Аймақтар • 04 Қазан, 2017

Ерте түскен қар

640 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы қыркүйектің қазанға ұласар шағы республиканың батыс тұрғындары үшін түсініксіздеу болып тұрғандай. Бұлай болатын себебі өткен айдың ішінде күннің қызуы 30 градусқа дейін көтеріліп, бейнебір суға шомылу науқаны қайта оралғандай сәт туды. 

 

Ерте түскен қар

Адамдар қала көшелерінде қысқа жең көйлекпен терлеп-тепшіп жүрді. Міне, бұл мейзамшуақ десті халық күнтізбесінен түсінігі бар көнекөз тұр­ғындар. Алайда арада бір күн өт­кенде ауа-райы күрт өзгеріп, күн сал­қындап сала берді.

Кешегі бір күндері Ақтөбе аума­ғында ауаның температурасы минус­ты көрсетіп, алғашқыда қыламықтап түскен қар көп ұзамай жапалақтап жауа бастады. Сол түнде Орал – Астана пойы­зында отырып, жол сапарға шыққан кезімізде мезгілінен ерте түскен қардың Ақтөбенің Батыс Қазақстан об­лысындағы Шыңғырлау жеріне дейін­гі аралығына жауғандығына куә болдық. Ақтөбе қаласында ақ ұлпа қар-жапырақтары әлі жап-жасыл тал-теректердің сабақтарына қонақтап калды. Қар жауған сәтте үп еткен жел жоқ, тымық болғаны да осындай әдемі де, тосын көріністің орын алуына себепші болған секілді. 

Жалпы қыркүйектің аяғында қар түсуі табиғаттың тосын құбылысы. Сондай-ақ осы кезде ауа-райының нөлден төмен салқындықты көрсетуі де сирек кездесетін жағдай. Осыған орай Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында биылғы жылыту маусымы әдеттегі мерзімнен екі апта ілгері жылжытылды. Бұл әлде интернет көздерін шарлап кеткендей 100 жылдың ішінде болып көрмеген алда келе жатқан қатал қыстың хабаршысы ма екен? Әйтсе де осымен қыс ерте түседі деп жорамал жасаудың да қисыны жоқ секілді. Өйткені синоптик мамандар алдағы күндері Ақтөбе аумағында ауа-райы күндіз қайтадан 16-18 градусқа дейін күрт жоғарылайтынын мәлімдеп отыр. 

 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе