Қазақстан • 02 Қазан, 2017

Электр энергиясын дамытуда қандай жұмыстар атқарылуда?

448 реткөрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиевтің қатысуымен «Электр энергетикасын дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. 

Жиын барысында компания басшысы Елбасы Жолдауында бірінші басымдық ретінде экономиканың технологиялық жаңғыруын жеделдету мәселесі көрсетілгенін атап өтіп, бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды.

Жаңғырмалы энергия көздерін пайдалану артады

Экономиканың жаңғыруы мен дамуына жоғары технологиялық инфрақұрылымның әсері мол екені белгілі. Осы ретте Б. Қажиев экономика мен техникадағы өзгерістердің энергетика саласына қалай әсер ететінін айтты. «Әлбетте, электр энергиясымен қамту сапасына талап күшейеді. Жоғары технологиялық өндірістің де электр энергиясына тәуелділігі артады. Екіншіден, акционерлер, заң шығарушылар, реттеуші органдар, экологиялық және қоғамдық ұйымдар энергетикалық компания жұмысының нәтижесіне талаптарды күшейтеді. Мысалы, инвесторлардың мүдделері қорғалып, операциялық шығындарды төмендету талап етілуі мүмкін. Үшіншіден, энергетикалық нысандардың экологиялық және өндірістік қауіпсіздігіне деген талап та артады», деді Б. Қажиев.

Тағы бір айта кетерлігі, электр желілерінің артуы электр энергетикалық жүйе құрылымын күрделендіре түседі. Сол себепті компания атқаратын бірнеше міндеттер айқындалған. Солардың бірі – күн және жел электр стансалары көбейген жағдайда электр желілерінің жұмыс сенімділігін қамтамасыз ету. «Жаңғырмалы энергия көздерін пайдалану – әлемдік тренд. Қазақстан да соған қарай аяқ басып, бірнеше жұмыстар атқарды. Атап айтқанда, «Жаңғырмалы энергия көздерін қолдау туралы» заң қабылданып, алғашқы күн және жел электр стансалары салынды», дей келе KEGOC компаниясының басқарма төрағасы 2020 жылға дейін аталған көрсеткішті 3 пайызға, 2030 жылға дейін 10 пайызға жеткізу жоспарланғанын айтты.

Дегенмен, Қазақстанда электр жүйесіне жаңғырмалы энергия көздерін кіріктірудің бірнеше проблемалары бар. Біріншіден, бізде көмір электр стансаларының саны көп. Оның мүмкіндіктері электр жүйесіндегі қуаттылық балансын сақтап тұру үшін жеткіліксіз. Ал электр желісін тарату мен тұтыну деңгейі сәйкес болмаса, электр қуатының балансы бұзылады. Екіншіден, ел аумағы бойынша энергия ресурстарын бөлуде біркелкілік жоқ. Яғни, электр энергиясы бастапқы нүктеден тұтынушыға жету үшін өткізу қабілеті шектеулі ұзын желілер арқылы өтеді. Б.Қажиевтің айтуынша, бұл мәселелердің барлығы ескерілген. «Алдымен, жаңғырмалы энергия көздеріне қойылатын техникалық талаптарды нақтылау керек. Энергия жүйесіне күн немесе жел электр стансаларының ескірген типтерін енгізуден де аулақ болған жөн. KEGOC аталған электр стансаларына қойылатын техникалық шарттарды жасау барысында осының барлығын ескереді және әлемдік талаптар бойынша жетілдіре беретін болады», деді ол. Ал Оңтүстік Қазақстандағы энергия тапшылығы, негізгі электр энергиясын тарату объектілерінің солтүстікте орналасқаны, бұрын ШҚО-ның әлсіз желіге қосылғаны біршама қиындық тудырғаны белгілі. Бірақ, былтырғы жылдың желтоқсанында құны 53 млрд теңге тұратын «Екібастұз-Семей-Өскемен» тасымалдау желісі іске қосылғаны белгілі. Бұған қоса жалпы ұзындығы 900 шақырымға созылатын «Семей -Ақтоғай - Талдықорған – Алма» жобасының 500 шақырымы мерізімен бұрын аяқталып, қолданысқа дайын тұр. Бұл жоба 2018 жылы толығымен аяқталып, аталған проблемалар жойылады деп күтілуде.

