Әлем • 04 Қазан, 2017

Гравитациялық толқынды ашқан ғалымдарға Нобель сыйлығы табысталды

1684 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

3 қазанда Райнер Вайсс, Барри Бариш және Кип Торн есімді ғалымдар LIGO детекторы арқылы гравитациялық толқындарды анықтағаны үшін Нобель сыйлығын иеленді. Ғылыми жаңалық 2015 жылы қыркүйек айында ашылған, алайда ғалымдар оны ресми түрде 2016 жылғы ақпанда хабарлады.

Гравитациялық толқынды ашқан ғалымдарға Нобель сыйлығы табысталды

Гравитациялық толқын дегеніміз не?

Бізді қоршаған кеңістік пен уақытты координаттар желісі деп қарастырсақ, гравитациялық толқын – желі арқылы тарап, оған қарсы әрекет етуші күш. Дәлірек түсіну үшін жер сілкінісімен салыстыруға болады. Өзіңізді қалада өмір сүресіз деп елестетіңіз. Онда үйлер, ағаштар және тағы басқа заттар бар. Оларды «маркерлер» деп атайық. Жақын аумақта ірі жер сілкінісі болған кезде дүмпулер қалаға дейін жетеді. Нәтижесінде қозғалыссыз тұрған «маркерлер» де қозғалады. Міне, осы қозғалыстар гравитациялық толқындар, ал «маркерлер» - кеңістік пен уақыт деп аталады.

Ғарышта екі қара құрдым соқтыққан кезде гравитация қатты күшпен күркірейді. Бірақ Жерге жеткенше ол жаңғырыққа айналады.  LIGO тіркеген толқындардың бірі 0.7 аттометрды құрады. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл атомнан да кішкентай.

Неге ғалымдар ұзақ уақыт бойы гравитациялық толқындарды тіркей алмады?

Бұл бағыттағы зерттеулер соғыс аяқталғаннан кейін басталды. Бастапқыда бұндай толқындарды тіркеуге қуаты жетпейтін құрылғылар қолданған. Уақыт өте келе лазерлі технологиялар қолданыла бастады. Осы технологиялардың дамуы арқасында қарсы әрекет етуші күштің, яғни гравитациялық толқынның,  геометриясын бақылау мүмкіндігі туды. Осыдан 30-40 жыл бұрын ғалымдар білімдерінің жоғары деңгейіне қарамастан қажетті техниканың көмегінсіз дұрыс нәтижеге қол жеткізе алмады.

Толқындардың табылуы физика ғылымына несімен маңызды?

Жүз жылдай бұрын Альберт Эйнштейн гравитациялық толқынның бар екендігін болжап кеткен еді. Бұл толқындар туралы ақпараттың болмауы ғылымның дамуын тежеді деуге болады. Ал енді заманауи физика теориясына жаңа белес бағынып, соңғы 100 жыл ішіндегі елеулі жаңалық ашылды.

Бұл жаңалықты ашуға мыңдаған адам қызмет етті. Ал сыйлық ең көрнекті азаматтарға табысталды. Вайсс пен Торн гравитациялық толқындарды 1970 жылдан бастап зерттеп келді. Ал Бариш жобаға 1994 жылы кірісіп, детекторлардың қуатын арттырудың жолын нұсқады.

Гравитациялық толқындарды тіркеудің тәжірибелік қажеттілігі бар. Технологиялардың дамуы арқылы гравитациялық астрономия тереңірек зерттелетін болады. Яғни, Ғаламшардағы жоғарыэнергиялық құбылыстар бақылауға алынып, ғылыми ашулар болады. Әзірге тек толқындарды тіркеуге қол жеткізіп, сапарымыздың басында тұрмыз.


Айгүл ШЕРНИЯЗ,

«Егемен Қазақстан»