Ілкі тарих
Ресей империясындағы 1867-1868 жылғы реформа бойынша тұрғындарға медициналық көмек көрсету үшін уездерде дәрігер, фельдшер және босануға көмектесетін адамдар лауазымдары бекітілді. Әрине алғашқы кезде медициналық мекемелер қалаларда, ірі казак стансаларында ғана шоғырланып, тұрғындардың ауқатты бөлігіне ғана қызмет көрсетті. Міне, осы тұста Оралдағы әскери аурухана 40 орынға дейін кеңейтіліп, 1 дәрігер, 3 фельдшер қызмет етті. 1874 жылы аурухана 60 орынға, ал 1879 жылы 100 орынға кеңейтілді. Бұл мекеме «жалпы аурухана» саналып, онда әртүрлі науқастар ем-дом алды. Ішкі Ресейде 1905-1907 жылдары болған төңкерістен кейін қазақ жеріне қоныс аударушылар көбейді. Бұл саясат кезінде ауылдық денсаулық сақтау жүйесі де дамыды. Осы жылдары облыс аумағына Санкт-Петербург медициналық академиясының медицина факультетін бітірген К.Тимофеев, А.Генке, Саратов медицина университетінің түлегі А.Селезнев келді.
Соғыс жылдарында
Әрине Орал өңірі ХХ ғасырдың басында қым-қуыт оқиғалардың, аласапыран соғыстың ортасында болды. Білікті маманға, дәрігерлік көмекке мұқтаждық та жоғары еді. Ал 1941 жылы Орал тағы да қан майданның жақын тылына айналды. Тарихта ІІ Дүниежүзілік соғыстың шығыс майданы – Ұлы Отан соғысы басталды. Қазақстанның денсаулық сақтау қызметі алдында жергілікті тұрғындардың денсаулығы, майданға жіберетін медициналық қызметкерлерді дайындау және жіберу, жарақаттанған және сырқат әскерлерді жедел түрде майданға қайтару сияқты үлкен міндеттер тұрды.
«Аурухана қызметкерлеріне ауыр жағдайда жұмыс істеуге тура келді: төбеден су кеткен, кәріз жүйесі, электр жарығы жоқ. «Бестік», «жетілік» керосин шамның жарығымен операция жасауға мәжбүр болдық. Тек хирургия бөлімшесінде 50 пеш болды, бірақ отын үнемдеуге байланысты оның кейбіреуі жағылмайтын», деп еске алады Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген аға хирургі З.Латыпова.
2004 жылдан бастап аурухана жаңаша кейіпке енді, өркендеді. Сол кезде ауруханаға бас дәрігер болып Қамидолла Ирменов тағайындалған болатын. Мекеме стационар, травмпункт, кеңестік емхана, санитарлық авиациямен толықты, жаңа технологиялар енгізілді.
«Әлемдік бәсекеге дайынбыз»
«Аурухананың жабдықталуы көз тартарлық өзгеріске ұшырады. Облыстық аурухана негізінде арнайы бөлімдер ұйымдастырылып, қазіргі таңда ревматологиялық, пульмонологиялық, гастроэнтерологиялық, эндокринологиялық, нефрологиялық, гематологиялық, тамырлы хирургия, нейрохирургиялық, отоларингологиялық, неврологиялық, травматологиялық, жақ-бет хирургиясы, офтальмологиялық, физио бөлімдер жұмыс істеп жатыр», дейді Батыс Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасының директоры Ерлан Тоқсанов.
«Денсаулық – зор байлық» дейді ғой халқымыз. Оралдағы аурухананың білікті еміне риза болған халық көп. Мысалы, бұрын көз ауруларына шалдыққан пациенттер көршілес Орынборға ағылатын. Оралдық дәрігерлер аурухананың көз бөлімінде Орынбордың хирург-офтальмологтарының тікелей атсалысуымен көз микрохирургиясы бөлімшесін ашты. Сөйтіп Орал қаласы және ауыл тұрғындары, облыс аумағынан шет кетпей терапиялық, хирургиялық медициналық көмекті алу мүмкіндігіне ие болды. Облыстық клиникалық аурухананың офтальмологиялық бөлімі – бүгінгі таңда республикадағы үздік бөлімдердің бірі. Медицина ғылымының докторы, академик Владимир Канюковтың басқаруындағы Орынбор қаласының Федоров атындағы көз микрохирургиясы офтальмологтарымен тығыз қарым-қатынас орнатылды.
– Дәрігерлердің біліктілігі мен кәсіби шеберлігін арттырудың маңыздылығы өте зор. Осы дағдыларды шыңдай келе біз бүгінгі таңда әлемнің білікті дәрігерлері жасайтын оталарды өзіміз жасауға қауқарлымыз. Есту қабілетін жақсарту, яғни адамға айналасындағы ортаны қайта таныту, сонымен қатар жамбас, тізе буындарын эндопротездеу, озық нейрохирургиялық оталарды жасау – біздің жетістіктеріміздің бірегейі ғана, – дейді Е.Тоқсанов.
Біліктілік – басты қағида
Клиникалық ауруханада эндобейнехирургия бөлімшесімен қоса хирургиялық саладағы 10 бөлімше қызмет етеді. Жоғары технологиялар қатарына жататын түрлі операциялардың 17 түрі енгізілді, лапароскопиялық операциялардан кейінгі асқынулар казуистикалық сипатқа ие болып, құлақ микрохирургиясы дамыды. Микрохирургиялық техниканы пайдалану арқылы есту қабілетін жақсартатын операциялар, омыртқа спондилодезі, сан-жамбас, тізе буындарын эндопротездеу, блоктау штифтарымен сирақ және сан остеосинтезі, гемигепатэктомия және ісік кезінде бауырды резекциялау, бронхоэктатиялық аурулар және плевра мен өкпенің іріңдеу аурулары кезінде өкпеге операциялар, ащы және тік ішектерге қайта құру операциялары жүргізілді. Гастроэнтерология бөлімшесінде ауруларды емдеу мен диагностикалау бойынша да жаңа әдістер енгізілді. Осы сынды оталарды жасайтын облыстық клиникалық аурухана бүгінде заманауи құрылғылардың барлық түрімен жабдықталды.
Орал қаласындағы облыстық клиникалық ауруханада жыл сайын 510-нан астам адамға мамандандырылған жоғары медициналық көмектің 45 түрі көрсетіледі. Сонымен қатар 56 жаңа операция түрі, емдеудің жаңа диагностикалары енгізілген.
Аурухана «брендтері»
– Адамды дұрыс емдеу – оның диагнозын дәл анықтаудан бастау алады. Бұл асқан шеберлікті, біліктілікті қажет етеді. Сол шеберлігінің арқасында аурухана «брендіне» айналған дәрігерлеріміз бар. Барлығы да пациент таңдауы болып үлгерген, – дейді аурухана басшысы Е.Тоқсанов.
Әрине 150 жыл деген аз уақыт емес. Өмір мен өлім арасындағы күресте әр сәт, әр мезет қымбат. Сондықтан өңірдегі ең байырғы медицина мекемесінің мерейтойы Орал қаласында ерекше құрметпен аталып өтті. Белгілі мүсінші Ерғали Бекешевтің қолынан шыққан «Лаулаймын өзгеге өмір сыйлап» композициясы ашылды.
Бүгінгі таңда облыстық клиникалық аурухана – кеңесші емханасы бар, шұғыл көмек көрсете алатын, облыстың барлық тұрғындарына қолжетімді, науқастарды дәрі-дәрмекпен тегін қамтамасыз ете алатын ең ірі ауруханалардың бірі. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек мен өңір басшылығының қолдауы арқасында аурухана ұжымы алда да биік нәтижелерге жете берері сөзсіз.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