрылымын дамыту қызметін жан­дандыруға негіз болды. Алайда, Иранның оңтүстіктегі порттардан гөрі солтүстіктегі порттардың әлеуетін кеңей­туге басымдық беретіні екіталай. Себе­бі Иран әлі күнге дейін Парсы шы­ға­нағы мен Оман шығанағынан шығатын халықаралық теңіз байланысына тікелей қатынауды талап ететін дамып келе жатқан және мұнай экспортына негізделген экономикаға ие.

Лидия ПАРХОМЧИК,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық 
қазақ-түрік университеті, 
Еуразия ғылыми-зерттеу 
институтының аға ғылыми қызметкері