Қазақстан • 04 Қазан, 2017

«Өзі Іленің арғы жағына өткенде белбеуінің бір ұшы өзеннің бергі жағында жатады-мыс»

1150 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар», деген еді. Сондай аты аңызға айналған, Қазақ елінің біртуар перзенті – композитор, ақын Дәурен сал Құдабайұлының туғанына 200 жыл толып отыр.

«Өзі Іленің арғы жағына өткенде белбеуінің бір ұшы өзеннің бергі жағында жатады-мыс»

...Консерваторияның 4-ші курсында, Еуропа, орыс музы­касын түгендеп, қазақ музыкасына да әйтеуір жеттік-ау. Дәріс оқитын – өнертану бойынша республикадағы жалғыз ғылым док­торы, Академияның корреспондент-мүшесі, атақты Борис Ер­закович. «Қазақ музыкасы екі дәстүрмен дамыды: Батыс Қазақ­станда күй өнері, Сарыарқа жері әнмен әйгілі...». Лек­ция біткеннен соң профессордан Жетісу музыкасы туралы сұра­дым. Жетісуда музыка жоқ деп ашық айтпағанмен, соған келті­ріп «Бұл аймаққа ақындық өнері дарыған ғой» деп сипалап қана өтті.

Кешкі шай үстінде «Жетісуда музыка жоқ екен» демесім бар ма! Селк ете түскен әкем кеседегі шайын төгіп ала жаздап, маған әбден ашуланды «Мынадай ақымақ сөз айтқан сені де композитор болар деп үміттенеміз, а?! Пышан, Шүкітай, Иса былай тұрсын, ең болмаса Дәурен салды қалай ғана білмейсің? Кеше ғана дүниеден өткен Кенен атаң қайда қалды?» Шынында да, құлпырған, жер жаннаты атанған Жетісуда музыка болған жоқ деу барып тұрған әбестік екенін кейін ұқтым. Бұл – қырық жыл бұрынғы әңгіме, бірақ Жетісу музыкасы әлі де өнертану ғылымы үшін бейтаныс, белгісіз дүние болып келеді.

ТАРИХИ АНЫҚТАМА. Қазақ жеріндегі ХVI-XVIII ғасыр­­­дағы саяси-қоғамдық хал-ахуал ән салуға мүмкіндік бер­­ме­ді. 300 жылға созылған қазақ-қалмақ соғысы бүкіл қазақ дала­­сын сал-серіден ажыратып, толайым қатын-балаға дейін атқа мін­гізіп, жауынгер-шерікке айналдырды. Ән – көңіл күйі жай­­­дары кезде туып, көбінесе жақсылықта өрбитін үрдіс. Жеті-сегіз буын ұрпақ көзін ашқаннан бастап жұмғанға дейінгі бар өмі­­­рін соғыспен өткізген кезде, «неге ән шығармадың» деген сауал тас­тау да ретсіз-ау. Музыканы ақын сарыны, жыр мақамы ре­тін­­­де ғана пайдаланған. ХVI ғасырдағы Шалкиіз жыраудан ба­с­­тап, ХVIІ ғасырдағы Жиембет жырау, Қожаберген Толы­бай­­­­ұлы, ХVIІІ ғасырда ғұмыр кешкен Ақтамберді, Бұқар жы­рау, бәрі де өлеңдерін жеке сарынмен айтқаны белгілі. Бұл дәс­­­түр ке­йін Сүйінбай, Майкөт, Жамбыл шығармашылығында жалғасқан.

Сол ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама заманынан мұң мен зар­ға толы бірнеше ән бүгінге жеткен. Олардың ішін­дегі ең әй­гілісі «Елім-ай» әні. Бұл әнді ХІХ ғасырда дами бас­таған Жеті­су әншілік өнерінің негізі деуге болады. Әуеннің тетра­хор­­лық желісі, гексатоника мақамы және т.б. Жетісу әніне тән музы­ка эле­менттерін осы әннен толық көреміз. Сол кездерде, бәлкім, «Қарағым-ай», «Әй-әй, бөпем» әндері де шыққан болуы керек.

