Қазақстан • 04 Қазан, 2017

Ұландар бойындағы ұлттық рухты жани түспек

644 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе тәуелсіздік алған жылдардан бермен қарай көтеріліп келеді. 2006 жылы Ел­басы Н.Назарбаев Қазақстан хал­қы Ассамблеясының ХІІ сессия­сын­да: «Қазақ әліпбиін латынға кө­ші­ру жөніндегі мәселеге қайта оралу ке­рек. Бір кездері біз оны кейінге қал­дырған едік. Әйтсе де латын қар­пі коммуникациялық кеңістікте ба­сым­дық­қа ие және көптеген елдер, со­ның ішін­де посткеңестік елдердің ла­тын қар­піне көшуі кездейсоқтық емес. Ма­мандар жарты жылдың ішін­де мә­селені зерттеп, нақты ұсы­ныс­тар­мен шығуы тиіс. Әлбетте, біз бұл жер­де асығыстыққа бой алдырмай, оның артықшылықтары мен кем­ші­лік­­терін зерделеп алуымыз керек», де­г­ен еді. «Қазақстан-2050» страте­гия­­сында латын тіліне 2025 жылы то­лық көшетініміз туралы кесімді сөз айтылды.

 

Ұландар  бойындағы ұлттық рухты жани түспек

Мен өз тарапымнан, әрі ел қауіпсіздігі жолында жүрген әскери азамат ретінде баса айтарым, бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының кезекті маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды қадам деп білемін. Тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. 

Қазіргі заман – жазу заманы. Адам жазу арқылы білім алады, жазу арқылы бір-бірімен байланыс жасап, жүрген-тұрғанын, жасаған жұмыстарын да жазып оты­рады, яғни хаттама, түрлі қатынас-іс қа­ғаздары, компьютер, интернет, агент арқылы хабарласулар – бәрі де жазу арқылы жүзеге асады. 
Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға, оның ішінде әскери салаға қатысты ғылыми әдебиеттер – барлығы да латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. 

Латын әліпбиіндегі британдық ағыл­шын­дар өз тілдерінің Америка, Еуропа құр­лықтарында әр жерде әртүрлі айтылып кетпеуіне, немістер мен еврейлер жер-жер­ден келген өз қандастарының тілді бұз­бай дұрыс меңгеруіне, француздар өз тіліне ағылшын кірме сөздерінің көп еніп кетпеуіне алаңдаушылық біл­діріп, үнемі назарда ұстап, тілін дамы­ту шараларын жүргізіп, тіпті «тіл по­лициясын» да осы іске қосып отыр. Сон­дықтан біз де тілімізге бұрынғыдан да жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Еге­мен­діктің арқасында ғасырларға жүк болар жұмыстар әр салада атқарылып жатыр. Мен өзім басқа салаға ауыспай-ақ,  еліміздің ішкі тыныштығын қамтамасыз етуші Ұлттық ұлан – күштік құрылымы жайлы айтар болсам, осынау жылдар ішінде ұландықтар еліміздің қорғанысын бекем қорғар құрылымға айналды. Қазіргі таңда техникалық базасы, кадрлық сапасы ТМД елдерінде ең алдынғы орында. Мұның барлығы да Елбасы саясатының арқасында жүзеге асқан істердің бір парасы ғана.

Ал енді әскеріміз қазіргі таңда мемлекет­тік тілде сөйлеп келеді. Бұл қарқын жылдан-жылға артып отыр. Латын әліпбиіне көш­сек, ол өз әскеріміздің бойындағы ұлттық рух­ты жани түсетіні сөзсіз.

Қайрат АҚТАНОВ, 
Қазақстан Республикасы 
Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор

Алматы