«Барыс» хоккей клубы Құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында Нижнекамск қаласына барып, жергілікті «Нефтехимик» командасымен имек таяқ түйістірді. Бұл ойынның елордалық хоккейшілер үшін белгілі бір деңгейде маңызды болғаны рас еді. Неге десеңіз, қазіргі уақытта ресейлік клубты «Барыстың» бұрынғы бас бапкері Андрей Назаров жаттықтырып жүр.
Екі команда арасындағы текетірестің тағдырын «Барыстың» капитаны Найджел Доустың мергендігі шешті. Ол әуелі матчтың 9-минутында, одан кейін үшінші кезеңнің соңына таман (58-минут) қатарынан екі гол соғып, елорда клубының жеңісін қамтамасыз етті. Ал ойынның бітуіне санаулы секундтар қалғанда астаналық тағы бір легионер Линден Вей үшінші және соңғы шайбаны соқты.
Бұл кездесудегі есте қалған бір оқиға – «Барыс» қақпашысы Хенрик Карлссонның айдыннан аластатылуы болды. Екінші кезеңнің басында ол өзін ереже бұзғандығы үшін жазалаған төрешілермен дауласамын деп ойыннан мүлде қуылды. Карлссонды алмастырған жас қақпашы Сергей Кудрявцев сенімді ойынымен көзге түсіп, команданың жеңісіне өз үлесін қоса білді.
Осы жеңістен кейін «Барыс» ұпай санын 28-ге жеткізіп, Шығыс конференциясы бойынша бесінші орынға көтерілді. Елорда клубы ҚХЛ-дағы кезекті ойынын бүгін Минскіде жергілікті «Динамо» командасымен өткізеді.