Отырыста биылғы жылдың 9 айындағы инфляция деңгейі және оны ағымдағы жылдың соңына дейін ұстап тұру шаралары туралы мәселе қаралған болатын. Министрдің мәлімдеуінше, жыл басынан бері республикада инфляциялық үдерістер баяулаған. Биыл қыркүйек айында инфляция 3 пайыз, ал жалпы жылдың басынан бері 4,2 пайызды құрады. Баяулаудың негізгі факторлары валюталық нарықтағы жағдайдың тұрақтануы, нарықтың бірқалыпты инфляциялық болжамдары, сондай-ақ азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша өнімдер шығарудың өсуі болып отыр. Министрдің айтуынша, азық-түлік тауарларының бағалары соңғы үш ай қатарынан төмендеуде. Оған қоса, бағалар мен ақылы қызмет көрсетулерге тарифтер бірқалыпты қарқынмен өсуде.
Тәуекелдердің орнын толтыру үшін Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына және қызмет көрсетулерге бағалар мен тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қолданды.
Осыған байланысты өңірлердің әкімдеріне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге Өңірлік тұрақтандыру қорларында негізгі азық-түлік тауаларының жеткілікті қорын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ, күн сайын бағаларға мониторинг жасау және нарықта қажетті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жетіспеушілігі мен ысырап болуына жол бермеу үшін тұрақтандыру қорларының ресурстарын тиімді пайдалану керек.
Энергетика министрлігіне өңірлердің әкімдерімен бірге жылу беру маусымында жанар-жағармай материалдарына бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу үшін сәйкес жұмыс жүргізу қажет.
Жоғарыда аталған алдын алу шараларын ескергенде 2017 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 6,9-7,5 пайыз ауқымында болады деп күтілуде, бұл жоспарланған деңгейге сәйкес келеді.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»