Қазақстан • 04 Қазан, 2017

«Қазақ күнтізбесі – 2018» жарыққа шықты

711 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бәлкім, ол соңғы да болуы мүмкін. Өйткені «Қазақстан» баспа үйі» ЖШС-нің осынау рухани өміріміздің бір құндылығына айналған басылымды одан әрі шығаруға қаржылық мүмкіндігі шектеліп отыр.   

 

«Қазақ күнтізбесі – 2018» жарыққа шықты

Елімізде күнтізбе шығару кешегі кеңестік дәуірде пайда болып, ол саяси бағдар ұстан­ды. Оны республиканың саяси-әдебиеттер баспасы – «Қа­зақстан» шығарды. Онда КСРО мен рес­п­убликамыздың өмі­ріндегі саяси-қо­ғамдық оқи­ғалардың, партиялық-сая­­си қайраткерлердің, атақты ға­лым­дар, өнер, шаруашылық адам­­дар­ының мүшелді күндеріне орай мағ­лұматтар берілді. Қазақ тілінде ал­ғаш пайда болған сол жыртпа па­рақ­шалы күнтізбе де еліміздің өмі­ріндегі айтулы оқиғаларды насихат­тау­ға өзінше үлес қосты.

Экономикалық қиындықтар кезін­де шығуын тоқтатқан «Қа­зақ күнтіз­бе­сі» араға біраз жыл салып, 2000-шы жыл­дар­дың ортасында қайта жарық көрді. Оған белгілі баспасөз қайраткері, «Қазақстан» баспасының директоры Нұр­махан Оразбек тікелей бастамашы болды. Қаржылық қиындыққа қара­май, әріптес жур­на­листердің қол­дауы­мен жыртпа парақшалы «Қа­зақ күнтізбесін» шы­ға­руды жүзе­ге асырды. Ең қиыны – оны басып шы­­ғару ол кезде тек Ресейде ға­на атқарылатын. Бұл қосымша қи­ын­­­дықтан құтылу үшін Нұр­махан аға­мыз оны кітапша форматында шыға­ру­ды қолға алды. Бұл күнтізбенің маз­мұнын байыта түсті. «Бабалардан жет­­кен сөз», «Қазақтың мақал-мә­тел­де­рі», «Қазақтың салт-дәс­түр­лері», «Балаларға ба­зар­лық» айдарлары ұлт­тық құн­дылықтарымыздың жар­шы­­сына айналды. Ең бастысы өзінің бе­делімен де, тіл табысушылық қа­білетімен де Нұрмахан аға­мыз күн­­тізбені шығаруды мем­лекеттік қар­жы­ландыруға да қол жеткізген еді. 

Сол қазақ баспасөзінің үлкен қай­рат­кері, белгілі публицист өмірден өт­кеніне де екі жыл болды. Оның ісін жалғастырған жанашыр қауым, баспа үйі «Қазақ күнтізбесінің» екі кітап­шасын (2017-2018 жылдар) шы­ғарып үлгерді. Одан әріге бас­па үйінің мұршасы жоқ. Үкімет та­ра­пынан қаржылай қолдау бол­ма­ған­дықтан осынау қажетті-ақ басылым шығарылымы тоқ­татылмақ.

Енді келесі жылға арналған күнтіз­бенің өзіне тоқталсақ, мұнда еліміздің тарихына, халқымыздың рухани өмі­ріне арналған біршама мағ­лұ­­­­маттар берілген. Осы жыл­да халқымыздың талай қай­раткерлерінің, өнер адам­да­рының, ғалымдардың ме­рейлі күн­дері атап өтіледі. Кі­­тап­шадан оқыр­мандар соған орай айтарлықтай мағ­­лұ­мат­тар табады. Сонау Әнет ба­ба, Ақтайлақ би сияқты дала дана­ла­ры­ның, Шәкәрім, Мағ­­жандай ақын­дардың, Те­мір­бек Жүргеновтей мемле­кет қайраткерлерінің, Қа­ли­­бек Қуанышбаевтай өнер тар­­ландарының, академик Александр Бараевтай ғалым­да­ры­ның мерейтойлары жұрт­шылық назарын аударары сөзсіз. Оның ішінде, Ха­лық қаһарманы Қасым Қай­се­нов­тің, ғалым Түймебай Әшім­­баев­тың, композитор Құд­дыс Қо­жамияровтың, жазушы Тәкен Әлімқұловтың, тағы басқ­а­ларының жүзжылдықтары ерекше аталатыны анық. 
Жоғарыда айтқандай, хал­қымыз­дың ұлттық салт-дәс­түрлері, руха­ни мұралары, әлем­­дік өнегелі жаңа­лық­тар, адам­дардың күнделікті өмірдегі қа­жетіне септігін тигізетін ақыл-кеңестер жайындағы мате­риал­дарға да айтарлықтай орын берілген. 

Бүгінде күнтізбедей мерзімді ба­сы­­лымдардың таралуы да мәселе­ге айналған. Арнаулы дү­кендер бол­мағандықтан, көп­шіліктің көзіне түс­пей, қалта­рыста жатып та қалуы мүм­кін. Қажет ететін адамдар оны пошта мекемелерінен өздері барып сұрағаны да жөн. Сондай-ақ «Қазақстан баспа үйінен» (Алматы, Прокофьеф көшесі, 226/1) барып та алуларына болады.

 

Мамадияр ЖАҚЫП, 
Қазақстанның құрметті журналисі