Біздің елімізде қарама-қайшы топырақтық, климаттық жағдайларында отандық сорттармен белгілі бір аймақты жеткілікті өніммен айтарлықтай ауқымда қамтамасыз ететініне күмән жоқ. Өйткені ерекше бейімді генотиптерді сорт өсірілетін немесе соларға барынша ұқсас жағдайларда іріктеуге болады. Осынау ұсынысты ортаға салып отырған ғалым А. Жученконың кеңесімен де келісуге болады. Осыған орай нақты цифрға жүгінейік. Тек қана 2005-2016 жылдары Қазақстанның селекционер ғалымдары ауылшаруашылық, жеміс-жидек, техникалық, көкөніс-бақша, тағы да басқа дақылдардың 664 сорты мен буданын шығарып, мемлекеттік сортты анықтау мен сынау сараптамасына жіберді. Ауылшаруашылық дақылдарының сорттарын шығарып қана қоймай, сонымен бірге оларды өндіріске енгізу де өте маңызды. Сол себепті барлық шығарылған сорттар мемлекеттік сынау жүйесінде үш жыл бойы сынақтан өтеді және үздік, бәсекеге қабілетті, жарамды сорттар ғана өндіріске пайдалануға жіберіледі. Әрбір шығарылған жаңа сорт – ғалымдардың көптеген жылдар бойы маңдай терімен атқарылған үлкен еңбегінің жемісі болып табылады. Сорт жасап шығару үшін біріншіден, селекцияның дұрыс бағытын таңдап алу керек. Мінсіз сорт моделін анықтау қажет. Яғни селекциялық процесс дегеніміз – жан-жақты бағалау негізінде сорттарды шығару мен жақсарту бойынша үнемі әрекет ететін селекциялық конвейер.
Қазіргі уақытта селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесіне Қазақстанда пайдалануға жіберілген 1700-ден астам сорт енгізілген. Осы бағытта отандық селекция сорттарының үлесі күздік бидайдан 72 пайызды, жаздық арпадан 64 пайызды, жаздық бидайдан 53 пайызды құрайды. Жеке дақылдар бойынша отандық сорттардың үлесі 90 пайыздан астам болып отыр. Мәселен, құмай-судан буданының, мақтаның, сүрлемдік құмайдың, жоңышқаның және т.б. барлық дерлік сорттары отандық болып табылады. Жеке дақылдар бойынша (күздік бидай, жаздық арпа, сұлы, сүрлемдік құмай, құмай-судан буданы) ҚазЕжӨШҒЗИ сорттары мен будандарының шығарылуы бұрынғы жылдармен салыстырғанда барған сайын басым жағдайда болып келе жатқандығы бізді қуантып әрі өз кәсібімізге деген ынта-ықыласымызды арттыра түсті. Ауылшаруашылық дақылдарының сорттары мен будандарына рұқсат беру әрбір аймақ үшін нақты топырақтық-климаттық жағдайларына бейімделген. Сыннан өткен жоғары өнімді және жоғары сапалы сорттардың себу материалы мен тұқымын әкелуге, көбейтуге және сатуға құқық береді.
Статистикалық мәліметтер бойынша айтар болсақ, 2004-2014 жылдары дәнді дақылдардың жалпы егістігі ауылшаруашылық дақылдарының егістік көлемінің 80 пайызынан астамын алған. Бірақ соңғы жылдары дақылдарды әртараптандыру бағдарламасына сәйкес, дәнді дақылдар егістіктерінің көлемі 65-70 пайызға қысқартылған. Елімізде жылына 13,5-20,1 миллион тонна астық өндіріледі. Бұл көрсеткіш Ресей мен Украинадан аз ғана төмен. 2010-2016 жылдары дәнді дақылдардың отандық сорттарының жалпы егістік алқабы 43 пайызға артқан. Ал 1990-1994 жылдары дәнді дақылдардың жалпы егістік көлемінен отандық сорттардың үлесі 9 пайызды ғана құраған. Осыған қарай айта кететін бір жайт, дәнді дақылдар алқаптарының астық өндірісін әртараптандыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыру нәтижесінде дәнді дақылдар егістіктерінің көлемі 1990-1994 жылдары 22333,0 мың гектарға, ал 2010-2016 жылдары 16052,9 мың гектарға азайтылған. Картоп бойынша 1990-1994 жылдары отандық сорттар алқаптарының көлемі 7,8 мың гектарды немесе 3,1 пайызды алып жатты, ал 2010-2015 жылдары 87,8 мың гектарға, яғни 47 пайызға жеткен. 2010-2011 жылдары картоптың жалпы өнімі 2,8 миллион тоннаны құраған. Майлы дақылдар бойынша соңғы 10 жылда отандық сорттардың көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 15,1 есе артқан. Демек 2001-2004 жылдары 44,9 мың гектарға, ал 2010-2016 жылдары 678,9 мың гектарға көбейген. 2010-2011 жылдары майлы дақылдардың орташа жалпы түсімі 959 тоннаны құрады. Сол сияқты мақтаның отандық сорттары 2008 жылдан бастап, 2000 жылы егістіктердің 90 пайызын алып жатқан өзбекстандық сорттарды ығыстырды. Бүгінгі таңда мақтаның отандық сорттарын енгізу деңгейі, басқа ауылшаруашылық дақылдарымен салыстырғанда едәуір жоғары – 82 пайызды құрап отыр.
