Экономика • 03 Қазан, 2017

Мұнай-газ саласы: мүмкіндіктер мен міндеттер

5964 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын іске асыру: газ саласы және Қазақстанда мұнайды кеңінен өңдеу» тақырыбында баспасөз конференциясы өткен болатын.

Мұнай-газ саласы: мүмкіндіктер мен міндеттер

Оған Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев, Энергетика министрлігінің мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуаныш Құдайбергенов және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры Манас Тасыбаев қатысты. Конференцияда Президенттің Жолдауын іске асыру барысындағы газ саласы және мұнайды кеңінен өңдеу тақырыбы қозғалып, биылғы жылдың алғашқы 8 айы бойынша қорытынды жасалды.

Газ өндіру көлемі артады

Мұнай-газ саласының стратегиялық маңызын сақтап қалу - Елбасы Жолдауында белгіленген негізгі міндеттердің бірі. Ал бұл сала көрсеткіштерінің артуы экономика өсімінің дәлелі. Конференция барысында белгілі болғандай, биыл 85 млн тонна мұнай, 48 млрд текше метр газ, 29 млрд текше метр тауар газ өндіріп, 14 млн тоннадан астам мұнай өңдеу жоспарланған. Ал биылғы жылдың 8 айы бойынша бұл салада 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім байқалады. Мысалы, мұнай өндіру көлемі 56,9 млн тоннаны (112,2 %), газ 35,1 млрд текше метрді (118%), сұйытылған газ 1,9 млн тоннаны (114,4 %) құрап, 10,02 млн тонна мұнай қайта өңделген.

«Қазақстан бекітілген қорлар бойынша әлемде 22, ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейін 3-орында тұр. Елімізде газдың өндірілетін қорлары 3,9 трлн текше метр деңгейінде бекітілген», деген Энергетика вице-министрі жалпы қорлардың үштен бірі Қашағанға тиесілі екенін айтты.

Жалпы, газдың экологиялық сипаттамалары негізінде әлемде оны өндірудің өсімі байқалады. Ал Қазақстанда тәуелсіздік жылдары газ алу көлемі 5 есеге артып, 2016 жылы республика бойынша 46,4 млрд текше метрді құрады. Қуаныш Құдайбергеновтің айтуынша, оның 50 %-ы мемлекеттің ішкі және сыртқы қажеттіліктеріне жұмсалып, қалған газ кері айдалған. Енді мемлекет 2016 жылдан 2040 жылға дейін газ алу көлемін 4%-ға өсіруді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ Қашағанды дамыту шеңберінде газды кері айдау көлемін ұлғайту жобасы да министрлік тарапынан қолдау тапқан. Аталған жоба аясында газды кері айдайтын қосымша компрессор салу, қолданыстағы компрессорларды жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл  өнімділікті арттыруға, жаңа технологияларды қолдануға мүмкіндік береді.

«Газ өндіру көлемінің 49%-ы «Қарашығанақ», 31%-ы «Теңіз», 14%-ы «Қашаған» кен орны есебінен қамтамасыз етіледі. Газ алу орындары алыс орналасқандықтан, тасымалдау көлігі  қиындық тудырады. Осы ретте экологиялық қауіптің алдын алу үшін Энергетика министрлігі заңдық базаны нығайту жұмыстарын жасады. Жер қойнауын пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру үшін қанша газ алынып, өңделіп, пайдаланылатыны жазылған бағдарлама жасау міндеттелді», деді вице-министр. Оның айтуынша, Қожасай кен орнында газды кешенді қайта өңдеу қондырғысы салынуда. Енді аталған кен орнында тағы бір газ өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Сондай-ақ соңғы бірнеше жылда Жаңажол газ өңдеу зауытының 3-ші кезегі және Прорва кен орындар тобында газды кешенді даярлау қондырғысы салынып, пайдануға берілген. «Соңғы жылдары Ақтөбе облысында 3, Атырау облысында 2, Қызылорда облысында 2, Батыс Қазақстан облысында 1 газ өңдеу зауыты іске қосылған. Сонымен қатар қазіргі таңда магистральдық газ көлігі жүйесінің жалпы ұзындығы 18 мың шақырымды және таратқыш тораптың ұзындығы 50 мың шақырымды құрайды. 2016 жылдың мауысым айында Жаңажол газ өңдеу зауытының үшінші кезеңі іске қосылды. Жобаға 150 млрд теңге жұмсалды», деді Мағзұм Мырзағалиев.