Қазақ-қалмақ соғысы тарихқа біржола еніп, орыс отарлауы жетпеген Жетісу өңірі үшін ХІХ ғасырдың бірінші жартысы ең бейқұт заман болды. Қой саудасы Орталық Азия көпестері арқылы Қытай, Иранға жетіп жатты. Ірі қара малдан ет, сүт, май өндіріп базарларға шығарып сата бастады. ХІХ ғасырда Жетісу қазақтары егіншілікпен де шұғылданды. Осындай саяси-әлеуметтік жағдайда Жетісуға ән қайтадан оралып, композиторлық мектебі қалыптасады. Бұл мектептің бастауы, негізін қалаушы Дәурен сал Құдабайұлы.

Дәурен Құдабайұлы шапырашты тайпасының асыл руынан. Үлкен-Кіші Алматы өзендері арасындағы ауылда туған. Әйгілі Қазыбек бек Тауасарұлының немересі, ортаншы баласы Құдабайдың жалғызы. 1817 жылы «қой қоздаған кезде» Тұрпанның ұлы Тайбағар туады, ал «ағаш жапырағы сарғайған кезде» Құдабайдың ұлы Дәурен дүниеге келеді.

Дәурен көзі танадай, қыр мұрынды сұлу, бойы биік сымбатты жігіт болып өскен. Оның үстіне Тәңірім берген асып-тасып жатқан көл-көсір дарын бар. Құрбысы, досы Сүйінбай Аронұлы сияқты, аты елге ерте тарап, 25 жасқа толғанда сал атағына ие болған. Күнделікті тұрмысқа мән бермей, отызға келмей жатып Дәурен сал атын Алатаудан Балқашқа дейін, Шымбастан Күнгеске дейін аңызға айналдырған. «Өзі Іленің арғы жағына өткенде белбеуінің бір ұшы өзеннің бергі жағында жатады-мыс» деген сөз Дәурен сал туралы айтылған.

Дәурен сал әнін қобыз сүйемелдеуімен айтатын болған. ХІХ ға­сыр соңына қарай әншілік домбыра сүйемелдеуіне көш­кен, ал қобыз жеке орындаушылыққа шыққан. Себебі қо­быз ас­пабын жасау қиын, меңгеру де қиын. Жетісу музыка­сына тән элементтер Дәурен салдың қобызшылық дәстүрін жал­ғас­тырған Түктібай, Ауғанбай, Досмайыл, Қалдыбек шығар­машы­лығының да негізі болып келеді. Сондықтан да Дәурен салды Жетісу музыка мектебінің бастауы деп санаймыз.

Дәурен салдың жүзден астам әнінен бүгінге отыз екісі жетті. Композитор әндері бірнеше топқа бөлінеді. Жастық шаққа тән лирикадан басталған шығармашылығы кейін терең философиялық өрнекке ұласады.

Бұл топтаманы ғашықтық лирикасы деп атаймыз.

Алғашқы үлгілерінің бірі «Екі-ай, бек» әні. Ойнақы, жеңіл ән, әуез үнінен жастық шақ демі, қуаныш сезімі шашырап тұр. Бозбала жігіт апалы-сіңлілі Қатипа, Жамал атты көрші қыздарға қырындағанын жеткізеді:

Қатипа, Жамал қызы едің Әудем шалдың,

Сендерге арнап жасымнан әуен салдым,

Айтып-айтпай немене бұл өлеңді,

Күні өтіп барады Дәурен салдың.

Екі-ай, бек,

Қатипа, Жамал – қаракөк,

Сағындым сәулем келер деп.

Осы әнге ұқсас «Күләйша-ау, ләйлім» әні. Дәурен мен ботбай елі бидас руының қызы Күләйша бір-бірін ұнатады. Той-думанда кездесіп, бірге ән салған, көңіл-күйі хош жастарды жеңгелері, құрбы-достары құптап, жағдайларын жасап жүреді. Бірақ қыздың әкесі, асып-тасыған бай, біліп қалып, құрық орнына қобыз арқалаған, шаруаға қырсыз жігітке қызын бергісі келмейді. 30 жылдай өте Дәурен сал Күләйшамен кездесіп қалады. Даңқы шарықтап тұрған, сұлу келіншектер ғашық болып жүрген Дәурен сал ескі махаббатын көріп, біраз абыржып қалған: үлбіреген үкідей нәзік, талшыбықтай Күләйшаның орнында егделенген толық әйел тұр. Тек қана күлімсіреген көзі өзгермеген. Осы тұста «Замандас» әні шығарылған. Алғашқы әндегі шапшыған ғашықтық от та, көтеріңкі көңіл де жоқ, байсалды, баяу әуен.

Шоқысынан Талғардың күн шалғаным,

Ұшқан құстан қайрылып ілік алғаным,

Замандас, талдай шашыңыз, қаламқас.

Ауылыңның сыртынан өткенімде,

Осы ән болсын, Күләйша-ау, кіл салғаның,

Замандас, талдай шашыңыз, қаламқас.

Дәурен Қапал жақтағы туысқандарын аралап жүріп Ақбө­пе­­мен танысады. Жиырма бес жастағы Ақбөпе күйеуінен үш мүшел­­дей кіші екен. Дәуренге бір көргеннен ғашық болып қал­ған. Жан-жақтан Ақбөпе туралы қызық ақпарат жиып алған Дәу­­рен сал жеңіл әзілге толы «Көз салма, Бөпем, әркімге» әнін шығарады.

Бөпе жан, аманбысың, көде мүсін,

Сөзіме менің айтқан төземісің,

Қолымды біражола берсем саған,

Көзіңді маған ғана сүземісің?

Көз салма, Бөпем, әркімге!

Ғашықтық әннің көпшілігі композитордың өмірлік махаббаты Нұрқаға (Нұрлығайша) арналған. Жалайыр елі, күшік руының қызы Нұрқа бейнесі өле-өлгенше әншінің жадынан шықпаған. Нағыз өрлеп тұрған шақта Нұрқа қызбен көңілі ұласып, бір-бірін сүйеді. «Итжоннан соққан самал жел айдай» салдың сүйіктісімен қауышып жүргенде шығарылған әні. Таза лирика, пәк сезім, созылған-сызылған әсем әуен.

Тұман шалған көңілім қоңыр қырқа,

Көтерілсін сор қабақ әнге шырқа,

Мені ойлап жүрсің бе, жолға қарап,

Қасы-көзі қиылған қайран Нұрқа.

Итжоннан соққан самал жел айдай,

Сағындым, сәулем, өзіңді ойлай.

Бірақ қыз басқа біреумен атастырылып қойған, қалың малы төленіп, жаз шыға ұзату тойы да болуы тиісті. «Аппақ екен-ау, тамағың», «Сені ойласам, құриды әл-дірмәнім» әндерінде ақын тығырықтан шығу жолдарын іздейді. Ғашықтар қашуға бел буған. Наурыз айы, сең жүріп, Іле тасып жатқан кез. Суға қыз да, екі ат та кетеді. Жағаға шыққан Дәуренді күшіктер ұстап алып қамап, өлтіруге ұйғарады. Қамауда жатқан сал сол шамада «Сары бидай» әнімен жұртына, туыстарына сәлем айтқан. Бұл туынды Дәурен салдың лирикадан терең философияға бет алғанының басы болды.

Сағындым, сарғайдым да қаудай болып, Елімде жүруші едім таудай болып. Күшіктің бір қызына ғашық болып,

Маталып жатқан жайым жаудай болып.

Сары бидай, сағындым-ай,

Туған ел, сағынбастай не қылдым-ай! Жанитын бойда қа­ру-қуа­тым­ды, Сағындым Шапырашты-Дулатымды,

Кү­шік­т­ер қа­ді­рімді қайдан білсін, Мендей жан жүз жылда бір туатын-ды.

Күшіктер Дәуренді өлтірмек болып, қыздарының үзілген өміріне бұрын-соңды естімеген төлем сұрайды. Суыт хабар естіген Жетісу төбе биі Тайбағар Тұрпанұлы жалайыр ақсақалдарынан кешірім сұрап, 300 байтал айдап беріп, немере бауырының өмірін сақтап қалған. Бірақ бұл оқиға салдың бүкіл кейінгі өміріне ұмытылмас дақ салды. Өмірден бойдақ өтуіне де себеп болды. Дәурен сал қартайған шақта да «Шемен шал айдай-ау», «Мәжігөл» сияқты әндерінде өткен ғұмырын талдап отырып, ең жарық бейне ретінде Нұрқаны еске алған.

Дәурен салдың бірқатар әні жігіттерге арналған. Осы қатардағы ең әйгілі туындыларын алайық. «Сыпыра бойдақ» құрбы-құрдастарға айтылған әзіл.

Күрті бойы қыстауым, аулым тауда,

Жаман жігіт жүреді өнбес дауда.

Қара басым есенде қам жемеймін,

Күнде жиын, күнде той денім сауда.

Сыпыра бойдақ сылқылдақ,

Әнге салдым былқылдап,

Жүре алмадым елді ойлап.

«Ахаужар». Достарымен бірге ойын-күлкіге батып, дүние жарық, көкжиек көгілдір болып жүрген шақ.

Шын достар ауысқанын санамайды,

Жігітке жеңілтектік жарамайды.

Әредік сән салмасам, ән салмасам,

Бойыма ішкен асым тарамайды.

«Абзал-ай» кербез, керім, сері жігітті суреттейді, үзеңгілес інілеріне айтылған нақыл сөз. «Ахау қарақ» және «Жігіттің нар жолдасы» батырлық, шабандоз әні. «Керімсал-ай» Ажар деген айтыскер ақын қызға арналған. Бұл шығармада Дәурен сөзін сұлу қызға емес, досына, дарынды әріптесі ретінде айтады. Бұл әндердің кейіпкері бір – ол Дәурен салдың өзі.

«Сары Жазық, біздің жайлау-ай» туған жерге деген ыстық сезімге толы, жазғы күн, көк жайлауды аңсаған ой-толғау. «Әгәй» әнін тыңдаған кезде көз алдыңа өз-өзінен кең дала, теңіздей толқыған көде, иісі мұрныңды жарып бара жатқан жусан келе қалады. «Алматы, туған жерім» шығармасында Іле Алатауының Талғар, Алматы, Найзағара шыңдары суреттелген. Бүгінгі күнгі ономастикамен айналысатындарға ежелгі жер атаулары туралы тікелей нұсқау деуге тұрарлық.

Басында Алматының Найзақара,

Көңілім сол сияқты биік дара.

Көңілге аспандаған қарағайсың,

Қалқатай, жүрегіме салмай жара

Алматы, туған жерім аспан сайбақ!

Ерекше айтуға тұратын ән «Серуен дүние». Қазыбек ауылы басқаларға қарағанда қыздарын еркіндеу ұстаған, ән салып, күй шерткендеріне тосқауыл қоймаған. Қарындастарын қолпаштап, қолдап, еркелететіннің бірі Дәурен екен. Бір сапарында, Қаратау өңірін аралап жүріп, шымыр еліне ұзатылған, өзі ерекше жақсы көретін қарындасы Тұңғиықтың үйіне түседі. Тіпті қарындасын танымай да қалады: ән салып, түрлі ертекті мәнерлеп айтып беретін, күлкісі жиылмайтын, жайдары мінезден ештеңе қалмаған. Салдың «Серуен дүние» шығармасы өз басында ешқандай билігі жоқ әйел тағдыры туралы ойға шомып, Тұңғиық сияқты басқа да қыз-келіншектердің өміріне деген ренішті білдіреді.

Тентекті ұрғаннан да сөккен жақсы,

Киюге шыт шапаннан шекпен жақсы.

Жейтіғұн бүрсікүні май құйқадан,

Тістеген, уақтысымен өкпең жақсы.

Ақ шыны аяқ,

Кәрден аяқ,

Жел сөзді не қылайын сізден аяп!

«Сұрмерген» әні композитордың даңқы шарықтап тұрған шағында шыққан. Дәурен сал қазақ-қырғыз бірге жайлайтын Көкайрақ жайлауына бір тойға барады. Ол кезде 62 жаста еді, сәнінен де, көркінен де айрылмаған. Сол тойға әкесі әйгілі Исақ-Дулан батыр, нағашысы Төре­гел­ді батыр, 17 жастағы Қырмызы ақын келеді. Ақын­дар жинал­ған жерде той айтыссыз өтуші ме еді? Жиналған жұрт қазақ-қырғыз айтысы деп қызыға тың­дауға отырады. Бұрыннан Дәуренге сыртынан ғашық болып жүрген жас қыз айтыс кезінде сезімін көпшілікке айқын етеді. Бір жағынан таң қалған, екінші жағынан риза болған Дәурен сал Қырмызыға арналған «Сұрмерген» әнін осы тұрғыда шығарған. Екі-үш күн той тойлап, көңілі, әні жарасқан қос ақын үйленбек болады. Қырғыздар мұндай өрескелдікке қорланып, қызын бермек тұрмақ, атақты қазақ салын соққыға жыққан. Бұл оқиға жүз жыл өте Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романында ақындар Раймалы аға мен Бегімай туралы аңыз болып берілген.

Үш Алматы бойында қызыл қайың,

Тағат таппай жүргенім сенің жайың, Сұрмерген.

Бір күн көрмей қалғаным жыл тәулігі,

Дидарласып тұрсаңшы сағат сайын, Сұрмерген.

Қызыл қайың сай сайын,

Су ағады сай сайын.

Сен сағынсаң ай сайын,

Сағындым, сәулем, күн сайын.

Соққыға жығылғанына намыстанып, мысы құрып, денесіндегі жара жазыла қоймай Дәурен сал екі ай бойы ауылынан шықпай жатып алады. «Жығылғанға – жұдырық» деп, тірегі, ақылшы бауыры Тайбағар мырза кенеттен қайтыс болады. Сүйінбай, Дәурен сал, Тайбағар үшеуі құрбы-құрдас, дос болатын. Сүйінбайдың қатаң мінезінен сескенген жұрт суық хабарды қалай жеткізерін білмей, Дәурен салға айтқызады. Дәурен Тайбағардан бес-алты ай кіші, Тайбағарды «көке» дейді екен. Сүйінбай ауылына барып сол заматта шығарған «Көкем» деген әнін салады:

Тайбағар дүние салды көргендей боп,

Жүруші ек қыз тоқыған жөргемдей боп,

Егіздің сыңарындай ессіз қалдым

Жартасқа жалғыз біткен бүргендей боп,

Оу, Көкем, Көкем-ау...

Қалмады-ау елде жарам жігіт-жаран,

Көк түсті көкем өліп, күнім қараң.

Кеттің бе жалғыз тастап, көп ұзамай

Жер қойнына мен де барам.

Оу, Көкем, Көкем-ау...

Қырғыздан көрген қорлық, Тайбағардың өлімі Дәуренді төбеден басқандай болып бір сәтте жігіттен шалға айнал­дырды. Ел аралап, сәнденіп, серуендеу жөніне қалды. Өмірден түңі­ліп кеткен Дәурен салдың шығармашы­лығы­ның мазмұны да толайым өзгерді, лирика мен жігіт­тік әнінен ажырап, бір­жола терең философияға көшті. Дәурен сал Тайбағар қаза­сына байланысты шығарған «Көкем», «Жалғыз қалдым» шығар­маларынан бастап, ақырына дейін осы бағыттан таймады. «Заман-ай» – қоғам өмірі мен жеке тұлға өміріндегі арпалыс, екеуінің де түбінде өтпелі кезең болары туралы ойға толы. Елу-алпыс жыл өткенде, 37-ші жыл сүреңінде, кеңес герман соғысы кезінде жоқтау орнына айтылған қаралы, қайғылы ән.

Замана алтын қайық күйме өтеді,

Бұл дүниеде зарланып күй не етеді?

Жүргенде өлместей боп арпалысып,

Басыңыздан бір күні дүние өтеді,

Қарақ-ай! Өтіп заман-ау барады-ай.   

Осы қатардағы деп өткен заман, өткен өмір қайталан­бай­тыны туралы баяндайтын «Дүние-ай», естелік, ой-толғауға толы «Дүние – кер бұландай» әндерін айтамыз. «Угәй-ай» артқа қалдырған мұра және Дәуреннің өзінің жеке басының тұлға ретінде қалдыратын мұрасы туралы. Бүгінде көпшілік бұл әнді жақсы біледі, білгенде вальс екпінімен, эстрадаланған жеңіл түрде біледі, Жамбыл атамның әні деп ойлайды. Шынында, олай емес.

Нұрғиса Тілендиев әкейдің соңғы жылдары көздеген бір-ақ мақсаты болды: қатты науқастанып жүрген ол, қайтқаннан соң «Жамбыл Музейі» ауылына жерленуді тіледі. 1996 жыл­дың көктемінде «Отырар сазы» оркестрі Жамбылдың 150 жыл­дығына арналған концерт берді. Сонда «Угәй-ай» алғаш рет орын­далды. Ертесіне әкейге: «Жамбыл атамның бұл әнсіз де өзіне жетер даңқы бар емес пе?, әлде бұл Дәурен сал­дың әні еке­нін білмеуші ме едіңіз?» дедім. «Әрине, білемін. Мен Жә­кең­нің жанына барып жатып алайын, содан соң қалай айта­рын өзің білесің ғой» деп бір көзін қысып қойды... «Угәй-ай» – вальс та емес, жүгіріп-секіріп жүріп айтатын эстрада әні де емес. Ком­позитордың өткен өміріне көз жүгірте отырып, сара­­лап-сара­птап, күйзеліп, қиналып шығарған дүниесі. Жан айқайы:

Алатаудың басында қар қалады,

Жал-құйрығы артында бар қалады.

Жалғыз болсаң артыңда нең қалады?

Екеу болсаң артыңда жар қалады.

Угәй-угәй, ай-угәй.

«Өтеді-ау, дүние» Дәурен сал шығармашылығының биік шоқтығы. Лирика мен философияға толы әуеннің иірілімі, ырғағы ерекше.

Алатауды Жібек жол кесіп өтер,

Арсыз кісі дүниеден есіп өтер.

Қайғылының көңілі қара тұман,

Мұңлық дүние, шіркін-ай, десіп өтер.

Ей, жалған,

Ақау жалған,

Өтеді-ау дүние,

Өтеді-ау дүние!

Жетісу композиторлық мектебі бүгінгі күні өнертану ғылымының назарынан мүлдем тыс қалған. Дәурен сал Құдабайұлы дәстүрін жалғастырған әнші-композиторлар Бейсебай Қаратаев, Пышан Жәлмендеұлы, Шүкітай Әбдікерімов, Иса Тергеусізұлы, Тәбия Қаражанова, Омарқұл Итаяқов, Сәдіқожа Мошанұлы, Қапез Байғабылұлы сияқты өнер иелері бергенінен берері көп шамада, қайғы-қасіретке ұшыраған, трагедиялық жағдайда өмірі үзілген. Олардың шығармалары «халық әні» делініп, басқа авторлар атынан айтылып, бұзылып, бүлініп, бізге үзім-үзім жеткен. Соңғы жылдары, қандастарымыз ата-баба жеріне қайта оралғанда сол әндердің бір шамасын ала келді. Бірақ олардың айтуында түстікте жатқан халықтар мәдениетінің лебі естіледі. Соның бәрін жіктеп, талдап, өз орнына қою – алда шешетін мәселе. Жетісу музыка мектебінің көрнекті өкілі Кенен Әзірбайұлы. Кенен атаның ұзақ ғұмыр кешкенінің арқасында оның өз әндері де, Кенен ата айтып жүрген бауырлары-әріптестерінің әндері де бүгінге бұзылмай, сол қалпында жетті. Қалқа Жапсарбайұлы туындылары да осы қатарда.

1889 жылдың көктемінде Дәурен сал о дүниелік болды. Қапаланған, қайғырған Жамбылдың төрт шумақ өлеңіне бүкіл Дәурен сал әлемі кіргендей:

О дүние, жаны тынды шемен шалдың,

Пұшпағын иемденбей тірі малдың.

Артында өлмейтұғын ат қалдырған

Арманы бар ма екен Дәурен салдың.

Күнкөріс еткен мәңгі сәмбі талды,

О дүние, Дәурен салдың сәні қалды.

Белбеуі шұбатылған қайран сері

Артында мыңға бермес әні қалды.

Дүниеден талай Дәурен өтер әлі,

Серінің дауысы да жетер әлі,

Артында шикі ішек қалмаса да

Он әні он мың жылға жетер әлі...

 

Балнұр ҚЫДЫРБЕК,

композитор,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Соңғы жаңалықтар