Ал нарық заманында, экономиканың қарқын алған дәуірінде асыраушы саланы дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын көтеру де күн тәртібінде. Алайда халық күнделікті тұтынатын түрлі тағам түрлері мен көкөністер және өзге де өнімдердің бағасы кейде төмендеп, кейде күрт өсіп кетіп жатады. Сондықтан да ел арасында түрлі пікірлер қалыптасып, баға тұрақтылығына қатысты әртүрлі әңгімелер айтылады. Дегенмен мамандар баға тұрақтылығына қатысты өз уәждерімен бөлісуге әрдайым дайын. Бүгінгі таңда Әулиеатаның бірқатар сауда нүктелерінде де баға тұрақтылығының басты назарға алынбауынан бірқатар өнім түрлерінің қымбаттауы орын алып отыр.
Биылғы жылы Жамбыл облысы бойынша 28,2 мың гектар алқапқа көкөніс дақылдары орналастырылған. Сонымен қатар өңір тұрғындарын маусымаралық кезеңдерде көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша жалпы аумағы 26,4 гектар жерде 30 жылыжай өнім беріп келеді. Ағымдағы жылдың жартыжылдығында жылыжайлардан 104,4 тонна қызанақ, 1081,4 тонна қияр және 120,3 тонна басқа да көкөніс дақылдары жиналған. Қазіргі таңда облыс нарығының көтерме саудасына көкөністердің басым көпшілігі Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарымен қатар, облысымыздың Қордай, Байзақ, Жамбыл аудандарынан алынуда. Мәселен, өзге облыстардан пияз өнімі 30-40, сәбіз 50-70, қырыққабат 25-30 теңгеден алынса, өңіріміздегі Жуалы және Байзақ аудандарынан картоп 65 теңгеден жеткізіледі. Ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап жүргізілген талдау барысында Тараз қаласындағы «Ауыл Береке» базарынан алынған көкөніске шаһардағы ірі «Смарт», «Смолл», «Дәмдес», «Гаухар», «Арзан» сауда нүктелері үстеме ақыны – 60, ал кей жерде 150 пайызға дейін қосатыны анықталған. Аталған жерлерде не себепті баға тұрақтылығы сақталмаған деген сауалға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов «Үстеме ақыны төмендету үшін сауда нүктелерінің басшыларына сауда орнын жалға беру құнын төмендету, көкөністі делдалсыз тікелей сатып алу жөнінде кеңес берілді. Алдағы уақытта осы сауда нүктелерінде тұрақтандыру қорындағы сиыр етінің келесін 1190 теңгеден беріп, облыстық орташа бағаны 1250 теңгеге дейін төмендету жөнінде келісімдер жүргізілді. Алдағы уақытта қордағы ет 8 бірдей сауда орнынан сатылатын болады», – деп жауап берді.
Негізінен өңірде сиыр және қой еті молынан өндірілгенімен, аталған ет өнімдерінің де бағасы артып кеткен. Бірақ басқарма аталған тауар бағаларының артуын бірінші кезекте тұрақтандыру қорының 30 тонна ет алуымен және Иран мен Бахрейнге еттің экспортталуымен түсіндіріп отыр. Дегенмен әуелі жергілікті халықты арзан етпен қамтамасыз етіп, одан кейін ғана тауарды экспортқа шығарсақ, сонда ғана баға тұрақтылығы қалпына келер еді...
Сонымен қатар тамыз айында тек тауық етінің және сары майдың бағалары 2 пайызға жоғарылаған. Ал тауық етіне импорттық өнім бағасы, сарымайға өндірістік шығын мен шикізат көлемі әсер етуде екен. «Бұдан бөлек, негізгі азық-түлік бағаларына тұрақты талдау жүргізу мақсатында аудандардан апта сайын жинақталатын соңғы жедел баға мәліметтері бойынша жыл басынан бері 33 тауардың ішінен 8 тауардың орташа облыстық бағалары жоғарылады. Атап айтар болсақ, сиыр еті – 8, қой еті – 15, тауық еті – 3,3, тауықтың сан еті – 4, майлылығы 3,2 пайыз болатын айран бағасы – 1,3, пияз 18, сәбіз – 12 және ас тұзы 1,8 пайызға өсті», дейді Нұржан Молдиярұлы.
Мәселен, облыста көкөніс пен жеміс-жидек өсіруге баса назар аударылып, жыл өткен сайын олардың көлемі артып келеді. Алайда көрші Қырғыз және Өзбекстан республикалары мен Оңтүстік Қазақстан облысының бағбандарынікінен бізде өндірілген өнім көлемі аз болып отыр. Сондай-ақ бұл жерлерде көкөніс бағалары тиісінше арзан. Енді биылғы жылы Шу, Сарысу және Қордай аудандарында жаңадан жылыжайлар салынды. Және жыл соңына дейін тағы да 15 отбасылық жылыжай құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Бәлкім өңірдегі көкөніс бағасының тұрақтылығы сол кезде ғана қалпына келетін шығар.
Сонымен қатар облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова жыл басынан тамыз айына дейін азық-түлікке жатпайтын тауар бағасы республикалық көрсеткішпен салыстырғанда 0,3 пайызға төмендегенін айтып отыр. Алайда бүгінгі күні Байзақ ауданында – 17, Жуалы ауданында – 13 және Шу ауданында 7 түрлі тауар бағасы көтерілген. Сондай-ақ азық-түлікке жатпайтын тауарлардың 53 түріне жүргізілген талдау қорытындысы бойынша ең жоғары баға Тараз, Шу және Т.Рысқұлов аудандарында тіркелген екен.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы