Қазақстан • 04 Қазан, 2017

20 мың ғылым докторы тұратын шаһар

273 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұл асыға күткен сапар еді. Былтыр «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанған соң жылдық ғылыми жоспарға сәйкес, Жапонияның ірі қалаларының бірі Цукуба қаласындағы университетте тағылымдамадан өтуіміз жос-парланды. Осы сапарда жапон елінің білімі мен ғылымы туралы көптеген тағылымды ой түйдік. 

 

20 мың ғылым докторы тұратын шаһар

Әлбетте, Қазақстан мен Жа­пония арасындағы ынтымақ­тас­­тықтың жаңа сатыға көтері­луіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесі үл­кен. Бүгінде екі­ елдің сау­да-экономикалық қа­ты­нас­тары еселеп арта түсті. Қа­­зақ­стан Жапония нарығына ферроқорытпа, болат, титан, сирек металдар экспорттаса, бұл ел­ бізге автокөліктер мен оның бөл­шектерін, электр жабдықтары мен тұрмыстық техникаларды импорттап келеді. Жапонияның халықаралық ынтымақтастық банкі Қазақстанда несие беру арқылы бірқатар жобаларды жү­зеге асыра бастады. Оның ішін­де темір жол көлігінің тасымал қуатын арттыруға, Ертіс өзе­нінде көпір салуға, Астанадағы ха­лықаралық әуежайды қайта жөндеуге, Батыс Қазақстанда кө­лік жолдары жүйесін дамытуға, Аты­раудағы мұнай өңдеу зауытын күрделі жөндеуден өткізуге арналған жобалар бар. Бұл жұ­мыстың бірқатары жүзеге асырылды.
Біз 9 адамнан тұратын қазақ­стандық оқытушылар құрамы Оң­түстік Корея арқылы ұшып, діт­теген жерімізге түнделетіп жет­тік. Цукуба – Ибараки пре­фек­турасының оңтүстігінде ор­­на­ласқан академиялық қала екен. Әлемге көз тартар көне ғиба­датханалары, ғарыштық технологиялары мен роботтық техникалары шоғырланған туристік орталық ретінде танымал. Шаһарда 220 мыңнан астам адам тұрса, соның 20 мыңы ғылым докторы болып шықты. Яғни, әр 10 адамның бірі Ph.D докторы атанған. Цукуба уни­­верситетінің өзі Токио педа­гогикалық университетінің базасында 1973 жылы құрылған. Уни­верситеттің 300-ден астам ғылыми-зерттеу институты бар. Мұнда Нобель сыйлығының 3 лауреаты (1 химик, 2 физик) еңбек еткен. Университет кампусы Жапонияда 2-орын алады.

Алғашқы күні педагогикалық шеберлікті жетілдіру инсти­ту­ты­ның директоры Такео Еси­да тағылымдаманың бағыт-бағ­дарын айқындады. Сондай-ақ Теруюки Фудзита, Ходака Фудзи, Та­каси Хисоре сынды профессор­лар дәріс оқып, жапон елінің бі­лім беру жүйесі туралы жан-жақ­ты мәлімет беріп, жоғары бі­лім берудің мазмұны мен ұйым­дастыру ерекшеліктеріне тоқ­талды. Біз­ге университет профессоры, Ph.D докторы Қуа­ныш Тас­тан­бекова ілеспе аударма ар­қы­лы дәрістердің мазмұнын жан-жақты талдауға мүмкіндік сыйлады. Ол Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тіл­дері университетінің тү­легі екен. Он жыл бұрын Цу­ку­ба университетіне педа­гоги­ка мамандығы бойынша­ докто­рантураға түсіп, үз­дік­ бі­тірген соң кафедраға оқы­­тушылық қызметке қал­дырылыпты. Қуа­ныш «Қазақ­станда мұғалім ма­мандығын даярлаудың тарихы мен тәжірибесі» та­қырыбын зерттеген. Үш тіл­ді (қазақ, орыс, жапон) жетік мең­герген қандасымыз бү­гінде университеттің белді профессорларының бірі. Жапо­ниядағы қазақстандық сту­дент­­терге үнемі қамқорлық көр­сетіп жүреді. Оның ғылы­ми жетекшілігімен бірнеше магистр­лық жұмыстар қорғал­ған екен.
Дәрістерден кейінгі симпо­зи­ум­да профессорлар мен тың­­даушылар өз ойларын ортаға салды. Жоғары білім бе­­ру жүйесінің жетістіктері мен жетілдіруді қа­жет ететін мә­­селелерге назар аударды. Тео­риялық бөлімнен кейін университет кітапханасын аралап, кітап қорымен және элек­­­тронды қызмет көрсету жүйе­сімен таныстық. Өте жо­ғары деңгейдегі элек­тронды қыз­мет көрсету мен әлемдік әдебиеттер жинақталған және білім беру сапасын арттыру ұстанымын жүзеге асыруға ден қойған жапон кітапханасынан М.Әуезовтің «Абай жолын», Р.Сыздықованың «Қазақ тілі» оқулығын және Л.Н.Гумилевтің ғылыми жинақтарын көрдік.

Сонымен қатар бастауыш­ және орта білім беру жүйесімен танысу мақсатында профес­сор Наохиро Хигучи Янагибаси атын­дағы бастауыш мектебінде және Ятабе атындағы орта мектебінде бірнеше сынып­тардағы сабақтарға қатысып, мұғалімдердің педаго­гикалық әдістемелеріне куә бол­­дық, мектеп директорлары­мен дөң­гелек үстел басын­да пі­кір ал­мастық. Әр сынып­та 30-40 оқу­шыға арнайы тәжі­рибелі мұ­ғалім және жас ассисент мұғалім сабақ беретіні, ер мұға­лімдердің басымдығы 50-60 пайызға жететіндігі ерекше әсер қалдырды.

Қала келбеті мен тұрғында­рының қарапайымдығы, еңбек­қорлығы һәм кішіпейілдігі, бі­лім беру жүйесінің тұрақты дамуы мен ғылыми жұмыстарға басым­дық беретіні, жоғары мектепте маман даярлауда сапаға көңіл бөлетіндіктері үлгі боларлықтай екен. Мұнда оқушылар мен сту­денттерді тең қарайды, әсіре мақтау, марапаттау немесе жазалау сияқты үрдістер жоқ. Мектеп директоры 3 жылда бір ауысып тұрады және әр мұғалім мектеп директоры қызметін атқаруға міндетті. Мұғалімдердің бір-біріне дауыс көтеруіне жол берілмейді. Оқушылар құрамы жаңа оқу жылы басталғанда жаңадан құрылып, сынып же­текшісі де өзгеріп отырады. Мек­теп ішінде денсаулығында ақа­уы бар оқушыларға арналған арнайы сыныптар бар. Олардың барлық баламен бірге оқитын сабақтары да қарастырылған, яғни оқушы­ларды бөлмеу, кемсітпеу жағы да ойластырылған. Та­ғам­ мектеп асханасында даяр­лан­­ға­нымен әр оқушы өзі отыр­­ған партада тамақтанады. Оқу­шылар тамақтанған орындарын өздері тазалайды. Сыныпты да тап-тұйнақтай етіп жинап қояды. Сыныптың алдындағы кептіргіште әр оқушының еден жуатын шүберектері жаюлы тұр. 1-6 сынып оқушыларының білімі үшбұрыш, дөңгелек фигуралармен бағаланады. Оқу­лықтарында мәтіннен сурет басым болып келеді. Оқушылар осы оқулықтарға қарап отырып жазба жұмыстары мен басқа тапсырмаларды да орындайды. 

Мектепке кіргенде Қазақ­станның көк байрағы мен «Қош ­келдіңіздер!» деген қазақ тілін­дегі жазуды көріп, ілтипат-ізет­теріне риза болдық. Тәуелсіз елі­мізге деген құрмет сезілді. Сабақ өтіп жатқан сыныптарға бас ­сұққанымызда оқушылардың еш­қайсысы елеңдеген жоқ. Са­бақтарын әрі қарай оқып отыра беруі жапон халқының өзіне тән мінезі мен жасандылықтан ада екенін байқатты. Жалпы, жапон балалары ашық, бауырмал, ешкімді жатсынбайды. Дәлізде алыс елден келген қонақтарды жүгіріп келіп құ­шақтаулары, жамырай амандасулары жүрегімізді жылытты. 
Сапар аясында Токиода болып, Асакуса будда ғибадат­ханасы мен Акихабара электронды қаласын, Одайба жасанды аралын және Усикудағы Үлкен будда мен Цукуба та­уындағы синтоистік ғиба­даттарды көріп, жапон жұрты­ның болмысын тағы бір тани түскендей болдық. Озық экономикасымен де, дәстүрге берік­тігімен де таңғалдырып отыр­ған елде отанды сүю, әлем аза­­матын тәрбиелеу, өзін өзі да­­мыту және адамгершілік қа­сиеттер қалыптастыру, баланы бақытты өмір сүруге үйрету, саламатты өмір салтын сақтау және өмір бойы білім алуға көмек көрсету мәселесі жақсы жолға қойылғанын аңдадық.

Сәуле ТАПАНОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 
профессоры, филология ғылымдарының докторы