Аймақтар • 03 Қазан, 2017

Ақмола облысындағы «Нұр Отан» партиясы латын әліпбиіне көшуді қолдайды

611 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауға байланысты алдағы екі жылда үлкен ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілетіні белгілі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ол жан-жақты ашып көрсетілген де. Осыған орай Ақмола облысы демократиялық күштерінің коа­лициясы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында Қазақстанның латын әліпбиіне көшуіне қолдау білдірді.

 

Ақмола облысындағы «Нұр Отан» партиясы латын әліпбиіне көшуді қолдайды

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Өңір­лік коммуникациялар қызметі «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының баспасөз қыз­метіне сілтеме жасай отырып таратқан ақпаратында Президенттің бағдарламалық мақаласы жаңа идео­логиялық құжат екендігі ерекше аталған. Бұл ретте­ «Нұр Отан» партиясының Ақмола облыстық филиа­лы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бек­мағамбетов былай дейді: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Мемлекет басшысы латын әліпбиіне ауысудың жоспарын ұсынды, республиканы латын әліпбиіне көшіру – бұл уақыт талабы». Шынында да қазір технология мен инновация тек латын тілінде тарайтындықтан Ел­басы да өз мақаласында мұны нақты жазған: «Ла­тыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі за­манғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сон­дай-ақ  ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру про­цесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қа­бырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер бол­мақ емес», – дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Ақмола облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төле­ғұл да өз сөзінде статистикаға жүгіне оты­рып, әлем халықтарының 80 пайызы латын әліп­биін пайдаланатындығын алға тартты. «Әлемдік ақ­параттың басым бөлігі соның көмегі арқылы жа­салады, яғни бүкіл адамзат қазіргі заманғы техноло­гияларды игеру, өркениетті қарым-қатынастарды қа­лып­тастыру үшін осы жалпы қабылданған графиканы меңгеруге ұмтылады», – деді ол. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірі­су туралы нақты тапсырмалар берген болатын. Өйт­кені мұндай ауқымды міндеттерді жүзеге асыру да оңай шаруа емесі тағы түсінікті. Бұл орайда филология ғылымдарының кандидаты Бердібай Шалабай құзыретті ақпарат жұмысының қажеттілігін көлденең тартты. Профессордың пайымынша, латын әліпбиіне өтуге нақты әзірлік қажет. «Әлемде латын графикасы басты орындарда болды және солай қалып отыр. Бүгінгі күннің шындықтары Қазақстанды тарихи тұрғыдан жақын түркітілдес елдермен сенімді мә­дени-саяси қатынастар орнатуды талап етеді», – дейді Б.Шалабай. Талқылау барысында өзге де қатысушылар тарапынан бірқатар ойлар айтылып, пікір­лер ортаға салынды.

Осылайша «Нұр Отан» партиясының облыс­тық филиалында бас қосқан Ақмола облысы демо­кратиялық күштерінің коалициясы мүшелері Прези­денттің бағдарламалық мақаласына және қазақ әліп­биінен латынға көшу жобасына бірауыздан қолдау білдірді.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы