Кантри музыкасының концертіне жиналған халыққа Мандалай-Бэй қонақүйінің 32-қабатынан қала төңірегінің тұрғыны, 64 жастағы Стивен Паддок автоматты винтовкамен оқ атып, 59 адамды жер жастандырып, 527 адамды жаралады. Бұл қантөгіс АҚШ-тағы ең қанқұйлы қылмыс деп тіркелді.
Көңіл көтеріп, ән-музыка тыңдаймыз деп жиналған бейбіт халық қанды ойранға тап болды. Егер басқа бір елде осындай қантөгіс болса тұрмыста мұқтаждық көріп, ашынған адамның қылығы шығар деп болжар едік. Бірақ әлемдегі ең бай елдің есі дұрыс, зейнетақы алатын адамын мұқтаждықтан, өмірден түңіліп, осындай қылмысқа барды деп айта алмайсың.
Бүгінге дейін белгілі болған жағдайға қарағанда, Стивен Паддок бухгалтер болып қызмет істеген адам көрінеді. Шешесімен екеуінің жалға беріп, ақша табатын пәтерлері де болған. Одан басқа Паддоктың жеңіл моторлы ұшақты қолдануға лицензиясы бар екені және ұшатын екі аппараты барлығы да анықталған. Әзірге полиция әкесінің қауіпті қылмыскер болып, 1969 жылы іздеуде болғаны туралы дерек тауып, Паддоктың қылығы осы іспен байланысты емес пе екен деген сұрақты өздеріне қойып отыр. Бұл күмәнді күдік, өйткені әкесінің кегін 40 жылдан кейін зейнетке шыққан соң есі дұрыс адам қайтарамын деп ойламайтын шығар...
Қонақүйдің өзі қонған нөміріне Паддоктың 23 автоматты винтовканы қалай алып кіргені де жұрттың бәрін таңғалдыруда. Осынша қаруды енгізгеніне қарағанда, қанішер халықты қыруға әбден дайындалған сияқты. Кейбір куәгерлердің айтуынша, ол винтовканың 30-40 магазинін босатып, 1 мыңға жуық оқ атқан. Естері шығып, қайда қашарларын білмей ұйлыққан 20 мың көрерменді аямай қырған.
Қаланың барлық полициясы қанішерді құрықтауға тартылып, осы жердегі казиноның жанынан жедел штаб құрылған. Әуежайдың жұмысына дейін уақытша тежеліп, ұшулар тоқтатылған... Барлық 1,5 миллиондық қала бойынша төтенше жағдай жарияланған. Қонақүйдің жанына дабылымен безілдетіп, полиция машиналары келгенде Паддок оларға да оқ жаудырған. Қонақүй нөмірінің есігін бұзып кірген полиция қызметкерлері қанішердің өзін-өзі атып өлтіргенін көрген.
Қанішердің тұратын үйін тексеру барысында 20-ға жуық ататын қарулар, бірнеше мың патрон және жарылғыш заттар табылған. Паддок әскерге де бармаған адам екен, қару-жарақ жинаумен де бұрын айналысып көрмегенін жақындары мен көршілері айтып берген.
Тып-тыныш, бейбіт кәсіптің иесі осындай қанқұмарлыққа қалай барғандығының жұмбағын әзірге ешкім таба алмай, дүдәмал болып отыр. Бірақ үйінен бір электронды құрылғылар табылған, оның сыры әлі ашылған жоқ.
Барлық жамандықты, қантөгісті мойнына алғысы келіп тұратын «Ислам мемлекетінің» (Қазақстанда тыйым салынған) жиһадшылар тобы бұл терактының жауапкершілігін мойнына алғанымен, оған сену қиын. ФІБ (ФБР) Паддоктың ешқандай халықаралық террористік ұйымдармен байланысы анықталған жоқ, деп мәлімдеді.
Ал Стивен Паддок ақыл-есі дұрыс емес адам секілді деген болжамға сүйенушілер көп. Әзірге осы болжам басым болып тұр. Әрине бәрі де анықталып, қылмыскердің осынша адамды қыруына не себеп болғаны ашылар. Бірақ қыршынынан қиылған қаншама жастың өмірін қалпына келтіре алмайсың.
Қазақ мұндай жамандықты «Мал құлағы саңырау» деп ауызға алмайтын. Бірақ қазір ешкімнен ештеңені жасыруға болмайды, тек сақтық шаралары тереңдетіліп, қару-жарақ ұстайтындарды шектеу ғана адамдарымыздың тыныш өмірін сақтауға мүмкіндік беретінін ешқашан естен шығармағанымыз абзал.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»