Электр энергиясы сапасы қатаң бақылауда болады

Қазіргі таңда электр энергиясының сапасын бақылау жүйесін құрудың маңызы күннен күнге артып келеді. Б. Қажиевтің айтуынша, жаңғырмалы энергия көздері дәстүрлі электр энергиясына қарағанда кей жағдайда сапа көрсеткіштерін төмендетуі мүмкін. «Бұл электр энергиясы сапасын бақылау жүйесіне өзгерістер керек екенін көрсетеді», дей келе KEGOC басшысы Елбасы Жолдауында мемлекет экономикасын дамыту үшін алдыңғы қатарлы цифрлы технологияларды қолдану қажеттілігі туралы айтылғанын да атап өтті. «Мысал ретінде заманауи цифрлы технологияға негізделген Smart Grid жүйесін атауға болады. Ол электр энергиясымен қамту сапасын арттыруға айтарлықтай әсер етеді», дейді Б. Қажиев. Аталған жүйені жүзеге асыру үшін KEGOC компаниясы тек технологиялық жағын емес, қажетті шығындарды да есептеп, тұжырымдамаға қоспақ.

Бір айта кетерлігі, бүгінгі күннің өзінде компания жобаларында интеллектуалды энергия жүйесінің элементтері қосылған. Мысалы, Ұлттық электр жүйесіне релелік қорғаныстың микропроцессорлық құрылғысы, SCADA диспетчерлік басқару жүйесі, коммерциялық есеп жүйесі, басқарылатын тұйықтауыш реакторлар қолданылады.

Бизнесті трансформациялау бағдарламасы жүзеге асырылуда

 Басқарма төрағасы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-қа кіретін басқа да компаниялар сияқты KEGOC та бизнесті трансформациялау бағдарламасына қатысып жатқанын айтты. Компания 4 сатыдан тұратын бағдарламаның үшеуін сәтті аяқтаған. «Бизнесті трансформациялау бағдарламысның алғашқы сатыларында біз барлық бизнес процестерге қайтадан инжиниринг жүргізіп, жаңа ұйымдастыру құрылымын жасадық. Соның нәтижесінде басқарудың бірнеше сатысы қысқарды. Мысалы, басқарма төрағасының орынбасары, департамент басшысының орынбасары секілді қызметтер алынып тасталды. Филиалдарда экономикалық мәселелер бойынша директордың орынбасары, бас есепшінің орынбасары лауазымы да қазір жоқ», деді Б.Қажиев. Оның айтуынша, қазір компания 23 жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның ішінде «Қазақстанның энергетикалық жүйесін басқаруды автоматтандыру» жобасы да бар. Олардың барлығы сәтті жүзеге асырылса, электр энергиясының сапасында ғана емес, халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігінде де оң өзгерістер болатыны анық.

Гүлнұр Қуанышбекқызы, 

«Егемен Қазақстан»

 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Түркістан – жастар қаласы!

Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2019

Музейді түнде тамашалау да бір ғанибет

Руханият • 21 Қыркүйек, 2019

«Оңай» картасы қымбаттайды

Қоғам • 21 Қыркүйек, 2019

Оралда 4 велосипед ұрлаған ұры ұсталды

Аймақтар • 21 Қыркүйек, 2019

Орал қаласында Абай оқулары өтті

Әдебиет • 21 Қыркүйек, 2019

Импорттан не ұттық?

Экономика • 21 Қыркүйек, 2019

Лисаковтың «Бәйтерегі»

Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2019

Гобелен – текті өнердің туындысы

Руханият • 20 Қыркүйек, 2019

«Мәдени қабат» жойылған жоқ

Қоғам • 20 Қыркүйек, 2019

Шахмардан тербелген талбесік

Руханият • 20 Қыркүйек, 2019

Ұқсас жаңалықтар