Қазір бірқатар өңірлерде дәрі-дәрмек бағасы нақты құнынан әлдеқайда жоғары. Соның бірі Ақтөбе. Осы кереғарлықты қалай реттеуге болады? Әдетте өнім өндірушіден тұтынушыға дейін деп жатамыз. Бұл екі аралықтың өзі тұтас бір институт десе болғандай. Сарапшы мамандар осы екі аралықта кеткен шығынның есебін шығарып жүргені белгілі. Осы көлем тұтынушы сатып алатын өнімнің әділ бағасы болып шықпай ма? Яғни дәрілік заттарды өндірушіден сатып алушыға дейінгі қадағалау жүйесін енгізуге болатыны талас туғызбайды.
Ойды ой қозғайды. Елімізде бұған дейін халыққа тегін медициналық көмек көрсетудің кепілді көлемі белгіленген. Арнайы заңдармен және нормативтік талаптармен бекітілген бұл құжат тәжірибеге берік орныққаны әрі өзін өзі ақтап келе жатқаны аян. Дәл осындай кепілді көлемді тұтынушылар жиі тұтынатын дәрі-дәрмектер бағасына қатысты да белгілегеннің артықшылығы жоқ секілді. Дәрі-дәрмектер бағасын мемлекеттік тұрғыдан реттеу қажеттілігін туындататын мұндай бастама жоқ емес бар. Оң бастаманы жан-жақты қолдау ғана жағдайды тұтынушылар пайдасына шешуді оңтайландыра түспек. Осы орайда дәрі мен дәрілік заттардың бірінші кезекте қарапайым тұрғындар үшін қолжетімді болуын ұдайы назарда ұстаған жөн секілді.
Еліміздің бірқатар аймақтарында дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуінің басты себептерінің бірі импорттық үлестің басымдығы. Бұл әсіресе, шекаралас өңірлерде жиі бой көрсетіп келеді. Бұл бағытта Ресей мен Қазақстанның шекаралық тұсында орналасқан Орынбор мен Ақтөбе облыстары дәріханаларындағы баға айырмашылығына сараптау мен салыстыру жасап көруге болады. Айталық, өткен сәуір айының аяғында Орынборда өткен Ақтөбе облысының күндері кезінде ақтөбеліктер көршілеріндегі дәрі бағасы өздерінікімен салыстырғанда біршама арзан екеніне көз жеткізіп қайтты. Бүгінгі күні қант диабетін емдеуге қолданылатын дәрілер тұтынушылар тарапынан үлкен сұраныс туғызады. Оның бағасы Орынборда 8500 теңге тұрса, Ақтөбеде – 17 мың теңге. Өзге дәрі түрлерінің бағалары да салыстырмалы түрде осындай. Ақтөбеде дәрілік заттардың баға айырмашылығы отыздан елу пайызға дейін жетуі мүмкін деген болжамдар жасалып отыр. Мұның түрлі себебі бар. Ең бастысы, көршілердегі дәрі өндірісінің біршама жетілдірілгені және өндіруші мен сатып алушы арасындағы делдалдарға тосқауыл қойылғаны.
Осы орайда тағы бір өзекті жайтты атап өтсек. Бұл жергілікті атқарушы билік өкілдерінің сол аумақтағы дәріхана басшыларына қандай да бір ықпал ету тетігінің жоқтығынан туындайды. Осыған қарамастан соңғы кезде өңірде дәрі-дәрмек бағаларын реттеу жөнінде бірқатар іс-шаралар белгіленді. Соның ең бастысы Ақтөбе облыстық әкімдігі мен өңірдегі фармацевтикалық қызметті қолдау қауымдастығы, сонымен бірге медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау департаменті арасында жасалған үшжақты меморандум. Бұл – дәрі бағасын қалыпты түрде ұстау мақсатын көздеген іргелі қадам. Келісім негізінде 106 дәрілік зат пен медициналық мақсаттағы бұйымдарға бағаның өсуіне жол бермеу мақсаты тұр. Оның 52 пайызы елімізде өндірілсе, 14 пайызы шетелдік өндірісшілердің үлесіне тиеді. Ал Кеден одағы аумағында шығарылған дәрілердің мөлшері 34 пайызды құрайды. Үш жақты меморандумда көрсетілген бағаның өспеуін бақылауға қала мен облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдері қатысады. Осы орайда арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар меморандум шегіндегі 172 дәріханаға рейд жүргізіп, оның нәтижесін облыстық мәлихатқа ұсынатыны да ықпал ету тетігінің іске қосыла бастағанын көрсетеді. Осы іс-шаралардың қорытындысына сәйкес Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті тиісті сараптама жүргізеді.
Дәрілік заттар бағасына дәріханалардың ақпараты бойынша айына екі рет мониторинг жүргізу тәртібі енгізілген. Бұл жөнінде аталған департаменттің директоры Ринат Құбатаев айтты. Оның мәлімдеуінше, қазір дәріханаларда дәрі мен дәрілік заттардың жеткілікті болуы 90-96 пайызды құрайды. Бәрінің бағалары меморандумда көрсетілген мөлшерден жоғары емес. Міне, Ақтөбе аймағында дәрі-дәрмектің бағасын қалыпты ұстауға қатысты қолға алынған іс-шаралардың бірі осындай.
Дегенмен, дәрі бағасына қатысты бұған дейін орын алған түйткілдер түгелдей тарқатылды деп айту әлі ертерек секілді. Айталық, дәрі-дәрмектерге баға белгілеу кезінде маңызды рөл атқаратын тағы бір мәселе бар. Бұл «Дәрілік заттарға сараптама жүргізу ұлттық орталығы» РМК осы істі күрделендіріп, қымбаттатып келгенінен туындайды. Қолда бар деректерге қарағанда, өткен жылы өңірде «Антигриппинге» сараптама жүргізу 6 мың теңге тұрса, биылғы көктемде оның бағасы 70 мың теңгеге дейін аспандап кеткен. Қысқасы, қызмет құны табаны күректей он бес есеге артыпты. «Аспирин» жөнінде де дәл осындай биік шарықтау тіркелген. Мұның себебі неде? Бұл сауалдың жауабы әзірге жұмбақ күйінде қалып отыр. Тағы бір гәп төмендегіше. Дәрі өнімдерін өндірушілер мен оны сатып алушыға дейінгі арада өнім қанша делдалдан өтті екен? Оны анықтау мүмкін бе? Осы мәселе анықталған жағдайда дәріні қолдан қымбаттату көріністеріне қарсы тиімді шаралар белгілеуге жол ашылмақ.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, қазіргі кезде тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамту ісі табыстың көзі екеніне көз жеткізе түсеміз. Бірақ ел тұрғындарының денсаулығын түзеуге тікелей қатысты болғандықтан, оның әлеуметтік жауапкершілігі де жоғары болуы тиіс. Ендеше еліміздегі дәрі-дәрмек бизнесінің мейлінше байыпты, ашық, адал әрі заңды өркендегенін қалар едік.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы