«Ел игілігі жолында ұзақ жылдар тынымсыз еңбек еткен қарияларымыз – біздің асыл қазынамыз, алтын қорымыз. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы игі дәстүрлерімізді, рухани құндылықтарымызды насихаттап, жастарды отансүйгіштікке баулуды алға тартып отыр. Осы орайда қоғамның белсенді мүшесі ретінде Сіздердің ой-пікірлеріңіздің, ақыл-кеңестеріңіз бен тәжірибелеріңіздің тәрбиелік мәні зор», - деді аудан әкімі.
Салтанатты шара барысында Н.Сыдықов Жарма өңірінің дамуына үлес қосқан Кабыкен Айсағожинов, Пайзолла Мусинов, Қызырхан Ағымбаев сынды ақсақалдарға Құрмет грамоталарын тапсырды.
«Сіздердің төккен тер, еткен еңбектеріңіздің жемісін ұрпақтарыңыз көріп отыр. Сіздерден тәлім алған өскелең өрендер нәтижелі істеріңізді жалғастырып, егемен еліміздің еңсесін тіктей берсін. Аудан орталығынан Ардагерлер үйін ашуға қолдау танытып, қамқор болған аудан әкіміне алғысымызды айтамыз. Алдағы уақытта Жарма ауданының ардагерлер кеңесінің жұмысы бұдан әрі жандана түседі деп сенеміз», - деді шара барысында сөз алған Айтқазы Шерубаев.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Есполов пен Қалбатау ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Саяси Малғаждаровты «Ардагерлер ұйымына 30 жыл» мерекелік медалімен марапаттады.
Жаңа ғимаратқа ие болған ардагерлердің қуанышында шек жоқ. «Ардагерлер отауының ашылуы ұйымның жұмыс аясын кеңейтеді. Аға буын өкілдеріміз осында бас қосып, уақыттарын тиімді өткізумен қатар, түрлі тақырыпта пікір алмасып, қоғам дамуына өзіндік үлесін қосатын болады», - дейді Жарма ауданының Құрметті азаматы Рәзия Сәрсембаева.
«Осы уақытқа дейін арнайы ғимараттың болмауы көп іске қол байлау болып келген еді. Ендігі кезекте өзіміз ыңғайлы уақытта басқосулар ұйымдастырып, түрлі шаралар өткізетін боламыз», - дейді аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сейітбек Ақаев.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Жарма ауданы