Мемлекет басшысы нақтылап берген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында әзірленген заң жобасын Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов таныстырды. Осыған орай депутаттар бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына қатысты мәселелерді қызу талқылады. Ал Мәжіліс Төрағасы Н.Нығматулин болса, баяндамашыға қарата айтқан сөзінде бюджет қаржыларының тиімсіз игерілуіне қатысты нақты өлшем болу керектігін алға тартты.
«Әйтпесе, сіздер Бюджет кодексінде түсінік ретінде ұсынып отырған «нәтижелілік», «жауапкершілік», «перспективті» сияқты жалпылама сөздер ауқымды мемлекет қаржысын бөлу кезінде нақты дәлел бола алмайды. Өйткені олардың ешбірінің тәжірибелік, қолданбалық сипаты жоқ. Ал субъективті бағалаудың соңы жақсылыққа апармауы мүмкін. Егер қаржы бір мемлекеттік органнан басқа органға қайта бөлінсе, оның алдында не себептен тиімсіз орындалғанына және соңғы нәтиженің қалай болғанына жауап беруіміз керек. Осыдан кейін ғана жеке жауапкершілікке қадам жасай аламыз», деді ол.
Сондай-ақ Н.Нығматулин екінші оқылымға дейін «тиімсіз орындау» түсінігінің қаржыгерлерге де, қарапайым азаматқа да түсінікті нақты анықтамасын тұжырымдау қажеттігін қадап айтты. Ал талқылау барысында депутаттар тарапынан квазимемлекеттік секторға бөлінетін қаражаттар көлемінің Ұлттық экономика министрлігі деңгейінде ғана келісілетіндігі қатаң сынға алынды. Мәжіліс Төрағасының пікірінше, Президент бірнеше мәрте Үкіметке бақылауға алуға тапсырған мемлекеттік займ мәселелері тағы да министрлік деңгейіне түсіп отырған көрінеді. Онымен қоса ұсынылып отырған редакция Елбасының бюджетті бақылау жөніндегі нұсқауларымен сәйкес келмегендіктен бұл норманы Президент тапсырмасын есепке ала отырып, қайтадан тиянақтау қажет.
«Бізге нақты нәтиже керек. Ол тұрғын үйлер мен мектеп, бала-бақшалар және ауруханалар салу. Сонда ғана Елбасының бөлінген қаржылар экономиканы дамытуға, азаматтарды жұмыспен қамтуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмыс істеу керектігі жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырамыз», деді Н.Нығматулин.
Айта кетейік, заң жобасында бюджеттік бағдарламаларды іске асыруды оңайлату мен мемлекеттік органдардың дербестігін арттыру, есепке жазу әдісімен бюджеттеуді біртіндеп енгізу, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борышты реттеуді күшейту, ІТ-жобаларды, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін құру, дамыту үшін қажетті құжаттаманы дайындау рәсімдерін оңайлату бағыттары бойынша түзетулер қамтылып отыр. Сондықтан да Ұлттық экономика министрі таныстырған заң жобасы арқылы бірқатар негізгі бағыттар бойынша түзетулердің ішінде келісудің жекелеген кезеңдерін жою тетігі де бар.
«Ең алдымен дамуға арналған мақсатты трансферттердің нәтижелері туралы келісімді жою ұсынылып отыр. Себебі, бүгінгі таңда олар бюджеттік бағдарламаларды қайталауда. Соның нәтижесінде орталық және жергілікті деңгейдегі 1,5 мыңнан астам құжат қысқартылады деп болжануда. Ал орталық мемлекеттік органдардың әкімшілік шығындарын ортақ лимит арқылы жоспарлау тетігі бюджеттік өтініштерді дайындау мен ұсынылатын құжаттардың көлемін жеңілдетеді», деді Т.Сүлейменов.
Жиында мемлекет-жекеменшік әріптестігі (МЖӘ) жобаларын жоспарлау рәсімдерін оңайлату мақсатында барлық үдерісті 5-тен 3 кезеңге қысқарту ұсынылып отырғандығы да айтылды. Осы мақсатта МЖӘ жобаларының тұжырымдамалық кезеңдері мен келісім жобаларының сараптамасы жойылатындығы белгілі болды.
«Бұл МЖӘ жобаларын дайындау мерзімін 7 айдан 3 айға дейін қысқартуға мүмкіндік береді және жобадағы тағы бір жаңалығымыз «бағдарламалық МЖӘ» енгізу болып табылады. Нәтижесінде МЖӘ рәсімдері қысқа және бизнес үшін қолжетімді болады», деді министр.
Жалпы, заң жобасы ұсынылып отырған түзетулердің бюджеттік қаржының экономикаға жылдамырақ жеткізілуіне, игерілмеген сомаларды азайту мен МЖӘ жобаларының көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ мемлекеттік органдардың үлкен дербестігі жағдайындағы зор жауапкершілігіне ықпал ететіндігі ескеріліп, бірінші оқылымда бірауыздан мақұлданды.
Осы күнгі отырыс аясында «Ұстап беру туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы халық қалаулылары тарапынан қолдауға ие болды. Сонымен қатар Мәжіліс жаңа заң жобаларын жұмысқа алып, олар бойынша бейінді комитеттерге қорытынды әзірлеу мерзімдері белгіленді. Оның бірі – сақтандыру және сақтандыру қызметі мәселелері туралы болса, екіншісі – ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрес және оларды қайтаруды қамтамасыз ету туралы заң жобасы.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»