Қазақстан • 03 Қазан, 2017

Әділдіктің арашашысы

451 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Журналист деген қауымның шапа­ны жұқа, кейде тірлігі жұпы­ны болғанымен қоғамдағы жақсы­лық пен әттеген-айларды қозғау жағы­нан алдыңғы сапта тұратыны анық. 

Әділдіктің арашашысы

Өзге адамдар көреді, сонымен шек­теледі. Ал журналистің ой түк­пі­рінде әр көргеніне сұраулы жүз­бен қарайтын әдеті баяғыдан қалыптасқан. Әсіресе, мұндай іске құқық саласына қалам тартып жүрген азаматтар бірінші сергек­тік танытады. Өйткені олар әркез заңның төрт құбыласын түген­деп жүреді. Сол заңды бұра тарт­­қандарды, қасақана бұз­ған­дар­ды, адам құқығына нем­құрайды қарай­­тындарды, өз мүддесі деген­де өзгені көзге ілмейтіндерді сын тезіне алып, сараптама мақа­ла­ларында тайға таңба басқандай көрсетіп отырады. Басылым беделі кейде сондай тақырыптардың көтерілуімен биіктейтіні белгілі. Олар­дың еңбегі кейде қарағайдың  қарсы бұтағындай сезілуі мүм­кін. Өйткені заңды құрметтеу, адам құқығын қорғау – бұл үлкен қа­сиет. Білім білігімен, жан-жақ­ты сауаттылығымен, табандап тұрып тірескенде қарсыласын тізе бүктір­мей қоймайтын журналистер қа­тарын­да бас басылымның ба­йыр­ғы қызметкерлерінің бірі, алты белестің биігіне көтерілген Алек­сандр Тасболатов та бар.

Ол – өзінің еңбек жолын Батыс Қазақ­стан облыстық «Орал өңірі» газе­ті­нен бастап, республикалық бел­ді басылымдарда қызмет атқа­рып, қаламын шыңдаған аза­мат. Бір сөзбен айтқанда, ол жур­на­листиканың ауыр жүгін  қайыс­пай арқалап келе жатыр. Құқық тақырыбының мағынасы өте кең, оның түрі де көп. Және құқық­ты әр сала өзіне тән үлгімен қор­ғай­ды. Оның көбі билік атынан сөз айт­қанмен, кейде қызметіне нара­зы­лық келтіретіндер болады. Бірақ «Бидайдың барар жері диір­мен» дегендей, бәрінің тоқтар жері – сот. Кім де болса соттан әділ­дік күтеді. Өзге құқық қорғау меке­ме­лері бір төбе десек, соттың әділ­дігі соның бәрінің жұмысына бер­ген баға болып саналады. Александр Тасболатовтың еңбегін осы тұрғыдан алып қарасақ, көп нәр­сені аңғаруға болады. Оның үсті­не адам құқығын құқық қор­ғау­шылар ғана емес, барлық меке­ме мән беріп, барлық ұйымдар же­те қадағалап отыруы керек. Сон­да журналистер қауымының ең­бегі жеңілдері анық. Айталық, әріп­­тесі­міздің небір даулы сот про­­цес­теріне қатысып, көп кө­леңкелі жайлардың бетін аш­қа­нынан хабардармыз. Журна­листің мақалаларымен танысқан еліміздің тұрғындары бас басы­лымға жиі хабарласып жата­ды. Сол хабар­ласқан адам­дардың шағым­дарының дені жергілікті шенеу­ніктердің заңды аяққа таптауынан орын алады екен. Кейде дауласқан екі тараптың ісін алғаш қараған орган қызметкерлерінің салғырт­тығы­нан даудың ара-жігі мүлде өзгеріп кетіп жататын тұстары да болады. Соның салдарынан іс сотқа жеткенде оның ақ-қара­сы ашылмай, біраз жұрт әуре-сар­саң­ға түседі. Мұндай жағдайда жур­налистер амалсыз араласады. А.Тасболатов мұндай оқиғаның талайын бастан өткерген. Білек сыбанып алыспаса да, заң аясын­да арбасқан сәттері мақала емес, бір кітапқа жүк болары хақ. Әділ­дік жолы – оны бүгінгі алпыс дей­тін жастың  белесіне абыроймен  көтеріп отыр.

Көрнекті жазушы Шерхан Мұртаза «Арылу» деген кітабын­да жазған алғысөзінде Александр Тасболатовтың  шығарма­шы­лы­ғына қатысты жоғары баға берге­нін де айта кету керек. Иә ол журна­лис­тикамен қатар, көркем шығар­ма жазу­мен де танылған қалам­гер. «Арылу, «Шындық» өзге де публи­цис­тика­лық кітаптармен бірге, «Намыс» рома­ны бүгінгі күннің ақи­қатына арналған сүбелі дүние.

Бір сөзбен айтқанда, ақи­қат адамы санатындағы Александр Тасболатовтың қазақ журналис­тика­сына қосқан еңбегі әркез өзі­нің бағасын алып келе жатыр. Соның айғағы болар ол Прези­дент грантының иегері, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері, Журналистер одағы сый­лы­ғының лауреаты. Бұған қоса «Нұр Отан» партиясының, Жоғар­ғы сот­тың, Ұлттық қауіпсіз­дік ко­митеті­нің, Әділет, Ішкі істер ми­нистр­лік­тері­нің де марапат­тары­на ие бол­ғанын да айта кете­­лік. Құқық сала­сына қалам тер­бе­ген алдыңғы тол­қын ағалары­ның игілікті ісін жал­­ғастырған Тасболатов бүкіл сана­лы өмірін шын­­­дық­тың шырақ­шы­сы болуға ар­­нап келе жатыр. Алда да осы биік­тен көріне беретіні ақиқат.

Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»