Еліміздің экономикалық өсімін қамтамасыз ету мақсатында газ саласында да үдемелі технологиялық жаңғыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұнай-газ саласының стратегиялық маңызын сақтап қалу - Жолдаудың ең басты міндеттерінің бірі. Энергетика вице-министрі Елбасы жолдауына сәйкес оңтүстік өңірлерді газбен қамту үшін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры құрылысы жоспарланғанын айтты. «3 жыл бұрын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының желілік бөлігі пайдалануға енгізілді. 2013 жылдың қыркүйек айында «Бозой-Шымкент» аумағында магистральды газ құбырына отын жіберілді. 2015 жылы қарашада «Бейнеу-Бозой» бөлігі бітті. Бұл жоба Оңтүстік Қазақстандағы 577 елді мекенді газбен қамтуға көмектеседі. Жобаға 3,5 млрд доллар инвестиция тартылған», деді ол.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры Манас Тасыбаевтың  айтуынша, қазақстандықтардың газға қарызы жыл сайын жылу маусымында кедергі келтіреді. «Біз жыл сайын осы проблемамен бетпе-бет келеміз. Мысалы, өткен жылы жылыту маусымының соңында газға қарыздың мөлшері 21 млрд теңгені құрады. Бұл біздің компанияға салмақ түсіреді. Қазіргі таңда біз ол қарыздың мөлшерін 12 млрд теңгеге азайттық. Дегенмен бұл жағдай жылыту маусымы барысында біздің компанияға кедергі келтіреді. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан аталған мәселеге қатысты тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді ол. Манас Тасыбаевтың айтуынша, қарызы көп мекемелер қатарына отын-энергетикалық кешендер жатады.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бас директоры Байқоңырға газ жіберу мәселесіне тоқталды. «Өткен жылы компания 48 шақырым газ құбырын салды. Газды автоматты түрде бөлетін станса тұрғызылды. Жазда үкіметаралық комиссия отырысында газдандыру схемасы мақұлданған болатын», дей келе Манас Тасыбаев биыл әлеуметтік нысандарға газ жіберіле бастауы мүмкін екенін айтты.

Бір айта кетерлігі, Елбасы тапсырмасына сәйкес елді мекендерді газдандыру жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Бүгінгі таңда тұрғындардың 46%-ына, яғни, 8 млн-нан астам адамға, сонымен қатар 35 мыңнан астам кәсіпорынға газ беріліп жатыр. «Газ саласын дамыту бағдарламалық құжаттар негізінде жүзеге асырылуда. 2014 жылы республиканы 2030 жылға дейін газдандырудың бас схемасы бекітілген болатын. Бұл бағдарлама арқылы газбен қамтылған халық санын 12 млн-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ республика бойынша 1600 елді мекенге газ жіберіледі», деді ҚазТрансГаз Аймақ директоры. Оның айтуынша, елді мекендерді газдандыруға бюджет қаражатынан бөлек ұлттық оператор – ҚазТрансГаз бен мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктен қаражат тартылады. Ал 2006 жылдан бері газдандыру жұмыстарына 260 млрд теңге кеткен. Оның ішінде 112 млрд теңге республикалық бюджетке тиесілі болса, ҚазТрансГаз 150 млрд теңге жұмсаған. Соның нәтижесінде газбен қамтылған елді мекендердің саны 750-ден 1200-ге жетіпті.  «Елбасының тапсырмасына сәйкес республиканы газдандыру жұмыстары бойынша ҚазТрансГаз барлық жоспарлаған инвестициялық жобаларды жүзеге асырды. 2020 жылға дейін мемлекеттің 9 өңірінде 7 мың километрден астам газ құбыры бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Қазіргі таңда компания өз қаражатына 200 мың тұрғыны бар 30 елді мекенге газ жіберіп отыр. Биыл жергілікті және республикалық бюджет есебінен 50 елді мекенге газ беріледі», деді Манас Тасыбаев.

Газ химиясы саласында бірнеше жобалар атқарылуда

Біз күнделікті тұтынып жүрген ыдыс-аяқ, тұрмыстық техника, пластик терезе, ойыншықтар осы мұнай-газ химиясы өнімдеріне мысал бола алады. Дамыған елдерде мұнай-газ химиясы саласындағы бір доллар табыс экономикаға 2-3 доллар пайда әкеледі. Ал әр жаңа жұмыс орны экономикада 7 жаңа жұмыс орнын ашуға әсер етеді. Әлем сарапшылары 2030 жылы мұнай-газ химиясы өнімін тұтыну 2 трлн долларға жетеді деп болжап отыр. Сол себепті Энергетика министрлігі Қазақстанда да бұл саланы дамыту үшін бірқатар шараларды қолға алған.

«Самұрық Қазына» АҚ-ның еншілес компаниясы саналатын «Берлескен химия компаниясы» ЖШС газ химиясы жобасы бойынша Атырау облысында екі ірі жобаларды қолға алды. Біріншісі – газ пропиленін өндіру. Бұл жобаға 2,6 млрд доллар жұмсалмақ», дейді Энергетика министрлігінің мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуаныш Құдайбергенов. Оның айтуынша, екінші жоба негізінде полиэтилен өндірісі қолға алынады. «Мемлекет басшысының 2017 жылдың басындағы Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары қорытындысы бойынша осы жобаны бірлесіп іске асыру туралы Borealis компаниясымен келісімге келдік. Жоба құны 6,5 млрд долларды құрайды», деді ол.

Мұнай өңдеу зауыттарында жөндеу жұмыстары азаяды

2016 жылы әлеуметтік-экономикалық жағынан маңызды саналатын Болашақ кеңею жобасы бойынша жұмыстар басталған. Жобаны іске асыру арқасында теңізде өндірілетін мұнай көлемі жылына 38-39 млн тоннаға жетіп, 12 млн тоннаға өсетін болады. Алдағы 3-5 жылда жалпы құны 38 млрд долларды құрайтын жобаның кем дегенде 32 %-ы қазақстандық тауарларға көрсетілетін қызметтерге жұмсалатын болады.

Қазіргі таңда Қазақстанда 3 мұнай өңдеу зауыты бар. Олар - 1945 жылы іске қосылған Атырау МӨЗ, 1978 жылы ашылған Павлодар МӨЗ, 1985 жылдан бері жұмыс істеп тұрған Шымкент МӨЗ. 2015-2019 жылдарға арналған индустрияландыру картасы аясында аталған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. «Жаңғырту жұмыстары сәтті жүзеге асырылса К4, К5 санатты моторлы жанармай өндірісі артады. АИ-92 маркалы бензин өндірісі 2,2 есе, АИ-95, 98 9,6 есе, дизельді жанармай 30 есеге өседі деп болжануда. Сонымен қатар АИ-80 өндірісі тоқтатылады», деді Энергетика министрлігінің мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуаныш Құдайбергенов. Оның айтуынша, Атырау МӨЗ шығаратын өнім халықаралық талаптарға сай болу үшін бірқатар жұмыстар атқарылған. «Аталған зауытты жаңғырту жұмыстары 2 негізгі кешеннен тұрады. Біріншісі – көмірсутек өндірісі кешені. Оны жүзеге асыру барысында 2 негізгі технологиялық қондырғы қосылады. Жоғары белсенді бензин өндірісін арттыруға мүмкіндік туады. Аталған технологиялардың жанармай және мұнай химиясы кешені үшін пайдасы көп. Қазіргі таңда жоғары белсенді бензин өндірісі жылына 260 мыңнан 600 мың тоннаға жетті.  Сонымен қатар мұнай химиясының басты шикізаты саналатын бензол өндірімі жолға қойылып, 2006 жылдан бастап Ресей федерациясына экспорт қолға алынды. Екіншісі – мұнайды терең өңдеу кешені», дей келе департамент басшысы мазут өндірісі екі есе қысқаратынын айтты.

Қуаныш Құдайбергеновтің айтуынша, Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жұмыстарының бірінші сатысы биылғы жылдың маусым айында аяқталған. Жоғары белсенді бензин өндірісі 1,7 есе өскен. Ал екінші сатысы 2018 жылдың қыркүйек айында бітеді деп жоспарланып отыр. Жоспар бойынша жылдық мұнай өңдеу көлемі 6 млн тоннаға жетіп, жоғары белсенді бензин өндірісі 2 есеге, дизельді отын 1,3 есеге, авиаотын 1,6 есегеартпақ.

«Павлодар МӨЗ-да да жаңғырту жұмыстары атқарылуда. Биыл қараша айында жаңа технологиялық қондырғылар іске қосылады. Нәтижесінде жоғары белсенді бензин өндірісі 1,4 есеге артып, жылына 260 мың тонна авиоотын өндірілмек. Сонымен қатар барлық өнім К4, К5 экологиялық санаттарына сай болады», дей келе Қуаныш Құдайбергенов зауыттардағы жөндеу жұмыстарын жүргізу аралығы қысқаратынын айтты. Мысалы, қазір жөндеу жұмыстары жыл сайын жүргізілсе, аталған жоба жүзеге асса 3 жыл сайын ғана жүзеге асырылатын болады. 2016 жылы басталған жоба 2018 жылы аяқталады деп жоспарлануда.

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»