«Саржайлау», «Құстар әні», «Өз елім!» сияқты өміршең әндерімен және «Әлқисса», «Ата толғау» сынды көркем күйлерімен қазақтың музыка тарихында қалған көрнекті күйші, композитордың шығармалары әлі талай ұрпақтың рухани олжасына айналары хақ. Қазақтың сайын сахарасын әнмен әлдилеп, күймен тербеткен ұлы дарынның атында елімізде жыл сайын түрлі фестивальдер мен конкурстар ұйымдастырылуда. Жуырда ұлы композитордың шығармалары Әулиеата аспанында әуелеп, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Байзақ ауданындағы әл-Фараби атындағы мәдениет үйінде облыстық мәдениет, архив және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен бесінші рет «Кел, еркем, Алатауыңа!» атты Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған әншілер мен күйшілердің республикалық байқауы өтті.
Аталған байқауға еліміздің әр түкпірінен 23 үміткер қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Бәйгеге қатысушылар сахна мәдениеті мен орындау шеберлігін ұштастырып, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал байқауға еліміздің Еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері Саят Медеуов, Мұхтарбай Рахманқұлов және белгілі күйші-сазгер Аман Малдыбаев қазылық жасап, үміткерлердің лайықты бағасын берді.
Нәтижесінде байқаудың бас жүлдесін жамбылдық Әсел Уашева жеңіп алса, бірінші орынды астаналық Батырхан Әбенов пен қызылордалық Аружан Қойшығара иеленді. Сонымен қатар, екінші орын астаналық Нұриддин Құдайбергенов пен шымкенттік Бек Нұриддинге бұйырса, алматылық Ұлжан Ағлақова, жамбылдық Дулат Жасұзақов және Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Еркебұлан Құрасбек үшінші орыннан көрінді. Ал байқаудың ынталандыру сыйлығына жамбылдық Рауан Жексенбі, алматылық Нұриддин Қырғызбаев, керекулік Жібек Айтбаева және Батыс Қазақстан облысынан келген Таңат Жексенбаев лайық деп танылды. Республикалық байқаудың барлық жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қомақты қаржылай сыйлықтар мен дипломдар тапсырылды.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы