Қазақстан • 02 Қазан, 2017

Өнерде де, өмірде де біргеміз - «Астана» тобы

544 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нартай мен Құралайдың бірге ән айтып жүргеніне алты-жеті жылдың жүзі болды. Тараздық жұпты елімізге танытқан ән – «Бақытты күндерім». Қазақ радиосы мен Шалқар радиосынан, сондай-ақ Астана радиосынан, Қазақстан ұлттық арнасынан екі жастың әуелей ұшқан дауыстарын қалың тыңдарман талай естіді. Алғашында дуэт болып ән салып жүрген екі жас бүгінде «Астана» дейтін топ құрған. 

 

Өнерде де, өмірде де біргеміз - «Астана» тобы

Алғашқы ән жинақтарын шығарған соң өнерпаз өрендер «Егеменнің» редакциясына өздері келді. – Бізді тыңдармандарға көбірек танытқан ән – «Бақытты күндерім» еді. Алғашқы жинағымызды да солай атауды жөн көрдік. Ал Астанаға келгенімізге бес жыл. Елімізде неше түрлі атаумен аталған топтар көп. Біз өзімізді «Астана» тобы деп атауды жөн көрдік. Бұл елордаға деген құрметіміз, дейді Нартай. Ол жары екеуін өнер табыстырғанын айтты. Құралайдың тек әнші ғана емес, сазгер екенін, оның «Гүлдер», «Астана» атты әндерін белгілі әнші Гауһар Қаспақованың орындайтынын, сондай-ақ Таразда жүргенде Құралайдың облыстық деңгейде екі рет шығармашылық кеші өткенін баяндады. Өз кезегінде Құралай да Нартайдың әншіліктен бөлек сазгерлік қырынан хабардар етті. Нартайдың «Ана» атты әнін Әділ Исламхан орындаса, «Жаңбырда» әнін «Тарту» тобы орындайды. Сондай-ақ Нартай Жамбыл облыстық филармониясында еңбек етіп жүргенде көпшілікке термешілігімен танылған азамат екен. Бүгінде эстрадалық бағытта ән шырқап жүргенімен, екеуі де қазақтың қара домбырасының құдіретіне бас иеді. Екеуі де домбыра, гитар, сазсырнай, фортепьяно аспаптарында ойнай алады. 

Нартай Алтай мен Құралай Қырықбаев­а­н­ың қоржынында осы күнде жиырмадан ас­там ән бар. Бұл, әрине жарыққа шық­қан­дары. Ал өңделмегендері одан көп. Олар тек заманауи әндерді ғана емес, ретро әндер мен дәстүрлі бағыттағы әндерді айтқанды да ұнатады. Әрине аздап әрлейді. Бұл тұрғыдан алғанда Б.Байқадамовтың «Су тасу­шы қыз», К.Дүйсекеевтің «Еркеледің сен», Ақан серінің «Ләйлім шырақ», «Бал­қадиша» әндерін репертуарларына ен­гізген. Өздері де ән жазатынын жоғарыда баян­дадық. Сондай-ақ Құрмаш Махан, Бағ­дат Сәмединова, Олжас Отар сынды өнер иелерімен де шығармашылық байланыста. 

Бүгінде Нартай елордадағы Оқушылар сарайының студиясында ән әрлеуші қыз­метін атқарса, Құралай №2 Өнер мек­те­бінде домбырадан сабақ береді. Биылғы жос­парларында ән жинағын шығарудан бө­лек, шығармашылық кештерін өткізу де бар екен.