Алайда барлық ауылшаруашылық дақылдарының орташа өнімділігі соңғы кездері республика бойынша әлемдік көрсеткіштермен салыстырғанда өте төмен деңгейде екенін айтпасқа болмайды. Мұның себептері еліміздің құрғақ климатымен, сонымен қатар ауылшаруашылық дақылдарының егістік алқаптарының 90 пайызы тәуекелді егіншілік аймағына орналасқандығына байланысты. Тағам өндіруге пайдаланылатын ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін арттыру, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуші негізгі буын болып қала береді.
Түрлі ауылшаруашылық дақылдарының шетелдік сорттары алғаш өсірген жылдары мол өнім береді. Одан кейін олардың бейімсіздігі мен абиотикалық және биотикалық күйзеліс факторларына тұрақсыздығы салдарынан өсу процессі әлсіреп, жиі өліп қалады. Әсіресе, олар басқа табиғи-климаттық қолайсыз жағдайларда шығарылған болса, осындай ахуалға ұшырайды. Сонымен қатар бұл сорттар фотокезеңдік сезімталдығы бойынша да ерекшеленеді. Ол өнімділіктің құрылымдық элементтерімен өзара қатынас орнатады. Егер шетелдік сорттар өз отанында ерте пісетін болып саналса, ал біздің жағдайларда кеш піседі. Одан басқа, өсірудің екінші және үшінші жылында олар әйгілі фитопатогендермен қатты зақымдалады және генотип бастапқы түріне мүлде ұқсамай қалады. Сондықтан да олар тұқым шаруашылығымен айналысудан шеттетіліп, қажетсіздік жағдайда қалады.
Қазір ғалымдар «сорт жасау кезінде гендік инженерия, биотехнология және молекулярлық биологияның заманауи әдістерін қолданбайды» деген әңгімелер көп айтылуда. Бүгінгі таңда бірнеше ірі корпорациялар – биотехнологиялық гиганттар, яғни ГМО-сорттарын (DuPont, Pioneer, Байер, Monsanto, Syngenta және т.б.) шығарушылар бар. Олар өздерінің сорттары мен будандары әлемдік аштық мәселесін шешіп, үлкен азық-түлік қауіпсіздігіне алып келеді деп тұжырымдайды. Өндіріске ұсынылған шетелдік сорттар мен будандардың көбі генетикалық модификацияланған өнімдерге жатады. Әлемдік нарықта экологиялық өнімдер генетикалық модификацияланғандарға қарағанда жоғары бағаланады. Сондықтан да Қазақстан сапалы экологиялық таза өнім ұсынушы имиджін сақтағаны жөн.
Отандық селекциялық ғылымның ұсынып отырған жаңа сорттары мен будандары әлемдік деңгейге барынша жақындатылған, бірақ аграрлық өндірісте тиісті қолданылмай жүр. Оған себеп, инновациялық механизмдердің балансының болмауы, инновацияға деген тауар өндірушілердің консерватизмі, материалдық-техникалық базаның және тұқым шаруашылығы жүйесінің әлсіздігі. Жаңа сорттар мен будандарды коммерцияландыру саласында да инновациялық инфрақұрылым дамымаған. Бұл отандық селекциялық жетістіктер мен тұқымның бәсекелестік артықшылықтарын төмендетеді. Сондықтан да тұқым өндірісін арттырып қана қоймай, олардың дайындығын заманауи технологиялық деңгейге көшіру керек. Тағы бір өзекті мәселе – кәсіби селекционерлерді дайындау.
Қазақстанда селекциялық ғылым саласында бірегей әзірлемелер бар. Шығарылған отандық сорттар мен будандардың әлеуеті өте жоғары. Тек соларды өндірісте алға жылжыту қажет.
Серік КЕНЕНБАЕВ,
Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор