Қазақстан • 04 Қазан, 2017

Сенім телефонына 2 миллион қоңырау соғылған

838 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Ұлттық сенім телефонының (жедел қызмет-111) қызметі мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Оған Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева мен БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный, PRI Халық­аралық түрме реформасының Орталық Азиядағы өңірлік директоры Азамат Шәмілов пен еліміздегі бала құқығы мәселесіне байланысты салалардың жетекшілері қатысты.

Сенім телефонына 2 миллион қоңырау соғылған

Брифинг барысында З.Балиева  Қазақ­станда Бала құқықтары жөніндегі Уәкіл институты құрылғаннан бері балалар мен жастардың құқықтарын қорғау сала­сын­да көптеген игі істер атқарылып, бірқатар әлеу­меттік маңызды жобалар іске асырыл­ғанын атап өтті.

«Соның бірі – Бала құқықтары жөніндегі уәкіл жанынан ашылған Қазақстан балалары мен жастарына арналған ұлттық сенім телефоны болатын. Бүгінгі жиында мұндай сенім телефоны тек балалар мен жастарға ғана емес, қазіргі қоғам өкілдерінің барлығына қажет екенін жеткізгіміз келеді. Біз бұл пікірімізді келіп түскен қоңыраулар көрсеткішінің нәтижесіне сәйкес айтып отырмыз», – деді З.Балиева.

Қазақстанда Сенім телефоны өткен жылдың қараша айынан бері қызмет атқара бастаған болатын. Бүгінгі күнге дейін жедел желіге 2 миллионға жуық қоңырау шалынған. Соның ішінде биылғы 8 айда 1 млн 376 мың қоңырау қабылданған болса, оның аясында
5 мың бала мен жастар өкілдеріне жедел көмек көрсетілген. Атап айтқанда, 1 737 өтініш бо­йынша психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіліпті.

Тұтастай алғанда, сенім телефоны арқылы өтініш білдіргендердің басым бөлігі кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер. Мамандар ұсынған деректерге сүйенсек, жедел желі іске қосылғалы 103 суицид жағдайының жолы кесіліп, балаларға қатыгездік жасаудың 42 оқиғасына тоқтау салынған. Сонымен бірге, ересектер тарапынан сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 7 балаға психологиялық қолдау көрсетілген.

Жалпы, тәулік бойы қызмет көрсететін «111» телефоны арқылы ақпараттық кеңес, психологиялық және заңгерлік көмек алумен қатар, бала құқықтарының бұзылу фактілері туралы да шұғыл хабарлауға болады.

Тағы бір айта кетерлік жайт, «111» шұғыл қыз­метінің жетекшісі әрі ұйымдастыру­шысы Ысқақ Құлатайдың мәлімдеуінше, бас­тапқыда балаларды қандай да бір қауіп-қатерден қорғай отырып, оларға телефон арқылы қол ұшын созып, көмектесуге бағытталған бұл желіге хабарласушылардың басым бөлігі ересектер қауымы болғандықтан, консультациялық қызмет ауқымын мейлінше кеңейтуге тура келген. Сол себепті, желі­де жауап беретін мамандардың саны көбей­тіліп, сапасын барынша жақсарту мәселесі қарастырылып жатыр.

 

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»